ҚЫБЫРАЙ БИ ЕСКЕРТКІШІ

0

Ата-бабалардың өшпес рухына тағзым ету, Құран бағыштау бүгінгі ұрпақтың абыройлы борышы. Соған сәйкес, Қордай ауданына қарасты, Бетқайнар ауылында, тарихи тұлға – ел билігіне адал қызмет еткен – Қыбырай би аллеясының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Аса сабырлы, кесіп бір-ақ сөйлейтін Қыбырай би Жайылмысұлын бүгінгі ұрпақ Қарлығаш би атанған Төле биді жастайынан дайындап, ел билігі тағына көтерген алып тарихи тұлға ретінде таниды. Аузы дуалы би, атақты шешен саналған Қыбырай бидің 15 жасар Төле Әлібекұлына «Үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің! Ауылыңның таңы бол, маңдайындағы бағы бол!» деп берген батасы тарихта хатталып қалған.

«Шәкіртіне қарап ұстазын таны» демекші, Төле бидің Ұлы жүздің биі болуы, төл тарихымыздың жарқын беттерінің бірі саналса, соның  әу басында Қыбырай бабаның тұрғанын көреміз.

Қазақ халқы қашанда өткенге салауат айтып болашаққа аманат жүгін қалдырған. Сондықтан да бабаларын ардақтап, ұлыларын ұлықтай білген.

Тағылымы мол шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амалбек Қозыбақұлы, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Мұхтарбай Өтелбаев, Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай, Қордай ауданының Құрметті азаматы Дүйсенхан Оңгелдиев, қоғам белсендісі Бейсен Сатышев, Шымкент қаласы, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласынан келген Қыбырай би бабаның ұрпақтары қатысты.

Шара барысында алғашқы сөз кезегі аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Есенгелдіұлына ұсынылды.

«Құрметті ағайын! Қадірлі қонақтар! Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихынан тағылым алатын елдің тамыры берік болады» деп атап өткеніндей, бүгінгі басқосуымыз – өткенге тағзым етіп, болашаққа берік қадам басудың жарқын көрінісі.

Былтыр Қордай топырағында ел бірлігі мен әділдіктің үлгісін көрсеткен Қыбырай бидің 435 жылдығы жер-жерде аталып өткені баршаңызға мәлім. Бұл мерейлі дата биыл да жалғасын тауып, бүгін Қыбырай би атындағы аллеяның салтанатты ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Игі іске қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс айтамыз. Бабалар жолын қастерлеп, елдігімізді еңселі, бірлігімізді берік ұстай берейік!»,-деді ол.

Келесі кезекте, іргелі елге айналып, қанатын кеңге жайған Қыбырай би ұрпақтары сахна төріне кезекпен көтеріліп, баба тарихынан сыр шертті.

Сонымен қатар, жерлесіміз актер, өнер қайраткері Қуанышбек Мамытқалиевтің «Қыбырай би» бабаға арнаған авторлық туындысы тыңдармандарды тәнті етті. Сахна төріне шыққан өнерпаздардың шырқаған әндеріне көрермен қауым айрықша ықылас танытып отырды.

Қыбырай би атындағы аллеяның ашылуына Қайрат Жолдасбаев, Жұмабек Есжиғанов, Мейрамбек Мақұлбаев, Нұрлан Чартыков, Қазақбай Қарақұлов сынды ел ағалары мұрындық болса, шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған Марат Кенжебаев, Тоқтар Мустафин, Еркінбек Құттықов, Ақан Сатыбеков, Жұлдызбек Бақаев, Елдос Мендекеев, Ержан Хамитхожаев, Ғабит Сейдекешов, Ғалым Әлімжанов сынды азаматтар.

Ашылу рәсімінен кейін, жергілікті мейрамханада қонақтар мен тұрғындарға  баба рухына арнап ұрпақтары атынан ас берілді.

Баба руыхна тағзым ертесі күні Қаракемер ауылында жалғасын тапты. Ауыл орталығында ақ шаңқан үйлер тігіліп, үлкен сахна құрылып, баба ұрпақтары үлкен ас берді. Мыңдаған халық жиналған үлкен шара барысында сахнадан аудан өнерпаздары әннен шашу шашса, қадірменді қонақтар аталмыш жиынның маңыздылығына тоқталды. Олардың қатарында академиктер Мұхтарбай Өтелбаев, Ерік Бисембаев, ел ағасы Төле Сүгірбай, жазушы, публицист Әшірбек Сығай, тарих ғылымдарының докторы Айткүл Махаева және «Жаныс баба» республикалық қорының төрағасы Жарылқасын Ізбасаровтар болды. Сахна төрінен төгілген ізгі тілектерден кейін, жалпы осы шараның өтуіне атсалысқан бір топ азаматқа құрмет көрсетіліп, одан соң жиналған халық үлкен асқа бет бұрды. Ал, түс ауа Қаракемер ауылының атшабарында бәйге басталып, жүйрігін жаратып келген жандар аламан көрігін қыздырды. Айта кетерлігі, аламан мен құнан жарыс жеңіпаздарына осы күні су жаңа автокөліктер демеушілер тарапынан тігіліп, одан да бөлек бағалы сыйлықтар жүзден жүйрік шыққандарға берілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.