Қылқалам қасиеті

0

Қоғамдағы әртүрлі құбылыстарды бояу тілімен баян етіп, өнерсүйер қауымды көркемсуреттің тылсым тереңіне бойлататын ғажайып құбылыс иелері – суретшілер. Содан да болар, қылқалам шеберлерінің туындыларына жұртшылықтың ықыласы ерекше. Әрине, жәй ғана сурет салу әркімнің-ақ қолынан келеді, алайда нағыз сыршыл суретші болу табиғи таланттың үлесіне тиесілі. Алла берген дарын мен қажымас еңбек тоғысқанда ғана нағыз шығармашылық адам қалыптасады екен. Демек, бұл өнер — табиғатынан талант дарыған, ерекше жандарға берілетін қасиет. Қордай жерінде тұратын 69 жастағы Бақберген Жүндібаев өзінің ұшқыр қиялын, ойындағы идеясын талантымен шебер ұштастырып жүрген жандардың бірі. Ол сурет салуды арнайы оқып, үйренбесе де талайды дарынымен таңдай қаққызған жан.

Бақберген Жүндібаевпен сұхбат барысында ол өзінің өмірі туралы сыр шертіп, бастап кешкен сәттері жайында баяндап берді. Оның балалық шағы өте ауыр кезеңдерде өтті. Анасынан 4 жасында айырылды, ал әкесі соғыс кезінде алған ауыр жарақат алып, денсаулығы нашар болды.  Сондықтан әпкесі жеті баланы жалғыз өзі бағып-қақты.

«Әпкем сауыншы болатын. Біз таңғы сағат алтыда тұрып, фермаға барып, сиыр саууға, үйдің тірлігіне көмектесен едік», — деп еске алады суретші.

Бақберген Ақылұлы жастайынан сурет салуға әуес еді. Бейнелеу өнерінің бір ғана жанрымен шектелмей, табиғат құбылысын да, адамның бейнесін де, натюрмотртты да керемет салатын. Осы өнерге деген сүйіспеншілігін мектептегі сурет пәнінің мұғалімі Борис Перекупко арттыруға қолғабыс етті. Ол Бақберген ағаға: «Сенің қолыңнан бәрі келеді, сурет салуды тастама, сен ерекше дарындысың», — деп қолдаған екен. Алайда, үйдегілер сурет салу өнерін кәсіпке жатқызбай, кейіпкерімізге оқуды бітіріп, мамандыққа ие болуды насихаттайды.

Жалпы шығармашылықтың адамы үнемі еркіндікті аңсап жүреді ғой. Еркін құстай қанатын кеңге сермеп, өз әлемінде, өз аспанында қалықтап ұшқысы келеді. Алайда, «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды», демекші шығармашылық адамның емін-еркін тыныстауына тынымсыз тірлік, қарбалас өмір көп жағдайда ырық бере бермейді. Жетінші сыныптан кейін орта кәсіптік-техникалық училищеге түскен ол сүйікті ісі – сурет салуға уақыт қалдыра алмады. Тракторшы мамандығын алған соң, Ноғайбай ауылында жұмыс атқара бастады. 1973 жылы әскерге аттанды. Щелково қаласына түсіп, оның сурет салу қабілетін байқаған командирлер Мәскеуге жіберді. Ол жерде Л.Брежнев және тағы басқа да белгілі тұлғаларды бейнелеп, портреттерін салып, көзге түседі. Әскерден қайтып келген соң, совхоз-техникумде «Лениндік бөлменің» көркемдеуші қызметін атқарады. Қызыл маталардың үстіне ақ бояумен жазуларды жазатын.

1982 жылы болашақ жұбайы Ләззат Саламатовамен танысып, 1983 жылы отбасын құрып, үй сала бастайды. Айта кетерлік жәйт, үйді Бақберген аға өз қолымен көтерген. Бақберген Ақылұлы мен Ләззат Әбілқасымқызы бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлы Саят терапевт, келіні педиатр-дәрігер, ал қызы Салтанат тіс дәрігері болып қызмет атқарып жүр. Оған қоса, Бақберген ағаның інісі жұбайымен бірге дүниеден озған соң, 4 баланың екеуін қанаттарының астына алып, оларға қамқоршы болды. Қазіргі таңда ол екеуінің үлкені Рамазан тіс технигі қызметін Атырау қаласында атқарып жүр.

90-шы жылдары кейіпкеріміз отбасын асырау үшін тапсырыс бойынша жиһаз жасап шығарып, автокөліктер мен үйлерді жөндеумен айналысып, дәнекерлеу жұмыстарын да жасаған. Сонымен қатар дүкен мен кафе салып, ашты. Осы орайда қарбалас тіршіліктің себебінен сурет салуды 30 жылға ұмытуға тура келді.

Бақберген Жүндібаевтың жеті немересі бар. Дарынды суретшінің өнерін қайта жандандыруға түрткі болған да немерелерінің бірі – 11 жасар Асылжан еді. Жеңіс күні мерекесінің 75 жылдығына орай Асылжан мектеп байқауына қатысып, Ұлы Отан соғысына қатысқан Ақыл атасының портретін салуға өтінді. Асылжан атасымен бірге портрет салып, оқушы үйіне жеңіспен қайтқан болатын.

Енді «ұлды ұяға, қызды қияға қондырып», немере сүйген Бақберген ағаның сурет салуға уақыты жетеді. Ол ауданымыздағы түрлі адамдардың портреттерін салып, олардың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Құдай өнерлі етіп жаратса, «таудай талант пен бармақтай бақ» ешқайда кетпейді. Өнерді көзбен көріп, қолымен ұстауға келмейтіндей, тек адамның көкірегіне даритын ерекше қасиет деуге болады. Осындай киелі өнердің бірі, әрі маңыздысы – суретшілік өнер. Ол мамандық емес, оның белгілі бір кәсіпке қатысы да шамалы.

Әрине қиялға ерік беріп, ойға алған бейнені қағаз бетіне түсіру біз ойлағандай оңай емес. Суретшінің қиял кеңістігі шексіз тұңғиық әлем.

Өзінің өнер туралы ерекше ойларымен ерекшеленетін Сергей Калмыков айтқандай, «Өнерде жетістіктен гөрі ниеттің мәні зор. Суретші ең алдымен шебер емес, қиялшыл. Сол қиялшылдығы мен ниеті суретшіні ерекше дараландырып тұрады». Суретші үшін ең басты нәрсе – өзіне дейінгі өнер тарихын зерделей, електен өткізген жөн. Сонда ғана суретші және оның шығармасы мәңгілік таусылмайтын күшке ие болады.

Бақберген Жүндібаевтың тағдыры оңай емес. Ол өмірінде жеңістерге де, жеңілістерге де, қайғыға да, мұңға да, қиыншылықтарға да, қуаныштарға да, бақытты сәттер де көп болды. Сол қиыншылықтардан сүрінбей, жұбайымен қол ұстасып, жүрегі мейірім мен өмірге деген құштарлыққа толы. Сурет өнері қашанда ойды дамытып қана қоймай, сұлулыққа үндейтін бірден-бір өнер түрі. Сондықтан Бақберген ағаның қылқаламы сиқырлы таяқша тәрізді суретін тамашалап отырған адамды небір сұлу, керемет, жарқын түсті әлемге жетелейді десек қателеспейміз.

Кейіпкеріміздің туындылары шын жүректен жаралған, оның суреттерінен бар жан-тәнін салып орындалғандарын кез келген адам көре алатыны анық. Сондықтан жерлесіміздің шығармашылық жұмыстары біздің жүрегімізде де ерекше сезім оятып, лүпілдетеді…

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.