2020 жылдың 31 желтоқсанынан бастап прокурордың жауапкершілігін одан әрі арттыруды және оның процестік өкілеттіктерін өзгертуді бекітетін ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің нормалары күшіне енді.
Новеллалар прокурордың іс бойынша негізгі процестік шешімдерді келісу және бекіту құқығын заңнамалық түрде бекітті.
Іс жүзінде, Мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында шақырған, қылмыстық процестің үш буынды моделіне толыққанды көшу кезеңі белгіленді.
Қылмыстық процестің үш буынды моделі барлық дамыған елдерде қолданысқа енген құқық қорғау саласындағы жүйе.
Аталған үш буынды құрушы – полиция, прокуратура және сот. Бұл құрам қылмыстық процеске жауап береді.
Үш буынды жүйенің әр кезеңі іс сотқа жолданбас бұрын өтуі қажет сүзгі ретінде қызмет етеді.
Үш буынды модельге көшу сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәсілдері мен прокурорлардың да, тергеушілердің де ұйымдастырушылық тұрғыдан дағдыларын өзгертуді талап етеді.
Осыған байланысты әскери прокуратура органдарыда барлық сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен бірлесіп қылмыстық процестің үш буынды моделіне кезең-кезеңімен «жеңіл» ауысуды бастап кетті.
Үш буынды модельдеу прокурордың қылмыстық істі тергеп-тексерудегі жауапкершілік жүгін екі есе арттыра отырып, оның шешімі қылмыстық процестегі басты шешімнің бірі болатынын айқындап берген.
Енді күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралауды белгілеу, қылмыстық құқық бұзушылықты саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық туралы хаттама прокурордың келісімінсіз заңсыз болып саналады.
Бұл өзгерістер азаматтардың, соның ішінде күдіктінің де, жәбірленушінің де конституциялық құқықтарын қорғауға және қылмыстық процестің шеңберіне негізсіз тарту фактілерін болдырмауға, жалпы тергеп-тексерудің объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бұл қылмыстық істі ашық жүргізуге мүмкіндік берді. Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуы азайды, іс-әрекеттердің қайта саралануы қысқарды. Прокурорлық қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігі артты, статистикалық деректермен айла-шарғы жасау фактілері жойылды.
Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
А. Палманов, Гвардейск гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры әділет капитаны