ҚЫРАН ҚАЗАҚ

0

Ұлы Отан соғысы жылдары кеңестік беделі зор басылым «Красная Звезда» газетінің 1942 жылғы 18 қазан күнгі санына майдангер тілші Илья Эренбургтің «Қазақтар» атты жазбасы жарияланғаны жайлы көпшілік хабардар. Бұл мақала «Социалистік Қазақстан» газетінде 1965 жылы Жеңіс күнгі (9 мамыр) мерекелік санына аударылып басылыпты. Осы жазба, «Бір фриц маған: «Бізге қарсы қайсар солдаттар соғысты – оларды ешқандай оқ тоқтата алмады. Кейіннен маған бұлар қазақтар екенін айтты. Мен бұрын мұндай батыр халық барын білмеуші едім» деп басталса, дәл осы жазбамен желілес газет бетінде соғыс жылдары Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған қазақстандық ұшқыштар – С.Луганский, Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов жайлы фото мәлімет беріліпті.

Жоғарыдағы төрт батырдың бірі – Талғат Бигелдинов 1922 жылы 5 тамыз күні қазіргі елорда іргесіндегі Майбалық ауылында туып, 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне қабылданады. Батыр атамыз өзінің естелігінде бойының аласалығы салдарынан оқуға ілікпей қиналып тұрған сәтінде кездейсоқ ұшырасқан тәжірибелі маман «мына баланың көзінде от бар екен, мұны сынақсыз қабылдаңдар» деп үкім еткені жайлы айтады («Егемен Қазақстан», 4 мамыр, 2018). Сөйтіп, 1942 жылы оқуын тәмамдап майданға аттана¬ды.
Гвардия аға лейтенанты Талғат Бигелдиновке 1944 жылы 26 қазанда Знаменка және Кировоград қалаларын азат ету кезінде көрсеткен ерлігі мен жауынгерлік шеберлігі, әуе шайқастарында жаудың 4 ұшағын атып түсіргені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Ал екінші рет 1945 жылы 27 маусымда Краков, Оппельн (қазіргі Ополе) қалалары үшін болған шайқастарда эскадрильяны шебер басқарғаны және ерліктері үшін екінші рет Батыр атағы табысталады.
Биыл туғанына ғасыр толып отырған қыран қазақ Талғат Жақыпбекұлы жайлы жазылған алғашқы еңбек жазушы Савва Морозовтың «Дважды Герой Советского Союза Т.Я.Бигельдинов» атты кітабы 1948 жылы Мәскеуде жарық көрсе, қазақ қаламгері Сәуірбек Бақбергеновтің «Талғат» атты хикаяты 1950 жылы Алматыда басылып шыққан екен. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдары батыр атамыз жайлы «Жүрекжарды» және «Батыр Бигелдинов» (реж. Алмас Әбдік) атты деректі фильмдер түсірілсе, жақын жылдары «Қыран текті» атты туынды да көрерменге жол тартты.
Осы орайда біз жоғарыда аты аталған шығармалар мен кино туындыларды пайдалана отырып, әлем журналистикасында бұрыннан бар ретроспективалық сұхбат жанрын пайдаланып, батыр атамызбен әңгіме өрбіттік.
– Талғат Бигелдинов Ұлы Отан соғысында үш дүркін Кеңес Одағының Батыры атағын алуға лайық іс атқарған дейді. Осы рас па?
– Ұлы Отан соғысы кезінде Бас қолбасшысы Сталин кезінде мынадай бұйрық шығарған. Егер истребительдер 15 самолетті атып түсірсе, оған Батыр атағын беру керек. 30 самолет құлатса, екінші мәрте Батыр атағы берілсін. Ал біздің штурмовик 80 дүркін аспанға көтеріліп шайқасқа қатысса Батыр атағы беріледі. Егер 160 рет ұрыс салса, Кеңес Одағының Батыры атағы екінші рет беріледі. 330 рет ұрысқа қатыса үшінші мәрте… Мен штурмовикпен 305 рет ұшып, екі дүркін Батыр атағын алдым. Бұл – үш дүркін Батыр атануға лайық норма.
– Жоғарыдағы шайқастар ішінде айрықша есте қалғаны қайсы?
– Тоғыз самолет қатар самғап келеміз. Мұны «тоғыздық» дейді. Сол жағымда звено командирі Шишкин ұшып келеді. Бір кезде радио: «Будтье внимательны! На целю до шестидести истребителей» деді. Жаудың ұшақтары үш белдеумен ұшып келеді екен. Біз де бағытымызды өзгертпей қарсы ұштық. Ә дегенше атыс басталып кетті. Бірінші звеноның бір ұшқышы дұшпанның самолетімен соғысты. Қою түтін бұрқ етіп, қып-қызыл жалын лап етті. Көз алдымда, қас-қағымда жарылып кетті. Екінші звеноның қайда кеткенін таппай қалдым. Оң жағыма қарасам, командирім бір бүйіріне қисайып барады. Оның аударылып бара жатқанын білдім. Жан-жағыма қарасам, Шишкиннің самолеті маған қарай келе жатыр екен, қуанып кеттім. Сөйткенше болған жоқ, ол да ғайып болды. Заңғар аспанда жалғыз өзім қалдым. Қарасам, немістің әйгілі «Мистер Шмидт-109» деген истребителі төніп келеді екен. Маған қарай төпелетіп, оқ жаудыра бастады. Менің желке тұсыма шығып атқыламақшы. Сезе қойдым да жалт беріп қайырыла тартып, артына шықтым да оны атып түсірдім.
Сөйтсем, мен атқан самолеттің иесі немістің атақты ұшқышы болып шықты. Самолет өртенгенімен, өзі тірі қалыпты. Неміс «Мені атып түсірген кім?» деп сұрапты. Кеңес Одағының тұңғыш Батыры Николай Каманин менің дивизия командирім еді. «Міне, сенің самолетіңді атып түсірген мына қазақ» деп мені көрсетті.
– Алғашқы Батыр атағы қалай берілді?
– 1944 жылы Днепр жағасындағы Кировградта шабуылға шықтық. Екі жақ та осы араға бар күшін салып жатқан кез. Шабуыл дегенде, майданның өн бойында емес, ең маңызды нысанды көздеп, соған тұс-тұстан атқылап, бар-жоғы үш шақырым «тулақтай» жерді артиллерия да, авиация да төпелеп, танкілер де шепті сол тұстан бұзбақшы. Сөйте-сөйте, бұзылған шептің арнасын кеңейтеді. Сол жер бұзылса алу оңай.
Менің міндетім – Днепрдің жағасындағы жаудың жасырып қойған танкілерін жою. Бізді қорғай ұшатын истребительдер бөлінді. Командирі – Сергей Луганский. Ұшып бара жатырмыз. «Сергей, қалай жағдайың? Тапсырма есіңен шыққан жоқ па, білесің бе?». «Білемін, ұмытқан жоқпын» дейді. «Жақсы. Онда кеттік. Егер көзіңе бір нәрсе шалынса, маған алдын ала айтып қой» деп қоямын. Ұшып келеміз. Жермен байланыс сайрап тұр. Менің майдандағы бүркеншік атым – «230». Бір кезде командирдің «230!» деген даусы саңқ етті. «Тыңдап тұрмын!». «Алған бағытыңмен тіке ұша бер! Жау бомбалаушыларының жолын кес!» деп бұйырды. Қарасам, сол жағымнан топтанып қарға секілді жаудың жиырма шақты самолеті екі топ болып қаптап келеді екен. Дереу самолетімді көлбеу салдым. Қиялай ұшып отырып жаудың бүйірінен шыға келдім. Құйын соққандай, мидай араласып, құж-құж болып кеттік. Олар да атады, біз де атамыз. Кімді кім көздеп жатқанын біліп болмайсыз. Қиян-кескі, қым-қиғаш атыс. Немістің бомба тиеген ауыр самолеттері ыңыранып оңға-солға бұрып үлгергенше, мен қарлығаш сияқты, ана-мына жерден лып етіп шыға келіп, атып жүрмін…
Қарасам, немістің бірде-бір самолеті жоқ. Днепр жаққа кетіп қалды ма деп зәрем ұшты. Содан кейін бәрін жинап алдым да, командирге «Ұрыс аяқталды. Нысананы атқылауға рұқсат беріңіз?» дедім. «Саған «қожайын» алғыс жариялады. Бомбыла!» деді. Нысанаға жетіп келіп, немістің танкілерін жасырулы тұрған жерінен бұрқ-бұрқ еткізіп тас-талқанын шығардық та, өз жағымызға кеттік. Бәріміз аман-сау, басымыз түгел.
Осы реткі аспандағы айқасты майдан командирі Иван Конев өз көзімен көріп «штурмовиктер алты самолетті, ал истребительдер сегіз самолетті атып түсірді. Штурмовиктер мен истребительдердің командирлері кешке дейін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылсын!» депті. Ол кезде мен 20 жастамын. Сөйтіп, мені батырлыққа Иван Конев өзі ұсынған.
– Екінші мәрте Батыр атағы қалай берілді?
– Біздің әскер немістерді қуа-қуа, Висладан өтіп кетіп, Сандомирдің жанындағы плацдармды алды. Жалпы, плацдармды алу қиын. Қаншама адам қырылады. Ал бұл жолы плацдарм дап-дайын қалпында қолымызға түсе қалды. Немістер есін жиған кезде ешқандай амал да, күш те қолдана алмай қалды.
Маған армия командирі Алексей Жадов айтты: «Әй, Бигелдинов сен барлаушысың ғой, күн демей, түн демей мына плацдармды күзетесің. Түнде өзің ұш. Күндіз эскадрильяң ұшып жүрсін. Бірақ байқа, осылай қарай біреу өтетін болса, сені өзім-ақ атып тастаймын», деді.
Барлап ұшып жүріп қарасам, таң алдында Сандомирға қарай қарақұрым танк қаптап келеді. Екпіндері қатты. Көрдім де, КП-ға жеделдетіп қоңырау шалдым. «Осылай да осылай… Сандомирға баратын екі жолда да қаптап танк келе жатыр. Әрқайсысында кемі қырық шақты» дедім. Маған «Анықтап тексеріп, байқа» дейді. Мен айтамын: «Анықтап қарадым, танктер қаптап келеді. Тезірек қимылдау керек. Маған бір группаны беріңіздер! Шабуылды бастауым керек. Әйтпесе, кеш қаламыз. Плацдармды бұзады!!!» дедім жан даусым шыға. Лезде дайын болған 40 самолетті алдым да, көкке зу-зу ете қалдық. Ал егер 15 минут кешіктік пе… бітіп едік… Өйткені олар шахмат тақтасындай шаршыланып, мұздай қаруланып, сақадай сай келе жатыр еді. Көп болса, 5 шақырым ғана қалған еді.
Сөйтсе, Конев «Барлаушы ұшқыштарың кім еді?» деп сұрапты. «Бигелдинов». «Анау бақырауық (крикун) па?» депті. Оны кейінірек адъютанты айтып берді. «Бақырауығы несі?» десе, «Мен оны бақырауық деп атаймын» депті. Себебі мен барлаушымын ғой. Менің радиостансам қуатты. Мен сөйлеген кезде барлық радиостанса тоқтап қалады екен. Сөйтсе, «мына бақырауық қайтеді-ей!» дейді екен. Сонда Конев «О, мынау сол Бигелдинов пе?» «Иә». Сөйтіп, сол жолы тағы мені Кеңес Одағының Батыры атағына өзі ұсынды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

ЖАУЫНГЕР ЖЫР

Архивті ақтарсаңыз әртүрлі оқиғаға тап боласыз. Әуелде сенбейсіз, артынан алай-дүлей күй кешесіз. Таным дерегіңіз тағы бір сатыға өседі. Сол сырлы да мұңлы мұрағаттарды тозаңнан тазартсаңыз, ар жағында ұлттың рухы менмұндалап шығады. Сөзімізге дәлел – қазақ батырының ерлігіне қайран қалған орыс ақынының өлеңі. Кімге арнаған дейсіз ғой? Шығыстан шыққан жалғыз ұшқыш – Талғат Бигелдиновке! Бізді тебіренткен сол жырдағы қазақ баласының жасампаз жігері.
Алдымен сөзімізді мекемеден жеткен ресми ақпараттан бастасақ. Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде Кеңес Одағының екі мәрте баты-ры атағын алған алғашқы қазақ, белгілі ұшқыш Талғат Бигелдинов жайлы құнды құжаттардың көшірмесі сақталған. Астаналық архив бұл шежірелі деректерді Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық архивінен арнайы алдырған екен. Онда батырдың дүниеге келген үйінің суреті, соғыс жылдарында жауынгерлермен бірге түскен фото-суреттері (430-қ., 16-т., 1, 2-іс), мақтау қағаздары мен тіркеу карталары берілген (430-қ., 16-т., 3, 4, 5-іс). Бұл – еліміздегі жалғыз нұсқа, есті естелік. Сарғайған суреттерге қарап отырып, алапат соғыстың салмағын сезінесіз. Әйтсе де бізді батырдың майдандас досының тілегі таңдай қақтырды.
Аталған архивтің 430-шы қорының 16-тізімдеме, 6-істе қандыкөйлек досы Василий Мартыновтың Талғат Бигелдиновке арнап жазған өлеңі де елге жеткен. Қағазға назар салсаңыз машинкаға терілген, жазуы анық көрінеді. Арнау өлеңді 1974 жылы «Қазақтың сұңқары» (Казахский сокол) деген атпен шығарған. Онда ақын соғыс жылдарындағы батырдың жорықтары жайлы суреттейді. Жиырма жастағы жауынгердің қайсарлығын, болат мінезін, батыл жүрегін сұлу сөзбен өріп, көркемдеп жеткізген. Сұңқар секілді таулардың арасынан қаймықпай ұшып өтіп, діттеген мақсатына жетпей қоймайтынын баяндаған. Біз жырдың үзіндісін хал-қадерімізше қазақшаға тәржімалап көрдік.
Аспан аласұрады қозғалтқыш үнінен,
Бұлттар толқын сынды
пердедей түрілген,
Сол жақта – тау жатыр, оң жақта –
тау жатыр
Колтов дәлізі секілді өрілген.
Қазақтың сұңқары қырандай қомданып,
Көзінде жоқ үрей, жау жатыр арбалып.
Болаттан жүйкесі, болаттан болмысы,
Жиырма жас. Сом жүрек барады
жанданып.
Біз бұл өлеңді оқып отырып, батырдың көкке көтерілгенде оқитын дұғасы жайлы көп ойландық. Қаңғып ұшқан қаптаған оқтан Құдайдың өзі қорғағандай. Көк жүзінде 500 сағат ұшып, 305 рет әскери шабуылға шығып, ол аз десеңіз жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысқан қазақ баласының аман-есен елге оралуы бір тылсымнан сыр тартады. 200 ұшақпен аспанға көтерілген сайын әжесі үйреткен «Ләә хаула уә ләә қууата иллә билләәһил ъалийл ъазиим. Машаа алллаһу кәәна уә мәә ләм яша’ ләм укян. Әл-имәәну иқрарун бил-лисаани уә тасдииқун бил қалби, би мәә жәә-а биһи мин ъиндилләәһи. Мухаммадун расулуллаһ саллаллааһу әлайһи уә салам» дұғасын оқыған екен.
Бұл – сапарға шыққанда айтылатын мұсылман дұғасы. Мұның мағынасы: «Ей, Алла, өзіңе өзімді тапсырдым, түрлі қауіп-қатерден сақтай гөр. Тәуекел еттім» деген ойды білдіреді. Бірақ батыр ол кезде мән-мағынасына бойламапты. Әжесі көңіліне құйған дұғаны қайта-қайта оқып отырады екен. Қасындағы орыстар «не істіп жатырсың?» дегенде «бұл менің ұшар алдындағы Құдайға құлшылығым» деп жауап берген. Батырды ішкі сенімі алдамапты. Бұл сіздерге ұсынып отырған өлеңде де айтылған.
«Ұшақта барлық адам жанын шүберекке түйіп отырады ғой. Марқұм әжем діндар болатын. Бізді имандылыққа, инабаттылыққа үйретті. Жаны таза жан болды, жарықтық. Бізге күнде кешке жатарда дұға айтқызып, ұйықтататын. Маған мынадай бір дұғаны үйретіп, құлағыма әбден сіңдіріп тастапты. Арабшасын айтып, жаттатқызды», дейді батыр өз естелігінде.
Фашистердің Талғат Бигелдиновтің ұшағына «Қара өлім» деген лақап ат қоюы бекерден бекер емес-ау. Қырандай зәу биікте қалықтап жүріп, қас жауын қынадай қырған. Оны тіпті майдандастары «Қазақтың қыраны» деп еркелеткен екен. Айтпақшы, оның ұшағының нөмірі 13 болған, жеке өзі жаудың 7 ұшағын атып түсірген. Содан да болар, немістер әлі күнге 13 санынан қашып жүретіні. Біз мақаламыздың соңын батырдың майдандас досының жазған жырымен тәмамдағымыз келеді.
Отанға рух керек, сөз керек жап-жарқын.
Құс жолы өмірдің өзіндей сап-салқын.
Талғаттың ұраны:
Львов аспаны үшін!
Аспаның үшін, Алматы!
Соққы!
Жарылыстар!
Соққы!
Жарылыстар!
Төменде ажал жүр сенделіп,
Жауменен бірге егіс өртеніп.
Мәңгілік ерлікті есіне түсіріп…

Мұхтар КҮМІСБЕК

Leave A Reply

Your email address will not be published.