«МЕМЛЕКЕТ ДӘУЛЕТІ ТАЛАПАЙҒА КЕТСІН ДЕГЕН ЗАҢ ЖОҚ!»

0

Бұл күндері жаңа Қазақстан құру жолында саяси жаңару мен жаңғыру мәселесі қоғамдық ортада жан-жақты қолдау табуда. Мемлекет басшысының Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру бастамалары мен идеялар тұжырымдамасының негіздері жалпы халықтың көңілінен шықты.

Қазақстан жұртын қатты қапаландырған «Қасіретті қаңтар» сабақтары қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтардың ортақ көзқарастарына, ұлт зиялыларының көшбастаушылық қызметі мен елтұтқа ерік-жігеріне де ауыр сын болғаны анық. Осындай қылкөпір жағдайда халықтың сөзін сөйлейтін ел серкелері мен жақсы-жайсаңдарын жан-жағымыздан алаңдап іздегеніміз рас.
Көп жылдан бері әбден қор¬даланып, былықшылыққа батқан қоғам дерттеріне көзжұмбайлықпен қарап, озбыр топтар мен бетімен кеткен алпауыттарға неге тосқауыл қойылмаған, халық сенім артқан таңдаулы қайраткерлер мен рухы мықты адамдар құрдымға кетіретін қисық дүниелерді неге билік басына ертерек ескертпей келген, сонда қауіпті бағытқа қарай белең алған әлеуметтік-саяси жағдайларды ашық айтуға жарайтын бір айбынды кісі табылмағаны ма? деген сүйекқашау сөздер айтылмай қалған жоқ.
Бұл ренішті жағдай өте орынды еді.
Қоғамды тазарту арқылы әділетті қоғам құруда күрескерлік мінезі мен қайсарлық қасиеттері күшті, аузы дуалы адамдарға шынында да ауадай қажеттілік бар.
Ал мұндай текті жандар мен тегеурінді кісілер біздің қоғамда болған және олардың өмірлік өнегесі өшкен емес.
Ал енді Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің елең-алаңынан бастап қоғам мен мемлекетте орын алған өрескелдіктер мен кем-кетіктерді ел мен ұлттық мүдде тұрғысынан ащы шындықты табан тіреп айтқан әрі ақиқатқа тік тұрып, отты ой қозғаған тәуелсіз тұлғалардың бірегейі – қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған халық жазушысы Шерхан Мұртаза ұстанымы деп анық айта аламыз.
Қазақ жұрты Шерағаның қорғасын құйғандай ауыр, қаhарлы сөзін құмарта қабылдап, әр көзқарасын қуаттап отырды. Өйткені оның әрбір іс-әрекеті, жазған шығармалары мен публицистикалық жазбалары халықпен тығыз байланыста болды.
Шын мағынасында ұлтжанды, мемлекетшіл Шерағаның өзгеден бір артық ерекшелігі етіңнен өтіп, сүйегіңе жеткізіп айтады және соны қалай айтуды біледі. Соған керекті сөздерді де, мысалдарды да табады.
«Елім саған айтам, Елбасы сен де тыңда!» және «Бір кем дүниесі» тәуелсіз еліміздің тарихы ғана емес, ел мен мемлекет тағдырына қатты алаңдаушылық білдіріп, ұлттың жоғын дамылсыз жоқтаған, биліктегілердің қателері мен берекесіз тірліктерін бетіне басып ашық айтып, қарапайым халықтың наразылығын қалам құдіретімен де, күн туғанда шамшылдықпен де шамырқанып жеткізген күрескерлік өмірі десек те болады.
Жасыратын несі бар, қазір де Қазақстан Парламенті десе, өр дауысты халық қалаулысы Шерхан Мұртазаның аты сағынышпен аталады.
Ұлт зиялысының сөзі қандай болуы керек десе, заман сөзін кім айта алар десе, ұлт намысын жыртып, найзағадай жарқылдайтын Шерағаңдарды қимастықпен еске түсіреді.
Билік сол өткен шақта қоғам¬да¬ғы өткір шындықты басын бәйгеге тігіп айтқан Шерағадай дара қайраткерлердің әрбір адал сөзіне құлақ асып, жөнсіз, ашкөздік тірліктерін жанталаса түзеп, тыңдағанда кім біледі, халықтың қаңтарда ушыққан ыза-кек, ашуына тап келмеген болар еді.
Бұл енді жеке ойымыз.
Шындықтың жебесі тәрізді Шерағаның ел тағдырына байланысты сол кездегі билікке қаратып айтқан алмастың жүзіндей сыни сөздері мен өткір жазбаларына құлақ түріп, зейін қойып тыңдасаңыз, замана мен дәуірдің өкпе қабындыратын өзекті мәселелері мен айнымас ақиқатын қалай дәлме-дәл, шымбайға батырып тура айтқанына қайран қалатыныңыз хақ.
Бұл еліне ес пен сес көзқарас¬тар еш талассыз қоғам назарында тұруға тиісті аманатты іс. Шындыққа, өзіне артылған аманатты жүкті жеріне жеткізе білген ол кісінің тек шындыққа қана жүгінген ой-талаптары еш ескірген емес, керісінше, енді мемлекетті саяси жаңғырту арқылы Жаңа Қазақстан құруды жүзеге асырудың түбегейлі мән-мақсатын жаңаша айқындай түсуге де жәрдемдеседі.
Егемен елі мен күллі қазақтың мүддесін қорғау жолында Шераға қандай жоғары мемлекеттік лауазымды қызметте болсын, бас газеттің бас редакторы, мемлекеттік телерадионың төрағасы, Парламенттің үш шақырылымының депутаты бола жүріп, ешбір жағдайда ешкімге бас имей, күштілердің ығына жығылмай, әлсіздерге болысып, қоғамдағы қиянатқа қарсы, ал мемлекеттің дәулеті ту-талапайға түспей, өркениетті дамуына қажетті турашыл сөзін қанжардай қадап, әрдайым ашық айтып, халықтық құрметке ие болғаны қоғамдық-саяси өмірімізде қайраткерлердің қадір-қасиетіне өлшем екені де рас. Жұрт жақтаған азулы редактордың өзі де сойқан жазады, Парламентте табандап тұрып әділдікті талап етеді, өзгеге де жаздырады, рухани бағытта жол ашады. Жазғандары қозғаушы күш көпшілік пікірге де әдетте селсоқ, жаттанды қарайтын сол тұстағы қоғамға, ой-санаға жарылыс жасады десек те болады.
«Шераға не айтар екен?» деген көзқарас қалыптасты.
Елінің күткені-ержүрек адамның мінезі мен халықтық абыройына тән өрелі сөздері мен елдік озық, батыл ойлары еді.
Міне, шындықтың шыңы…
«Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниедегі ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой. Адам Құдайды да алдауды үйренді.
Шындық ащы. Тіпті ажарсыз», дейді Шераға.
Қазақстан тәуелсіздік алған тұста елімен бірге қайраткердің де ерекше қуанғаны сөзсіз. Алайда Шераға егемен ел ретінде іргетасын енді қалай бастаған жас мемлекеттің қалыптасуындағы кейбір қадамдарға көңілі толмағаны да рас. Күмән-күдігін ашық айтатыны да сол қаламгердің «Тәубе, тәубе! Азаттық алдық. Зорлықтан, құлдықтан азат болдық. Тәуелсізбіз. Егеменбіз.
Сөйтсек, зорлық-зомбылық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық та заңсыз азаттық алған сияқты. Сияқты емес, дәл солай.
Ал енді бұл қай парадокс?!». «Ашынғаннан шығады ащы даусым», деген сияқты, Шерағаның бекерге шырылдамағанына уақыт өте куә болып отырған жайымыз бар.
«Қазақстан байлығы Құдайдың осы жұрттағы елдің ырыздығы болсын деп бергені. Соны жарлы-жақыбайдың, кембағал мүгедектің, көпбалалының, зейнеткердің аузынан жырып алып жеп жатқандарға зауал бір келеді ақыры. Зауал жібермейді. Өздеріне де, ұрпағына да жақсылық болмайды ондайларға», деп жұрттың несібесін жегендердің өмірінің ақыры жақсы аяқталмайтынын айтады.
Естір құлақ болса, Шераға айтудайын айтты ғой. Ол тұста қайраткердің айтқанына биліктегілер ден қойған жоқ-ты. «Мемлекет қазанының қақпағы жоқ. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді. Байлық ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр. Олар азшылық. Қалың көпшіліктің аузынан ризығын, несібесін жырып алғандар. Олар заманның үрдісіне орай «шүленші» қолдың мырзалығына қарай, оңай олжаға күмп беріп, кенеттен байығандар. Ондайды «нувориш» дейді. Белі бүгіліп, маңдайынан тер тамшылап тапқан табыс емес, адалдан емес, арамнан табылған мал.
«Бұл қалай?» десең, «рыночная экономика» дейді. Бола қойсын. Бірақ мемлекет дәулеті талапайға кетсін деген заң жоқ…».
Қазақтың руханият әлемінде Шерхан Мұртаза ағамыздың қолтаңбасы мен өшпес ізі жүректерде сақтаулы, өйткені ұлтымыздың бағына туған адам ұмытылмайды. Осы арада көрнекті қаламгердің тағы бір жазбасына назар аударғанымыз жөн деп санаймыз.
Бұл – «Көзқарас» деген тақырыппен 2000 жылы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Қасымжомарт Тоқаев мырзаға жазған хаты.
«Ең алдымен маған өз кітабыңызды сыйлағаныңыз үшін шын көңілден рахмет айтамын», деп сөз бастаған Шераға автордың «Внешняя политика Казахстана в условиях глобализации», деп аталатын кітабынан алған әсері мен туындаған ойларын молынан айтады.
«Мен өзімнің бір пенделігімді, бәлкім, кемшілігімді жасырмаймын: бас қатыратын ғылыми стильді, шетелдік терминдерге толы саяси кітаптарды оқуға зауқым соға бермейді, деген жазушы: – Бірақ Сіздің көлемді кітабыңызды бас көтермей оқыдым. Өйткені оның шыншылдығы, дипломатиялық құйтырқысыз, ашық, адал жазылғандығы», – деп атап айтқан. Одан әрі ел мен ұлт, мемлекет пен қоғамдағы ең өткір проблемаларды алға тарта отырып, тәуелсіздікке қауіп төндіретін өрескел мәселелерге қатысты ой-пікір бөліседі. Айтқанда да саясат пен экономикалық жағынан қатты алаңдаушылық туғызған жағдайларды қопарып айтады.
Сол кезде Мәжіліс депутаты болған ағамыз: «Бұл кітаптан түйгенім: Сіз мемлекеттік қайраткер ретінде экономиканы да, саясатты да жете меңгерген адамсыз. Қазақстан сияқты бай елдің алтын сандық үстінде отырып, кедей болғанына қынжыласыз. Таза шикізат сатып күн көргенімізге күйінесіз. Мысалы, астықты, етті, майды, сүтті, көптеген өндірістік тауарларды шеттен сатып алардай не күн туды басымызға?! Керісінше, солардың бәрін келістіре өзіміз өндіріп, шетке сатпаймыз? Мұнай бізді қашанғы асырайды, егер асырап жатқаны рас болса…», деген өзін мазалаған сұрақтармен де өрбітеді.
Адалдықты асқақтатып, әркез ақиқатқа жүгінген Шераға өз хатын «Сіздің өз басыңыздың періштедей таза екеніне күмәнім жоқ. Айналаңызға абай болыңыз. …Алдағы уақытта да осы бағытыңыздан таймаңыз», деген ағалық ақ тілегімен аяқтайды. Мұнда көп мән жатқанын, мұны осыдан жиырма екі жылға жуық бұрын жазғанын айтар болсақ, зор сенімді ақтаудың шын мәнісінде тарихи сипаты мен мағынасы кешегі мен бүгінгі көкжиектерден ортақ ойды толқытады.
Халық қалаулысының ерекше арнайы хатына ізгі ниетпен жеке, қысқаша хат түрінде жауап берген Қасымжомарт Кемелұлының «Барша Қазақстан халқының ортақ арманы – Отанымыздың қуатты, тұрмысы оңды, мемлекетіміздің абыройы биік болуы ғой. Мақалаңызда ел тағдырып, оның болашағы жайлы қозғаған тың пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз мені де ойға қалдырғанын жасырмаймын. Оларды негізінен оң бағалаймын, мүмкіндігінше Үкімет істерінде ескеретінімді де білдіргім келеді», деп жазғанына қазір де терең мән бергеніміз абзал.
Бұл күндері Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды», деген азаматтық ұстанымының негізгі қағидалары Шерағаның хатында да көрініс тапқанын аңғаруға болады.
Өз халқының шын мәнінде қолдауына ие, беделді де сыйлы Шераға – Шерхан Мұртазаның ар¬тында қалдырған мол әдеби шығармалары мен қайталана бермес қайраткерлік, есе жібермес күрескерлік жазбалары, өткір бірауыз сөзі де біздің қоғам үшін, өзі өмір бойы қастерлей білген халқы үшін рухани құндылықтары болып қалатыны хақ. Биыл туғанына 90 жыл толғалы отырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің сүйікті Отаны алдындағы қарызы мен парызын адал атқарған өнегесінің өзі өміршең. Қазақ мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан дара тұлғаның мұрасымен бірге есімін ұрпақтар санасында жаңғырту да киелі парыз.
Елдің шерін тарқатқан, өмірде таңдаған жолынан таймаған Шерағаның шыңы мен шындығы сондықтан да біз үшін тым биік әрі қымбат.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Парламент Мәжілісінің
Депутаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.