ҚЫРМАН ТОЛЫ ҚЫЗЫЛ БИДАЙ

0

Ерте көктемнен білек сыбанып, алқаптарда еңбек атты алапат майданға араласқан шаруалардың әлі де болса жұмысы шаш-етектен. Күзгі жиын-терім науқаны аяқталды десекте, «Дала аруы» жүгеріні жинау жұмыстары жалғасуда. Ал, жалпы 2022 жыл аудан шаруалары мен диқандары үшін табысты болды деуге болады. Жауынды көктем, тосын мінезсіз жаз нәсібін жерден емген жандар үшін қолайлы жағдай. Ауданымыздың аграршылары биылғы жылдың он айының қорытындысын шығарды. Солараға аз-кем тоқталып өтсек.
Аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес Қордай ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 609 175 гектар аумақты алып жатыр. Оның ішінде көп жылдық екпелер 684, шабындық жерлер 9 103, жайылымдық жерлер 455 101, жалпы егістік жерлер 139 581, оның ішінде суармалы жерлер 39 404 гектарды құрайды. Биылғы жылы 128 761 гектар алқап егістікке пайдаланылған. Жекелей дақылдарға тоқталсақ, 22 200 гектар алқапқа күздік бидай, 46 200 гектарға жаздық арпа, 8000 гектарға дәндік жүгері, 3750 гектарға картоп, 6210 гектарға көкөніс, 600 гектарға бақша дақылдары, 900 гектарға майлы дақылдар себіліп, азықтық дақылдар көлемі 40 901 гектарды құраған. 10 820 гектарға пар дайындалыпты. Күзгі жиын-терім барысында жалпысы 68 400 гектар масақты дақыл шашау шығарылмай ораққа түсіп, 141 744 тонна астық қамбаға құйылған. Орташа өнімділік аудан бойынша 20,7 центнерді құраған. Оның ішінде 47 064 тонна болған күздік бидайдан орташа өнімділік 21,2 центнер болып отыр. Осы орайда аудан шаруалары негізінен «Стекловидная-24», «Безостая-100», «Богарная-56» тұқым сорттарын қолданған. Бұл сорттар біздің ауданымызға әбден жерсінген, жақсы өнімділігімен ерекшеленеді. Алайда, қордайлық шаруалар жыл сайын масақты дақылдардың жаңа сорттарын пайдаланып, тәжірибе жүргізуден де жүрексінбейді. Мәселен, «Сарыбұлақ» ЖШС, «Самғау», «Нөсер», «Бәйтерек» шаруа қожалықтары француздық «Евклип» атты бидай сортын 47 гектарға пайдаланып, әр гектарынан 56 центнер өнім алған. Сонымен қатар, ресейлік «Бригада», «Гром», «Этнос» деп аталатын бидай сорттарының әрқайсысы 100 гектарға себіліп, әр гектарынан 45-48 центнер өнім алынған. Бұл тамаша көрсеткіш екені анық. Аталмыш шаруалар бұл сорттарды келесі жылы да пайдаланбақ. Ең бастысы шығымы жақсы, бидайы бітік, өнімділігі аса жоғары. Келесі жылға күздік бидай себуге 22500 гектар жоспарланса, бүгінгі күнге 18480 гектар алқапта жұмыстар аяқталған.
Малдың қоңын көтеретін арпа мәселесіне келер болсақ, 46 200 гектар алқапқа себілген жаздық арпадан 94 710 тонна өнім алынған. Орташа гектарынан 20,5 центнер. Мұнда негізгі тұқым қордайлықтар үшін жақсы таныс «Бәйшешек» сорты. Ал, «Нұр Ал» ЖШС «Айдын» атты арпаның күздік сортын сеуіп, әр гектардан 35 центнер өнім алған. Аудан бойынша майлы дақылдардан 639 тонна өнім алынса, 8000 гектарға себілген дәндік жүгеріден 60 000 тонна өнім алынған. Күздің соңына дейін жалғасатын жүгері ору науқанында әр гектардан 75 центнер өнім алу жоспарлануда. Аудан шаруалары «Сигидра», «Клеопатра», «Пионер П-1570» және «Андромеда» сорттарын еккен. Қазіргі таңда жүгері жинау науқаны 96,6 пайызға аяқталған.
Жалпы аудан бойынша егін орағына 105 астық комбайндары, 368 автокөлік пен 582 трактор тіркемелерімен жұмылдырылған. Астық қабылдауға 21 қырман, 29 автокөлік таразылары және 15 тоқым тазалағыш қондырылғылары тартылған. Ал, ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны аяқталуына байланысты аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі мынадай деректерді ұсынды. 95 850 — тонна картоп, орташа өнімділігі әр гектардан 255,6 центнер, 105 364 — тонна пияз, әр гектардан 280 центнер, қырыққабат – 6 837 тонна, әр гектардан 265 центнер, сәбіз – 7 960 тонна, орташа өнімділігі әр гектардан 300 центнер, қияр – 5 058 тонна, орташа өнімділігі әр гектардан 335 центнер, қызанақ – 10 920 тонна, әр гектарынан орташа өнімділік 300 центнер, бақша өнімдері – 18 000 тонна, орташа өнімділік әр гектарынан 300 центнер.
Биылғы жыл шөп шығымының жақсы болуымен ерекшеленді. Әсіресе, таулы аймақтарда көпжылдық шөптер белуардан асып түсті. Бұл мал азығын дайындау үшін тамаша мүмкіндік. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген шаруалар 50 145 гектар алқап шабындыққа орақ салып, 367,8 мың тонна шөп, 15 тонна пішендеме, 74, 4 мың тонна сабан және 17 мың тонна сүрлемдік жүрегі дайындаған. Бұл қыстан қысылмай шығуға толығымен жетеді.
Маңызды азық-түлік тауарларын сақтайтын қойманың жөні бір бөлек. Қыс айларында тұтынатын тауарларды сақтау үшін арнайы орындардың болғаны абзал. Қазіргі таңда аудан бойынша 37 қойма орналасқан. Жалпы сыйымдылығы 45 100 тонна болады. Биыл өнімі 105 тоннадан асқан пияз сол қоймаларда сақталмақ екен. Бүгінде аталмыш 37 қойманың 27-і 75 пайызға толыпты. Қоймаларға азық-түлік сақтау жұмыстары әлі де жалғасуда. Осында айта кетерлігі, былтырғы жылы қыс айларында аталмыш қоймалардың 33-де 23 300 тонна пияз сақталған.
Енді ауданның ауыл шаруашылығына тартылған инвестицияға тоқталып өтсек. Ағымдағы жылдың 9 айында 1524,5 млн теңгеге инвестиция тартылыпты. Мәселен, Ноғайбай ауылында екі жеке кәсіпкер мал қорасын салу бойынша жұмысты қолға алса, Степнойда «Данэль» шаруа қожалығы 1500 құс ұстайтын модуль орнатқан. Ал, СПК «Бірлік Қордай» 147 млн теңгеге тамшылатып суару жүйесін бастаса, Отар ауылында «Ұлы Дала» компаниясы жаңбырлатып суару қондырғысын 357 млн теңгеге орнатқан. Жалпы, ауылшаруашылығы техникаларын алу үшін аудан бойынша 550 млн теңге тартылыпты.
Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.