ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНА
МЕМЛЕКЕТТІК САПАРМЕН БАРЫП, КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
«Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», деді Мемлекет басшысы.
«Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік», деді Президент.
Кездесу барысында екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту, сауда және экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ Президент 18 мамырда Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен кездесіп және мемлекеттік сапар аясында бірқатар шара өткізді. Оған қоса, Президент Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне және «Орталық Азия – Қытай» саммитіне қатысты. Сонымен қатар Президент еліміздің Сиань қаласындағы Бас консулдығының салтанатты түрде ашылу рәсіміне барды.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.
«Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет», деді ҚХР Төрағасы.
Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
www.akorda.kz