ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ ВАКЦИНАЦИЯНЫҢ МАҢЫЗЫ

0

Қызылша — бұл, көбіне, балаларда кездесетін және температураның жоғарылауымен, мұрынның, көздің, тамақтың шырышты қабығының катаральды қабынуымен, теріде дақты бөртпенің пайда болуымен сипатталатын кең таралған жедел жұқпалы ауру. Ол әсіресе 5 жасқа дейінгі балаларда ауыр асқынулар тудыруы мүмкін.

 Вирусқа қарсы иммунитеті жоқ (вакцинацияланбаған немесе бұрын ауырмаған) кез-келген адам қызылшамен ауыруы мүмкін. Әсіресе бір жастан төрт жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Сондай-ақ, тәуекел тобына медициналық және білім беру ұйымдарының қызметкерлері, сауда, мигранттар және т.б. кіреді.

Инфекция ошағы — қызылшамен ауыратын адам. Вирус түшкіру, жөтелу, сөйлесу кезінде ауа тамшылары арқылы таралады. Жүкті әйел жұқтырған жағдайда трансплацентарлы берілу жолы болуы мүмкін.

Қызылша кезінде орталық жүйке, тыныс алу жүйелерінің және асқазан-ішек жолдарының жұмысына байланысты бірқатар асқынулардың дамуы мүмкін. Олардың ішінде: ларингит, круп (көмей стенозы), бронхит, трахеит, отит, синусит, пневмония, қызылша энцефалиті, гепатит бар.

Қызылшаның алдын-алудың жалғыз дәлелденген және тиімді құралы – сенімді әрі ұзақ мерзімді иммунитетті қалыптастыратын вакцинация. Қызылшаға қарсы иммундау препараттарды енгізу мерзімдерін реттейтін Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Балалар 1 жасында және 6 жасында егіледі.

Бұрын қызылшамен ауырмаған, қызылшаға қарсы егілмеген немесе бір рет егілген ересектер 35 жасқа дейін егіледі. 55 жасқа дейін тәуекел тобына жататын ересектер (медицина қызметкерлері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері және т.б.) егіледі. Вакцинаны екі рет енгізгеннен кейін бұл инфекцияға тұрақты ұзақ мерзімді иммунитет қалыптасады.

Денсаулығыңызға мұқият болыңыз. Асқынуларды болдырмау және айналаңыздағыларға жұқтырмау үшін ауру пайда болған кезде уақытылы білікті медициналық көмекке жүгініңіз. Өзіңізді жұқтыру қаупіне ұшыратқаннан гөрі егу және аурудың алдын алу оңайырақ.

Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.