Осы ұстанымды сонау заманда-ақ ата-бабаларымыз айтып кеткені бекер емес. Өйткені, бүгінгі қыз – ертеңгі келін, болашақ ана. Демек, ел болашағын өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсіретін жан. Қазіргі заман қыз тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет ететіні де рас. Себебі біз қызды тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз. Жалпы қоғам, ел мен ұлт – отбасынан құралады. Ал шаңырақтың алтын діңгегі – ол әйел-ана. Ата-бабамыз бесікте жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз баланың ертеңгі күні ибалы келін болатынын ертеректе айтып кеткен.
Осы орайда сәрсенбі күні аудан басшылығының қолдауымен аудандық білім бөлімі ұйымдастырған «Қызым — үйде, қылығы – түзде» атты аудандық ток-шоу өтті. Аудандық Мәдениет үйіндегі шараға жоғары сыныпта білім алып жүрген бойжеткендер көптеп жиналды. Зал толы ток-шоу қатысушыларының алдында «Махаббат» халықтық би ансамблі және «Нұрсұлтан» би ансамблі өнер көрсетті.
Қазақ халқы ертеден қыз баланың тәрбиесіне ерекше назар аударған. Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербететін нәзік жан иелерінің қоғамда қалыптасуы қашан да маңызды. Тәрбиелік маңызы зор шара барысында онлайн байланысқа шыққан Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Ғылым жөніндегі вице-президенті Анар Тәңірбергенова, міне, осылар жайында сөз етті.
Көпшілік алдында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай «Қызым – үйде, қылығы – түзде» атты тақырыптың аясында сөз қозғалғаны бүгінгі таңда өте маңызды екенін атап көрсетті.
— Соңғы жылдары ақыл-ой, биік деңгейдегі қабілет пен қасиеті, әсіресе, ұл балаларға ана қанымен берілетінін генетиктер ғылыми тұрғыдан дәлелдеді. Мұны әлеуметтік желілер арқылы көріп, оқып жүрген боларсыздар. Сондықтан, бүгінгі шараның маңыздылығы жоғары. Ал нәзік жанды арулар осыны есте сақтап, құлақ асуы керек. Қазақ халқы ежелгі заманда-ақ «Алып анадан туады» деп, білімді, парасатты әрі текті ұрпақ анадан туатынын айтып кеткен. Қазіргідей ғылым мен білім дамымай тұрғанда-ақ, «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп бір ауыз сөзбен түйіп айтқан. Өйткені, ата-бабаларымыз ана – тек бір отбасының, бір әулеттің ұрпағын жалғастырушы ғана емес, бүкіл ұлт ұрпағын қалыптастыратын тұлға деп есептеген, — деді өз сөзінде Дамира Маратқызы.
Келесі болып мінберге көтерілген аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков қазақ халқының рухани ұстанымы мен дәстүрлі тәрбиесі жайында баяндама жасады. Өз сөзінде Санат Сағынбекұлы жазушы, қоғам қайраткері, халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың: «Қыз тәрбиелеу – ұлт тәрбиелеу деген сөз. Біздің әр үйде өсіп жатқан қаракөз қыздарымыз – бәрі қазақтың болашақ ұрпағының анасы, ұлттың әжесі. Сондықтан, қызымызды ата-баба дәстүрімен, қырық үйден тыйым салатын сәлиқалы салтымызбен өсіруіміз керек», — деген қанатты сөзін мысал етіп келтірді.
Ары қарай онлайн байланысқа шыққан Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының тәрбие және қосымша білім беру маманы Эльмира Амангелдина бірқатар цифрларды келтірді. Эльмира Пернебекқызының сөзінше, облыстағы мектептердегі тәрбие жұмысы «Біртұтас білім беру» бағдарламасы негізінде жүргізілуде. Айта кетейік, бағдарламаның мақсаты – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы азамат тәрбиелеу. Ұлттық мүдде, ар-ождан, ризашылық, қайырымдылық, ынта-жігер сынды құндылықтар білім беру ұйымдарының барлық тәрбиелік жұмысының мазмұнында көрініс табуда. Білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің тұрақты басымдықтары оқушылардың саулығын сақтау, оларға жеке тұлға ретінде құрмет пен сенім көрсету, құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарындағы білім алушыларды тәрбиелеу оқу пәндерінің мазмұны, сынып сағаттары мен іс-шаралар, сыныптан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру (үйірмелер, секциялар, факультативтер) арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, облыста жалпы 447 мектеп бар, оларда 126 мыңнан астам қыз балалар білім алуда. 2023-2026 жылдарға арналған білім беру мен тәрбиелеудің жоспары жасалып, соның негізінде барлық білім ошақтарында іс-шаралар өтуде.
Келесі кезекте аудандық орталық аурухананың гинекологы Тарана Ахвердиева мен «Экомед-Тараз» клиникасының репродуктологы Зухра Абдиева (онлайн) жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы және ерте жүктіліктің алдын алу бойынша, ал Қордай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Ардақ Шакурова «Жастардың жыныстық мінез-құлқын қалыптастыруға әсер ететін факторлар» тақырыбында баяндама жасады.
Бұдан кейін залға жиналған аруларға көлемді экран арқылы бейнероликтер көрсетілді. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысып, жүкті болып қалған қыз жайлы бейнероликтің көпшіліктің жадында қалары сөзсіз. Бақытты отбасында өсіп жатқан өрімдей бойжеткен бірінші кездесуде-ақ жігіттің арбауына түсіп, ұйып отырған жанұяның шырқы бұзылып, әкесі мен анасына да қиындық әкелген оқиға өте әсерлі түсірілген.
Ток-шоудың қорытындысы ретінде залдағы қыздардың арасынан ең шашы ұзын екі ару таңдалып, іс-шара модераторы Ақмарал Қонбаева мен Бетқайнар ауылының Аналар алқасының төрайымы Шолпан Сапарбайқызы Мейірман олардың бұрымына шашбау тақты. Зал ішімен жүріп өткен шашбаулы қыздардың жүріс-тұрысы көпшілікке ұнап, екеуіне аудандық білім бөлімінің атынан сыйлықтар берілді.
Қазақ халқының әрбір ырымына, тиымына, салт-дәстүріне байыптап қарасаңыз, кішкентай ғана дүниенің арғы жағында үлкен мағына жатқаны байқалады. Тұрмысқа шықпаған қызына міндетті түрде атаулы әшекейлерді, яғни оюланған шашбау, күмістелген шолпы тақтырады. Бұл әшекейлер сол заманғы қыз атаулының символы іспетті. Сонымен, шаштың әдемілігін арттырған бұл бұйымдарды тағудағы түпкі мағына қандай? Шолпы шаштың ұшына, шашбау бұрымның түбіне ілініп шашпен бірге өріледі. Осылайша, шаш салмағы ауырланып, ерте күнінен осы әшекейлерді таққан қыз арқасын түзу ұстап, сәнді жүре алады. Шолпы салмағының арқасында шаш ұзын болып өсіп, ауыр салмақтың әсерінен күнделікті бас ауруы деген түсінік болмаған. Қоңыраулы шолпы тағу арқылы қыздың артық оғаш қимыл жасамауына мән берген. Әшекейдің сыңғырлап дауысының естіле бастағаны, яғни үйге қыз бала кіріп келе жатқаны деп үлкендер реттеліп, жинақталып отырған. Шашбаудың дыбысы жиі, қатты шықса ұшқалақ, сумаң қылықты қыз болғаны, ал ақырын ғана естілген шашбаулы қыздың мінезі өте сабырлы, биязы, нәзік екенін аңғартқан.
Осы кездесуде сөз алған еңбек ардагері Атхан Иманалиев бойжеткендерге өсиеті мен аталы сөзін айтып, қазақ қыздарының инабатты болып өсуі және отбасылық тәрбиенің маңызы жайлы ой бөлісті.
«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Жасыратыны жоқ қазіргі заманда кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Ал ата-ананың, әсіресе аяулы ананың жылулығын көрмей өскен ұл-қыз қатыгез болып өсуі де ғажап емес. Сондықтан, осы шарадан жалпы түйген ойымыз – ол балалардың бос уақытта немен айналысып жүргенін бақылап, қандай әлеуметтік желіде отыратынын қарап, жиі емін-еркін әңгімеге тартып, барынша мейірім мен шуақ таныту керек.
Анжела ИЗАЕВА