ҮЙ АУЛАСЫНДА, КӨШЕ БОЙЫНДА ҚОҚЫС ЖӘНЕ ҚУРАҒАН ШӨП ЖАҒУ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ӘКЕЛЕДІ

0

Көктемде, күз айларында жеке сектордағы тұрғындар өздерінің учаскелерін, үй маңындағы алаңдарды тазалайды, бірақ қоқысты жағу – көптеген адамдар істейтін заңсыз әрекет болып табылатынын біле бермейді. Бүгін біз мұндай құқық бұзушылықтар үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын және дұрыс от жағу тәсілдері туралы айтып береміз.

Егер, сіз далада от жағатын болсаңыз, бұл белгілі бір ережелер мен заң талаптарын сақтауды қажет етеді. Себебі, ғимараттарға жақын немесе тау етегіндегі жағып қойылған оттар көбінесе өртке себеп болуы мүмкін.

Жауапкершілікке келетін болсақ, ҚР Әкімшілік кодексінің 336-бабы «Атмосфералық ауаның және өрт қауіпсіздігін қорғау талаптарын сақтамау». Бұл бойынша:

— Жеке тұлғаларға – 20 АЕК;

— Лауазымды тұлғаларға – 50 АЕК;

— Кіші кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200 АЕК;

— Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК;

— Үлкен кәсіпкерлік субъектілеріне — 500 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Әкімшілік кодекстің 410-бабы «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау, техникалық регламенттерде белгіленген талаптарды қоспағанда»

бірінші бұзушылық үшін – 5 АЕК айыппұл, қайталанған бұзушылық үшін жеке тұлғаларға – 10 АЕК, кіші кәсіпкерлік субъектілеріне – 20 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 30 АЕК, үлкен кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК айыппұл салынады.

Егер өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудың салдарынан өрт шықса және адам немесе үлкен көлемде мүлік зардап шексе, іс қылмыстық құқық бұзушылыққа ауысуы мүмкін.

Қоқыс жағуға рұқсат етіледі, бірақ қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Қоқыс жағу тек күндізгі уақытта жүзеге асырылуы керек. Жанында өрт сөндіргіш немесе су болуы қажет. Қоқыс жағылғаннан кейін, отты толық өшіріп, үстін жапқан жөн. Сонымен қатар, өртті ғимараттарға жақын (50 метрден кем емес) және айналадағы бұтақтар мен жапырақтардан алшақ жерде жағу қажет.

А.АМАНГЕЛДІ, Қордай аудандық ТЖ бөлімінің инженері

Leave A Reply

Your email address will not be published.