Өзінің жеке үйі туралы армандамайтын жан жоқ. Біреулер бар жиған-тергеніне, біреулер ипотекаға пәтер сатып алса, басқалары өз арманындағы жеке үйін тұрғызуға білек сыбана кірісіп жатады.
Алайда, жеке үй тұрғызу Ережелерін сақтау керектігін қалың көпшілік біле бермейтіні анық. Сондықтан, заң талаптары бұзылған соң, салынып қойған үйдің бұзылу оқиғалары да кездеседі.
Ендеше, осындай келеңсіздіктер орын алмас үшін жер телімін алып, жеке үй тұрғызу алдында қандай Ережелерді ұстану керек екені, жеке тұрғын үй құрылысын рәсімдеу ережелерін назарларыңызға ұсынамыз.
1. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерді сатып немесе қала, ауданнан кезекпен алмас бұрын таңдалған қоныс жер телімі ҚР заңдарында белгiленген тәртiппен жеке тұрғын үй орналастыру және шаруашылық жүргiзу үшiн азаматқа берiлген жер учаскесi екеніне, бұл учаскені белгілі уақыттан кейін мемлекет қажеттілігіне тартып алмайтынына көз жеткізіңіз. Жер телімі қаланың не жергілікті жердің бас жоспарына сәйкестігін, жақын уақытта айталық, бұл жер телімі арқылы облыстық немесе аудандық маңызы бар жол салынбайтынын тексеріңіз.
Бұл мәліметті қала мен ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінен толық алуға болады.
Сондай-ақ, белгілі шектеулер де бар. Мәселен, құрылысты зираттардың санитарлы-қорғау аумақтарында (сібір жарасы, биотермиялық шұңқырлар), жоғары кернеулі электр тарату желілері және өндірістік-кәсіптік нысандарды (асфальт-бетон зауыты) салуда арнайы қойылған шектеулерді қаперге алған
2. Таңдаған жер теліміңіз бөлінбейтін және оның үлескер қожайыны болсаңыз, мамандардың айтуынша, сатып алу-сату келісім шартын жасамас бұрын, алдағы салынатын жеке тұрғын үй құрылысына көршіңіздің келісімін алғаныңыз абзал.
Ең дұрысы – рұқсатты нотариалды түрде рәсімдеу қажет. Себебі, жер учаскесінің бір үлескер қожайыны құрылысқа келісімін бермесе, үйіңізді тұрғызуға қиындықтар туындайды.
3. Жер телімін сатып немесе кезекпен алғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасын, яғни болашақ үйіңіздің жоспарын жобалау мен әзірлеуге рұқсат құжаттарын алуыңыз қажет.
Ол үшін алдымен www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне өтінішіңізді, бекітілген жобалау тапсырмасын, жер учаскесінің құжаттарын, техникалық шарттарға арналған сауалнамалық парақты тапсырасыз.
Техникалық парақта коммуникацияларды өткізгендегі қажетті жүктеме мен қуаттылық белгіленеді.
Мәселен, жер үйлерде электр қуаты күніне 5 КВт, су күніне 0,76 текше метр болады. Бұл қызметтер мемлекеттік болғандықтан тегін жасалады. Құжаттарыңызды www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тапсырғаннан кейін сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды 6 жұмыс күні ішінде ала аласыз. Бұл құжаттар құрылыс жүргізіліп жатқан бүкіл мерзім бойы жарамды. Өтінішіңіз қабылданбаса 5 күн ішінде негізделген жауап келеді.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасында сейсмикалық жағдай, үй көлемі (жер телімінің 20 пайызы көгалдандыруға жұмсалуы керек), жердің үйге қарағандағы пайыздық ара салмағы, әрлеу және инженерлік желілерге қойылатын талаптар, құрылысты жүргізуге қойылатын талаптар ескеріледі.
4. Тапсырыс беруші Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алғаннан кейін эскиздік жобасы әзірленеді. Салынатын үйдің жоспарын жеке меншік кәсіби мамандары дайындауы тиіс. Баға мөлшері үйдің ауқымына қарай өзгереді. Бұл құжатта техникалық шарттар, атап айтқанда, жарық беру, су, газ жүргізу, кәріз нүктелері және жер шекарасынан бері қойылған шегініс де жазылуы қажет.
Сондай-ақ, шаруашылық құрылыстарын, гараж, қоймаларды да көрсету керек. Бұл нысандар техникалық (паспорт) құжатқа енгізіліп, жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығынан (Әділет органы) тіркеуден өту қажет.
Жобада қауіпсіз тұру талаптарына сай келетін, тұрғын ғимараттарға арналған ең аз мемлекеттік нормативтер және стандарттардан төмен емес құрылымдық және жоспарлау шешімдері көрсетіледі.
Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» ҚР (03.11.1994 ж N213) Заңының 3-бабына сәйкес, құрылыс салушы тұрғын үйдi белгiленген құрылыс және мiндеттi қалыптар ережелердi бұзбайтын және облыстық маңызы бар қаланың, ауданның жергiлiктi атқарушы органының сәулет және қала құрылысы бөлімімен келiсiлген кез келген жоба бойынша салуға құқылысыз.
Белгiленген тәртiппен бекiтiлiп берiлген учаскесiнде орналасқан тұрғын үй мен басқа да құрылыстардың көлемiн олардың сыртқы тұрқы (соның iшiнде биiктiгі) осы құрылыстар, сондай-ақ шектес жер учаскелерiндегi белгiленген мiндеттi қалыптық, санитариялық, өрттен қорғау және техникалық арақашықтықты қамтамасыз ететiн жағдайда жеке құрылыс салушы дербес белгiлейдi.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) 60 бабының 2 тармағы 1) тармақшасына сәйкес, облыстық маңызы бар қаланың, аудандардың (аудандық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарымен келiсiм бойынша тапсырысшы (жеке меншiк иесi) жобалау (жобалық-сметалық) құжаттамаларынсыз, не нобайлар (нобайлық жобалар) бойынша, сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары немесе iске асыру кезiнде арнаулы жобалық шешімдер мен іс-шараларды талап ететін өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық) және геотехникалық жағдайлары бар аймақтарда құрылыс салуды қоспағанда, жеке тұрғын үйлер салуды жүзеге асыра алады
5. Дайын болған эскиздік жобаны келісу – маңызды қадам.
Барлық құжаттар www.egov.kz, www.elicense.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жергілікті сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жіберіледі. Эскиздік жобаның көшірмесі болуы шарт. Құжаттарды қарау мерзімі – 10 күнді құрайды. Тұрғын үйдің жоспары бекітілгеннен кейін ешқандай өзгерістер енгізе алмайсыз. Құрылыс эскиздік жобамен сәйкесіп жүргізілгені абзал. Олай болмаған жағдайда оны пайдалануға қабылдамау қаупі де жоқ емес. Сарапшылардың айтуынша, көбінесе шекара сызығынан шегініс жасамау жағдайлары орын алып жатады екен.
Осы шарттарды орындағаннан кейін жеке тұрғын үйді тұрғызуға кіріссеңіз болады.
6. Тұрғын үй құрылысының құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғаннан соң, «Меншік иесінің салынған объектіні пайдалануға дербес қабылдау қағидаларын, сондай-ақ қабылдау актісінің нысанын бекіту туралы» ҚР Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы № 867 бұйрығына сәйкес, пайдалануға қабылдау Актісі арқылы жүзеге асырылатынын назарларыңызға жеткіземіз.
Жеке тұрғын үй пайдалануға қабылдау актісімен қабылданғанан кейін, жергілікті қалалық және аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тіркеуден өткізу міндетті.
Жамбыл облысы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы
басқармасы