Атамыз қазақ ерте заманнан-ақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше назар аударған. Әсіресе, қыз балаға аса көңіл бөлген, оны ақылды да ибалы, сұлу да әдепті, мейірімді де қайырымды етіп, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеген.
Бүгінгі таңда бұл құндылықтар ұрпақ сабақтастығы арқылы жалғасын тауып келеді. 14 мамыр күні нәзік жанды аруларды ізеттілік, ісмерлік негізінде тәрбиелеу, танымдық, шығармашылық қабілетін ашуға үлес қосу және халқымыздың салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында «Қордай аруы – 2024» байқауының аудандық кезеңі өтті.
«Ұлттық мұра» жобасы аясында және Жамбыл облысының 85 жылдығына орай Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен сайыстың ауылдық іріктеу кезеңі 21 елді мекенді қамтыған болатын. Ақылына көркі сай аруларымыз аудандық байқауға жолдама алып, бақ сынасты.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені Ауқатты ауылынан Айым Төлегенова жеңіп алды. І орынды Әлжан ана ауылынан Қонақбай Анель, ІІ орынды Қордай ауылынан Амангелді Аружан, ІІІ орынды Сарыбұлақ ауылынан Заухан Айгүл мен Масаншы ауылынан Шытырбай Шапағат иеленді. Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар, дипломдар табысталды. Аруларымызды шын жүректен құттықтаймыз!