ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ ИГІ ІС

0

Халқымызда «Қарт кісіні қадірле, өзің де қарт боларсың» деген ұлағатты сөз бар. Бүгінде әрбір шаңырақта отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің

өзі бір ғанибет.

 

Бұл орайда, 1 қазан – қарттар күніне орай аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов қазыналы қарияларымызды қабылдап, аудан басшысы Бегзат Болатбековтың құттықтау тілегін жеткізді. Аудан әкімдігінде өткен салтанатты жиында «Алтын алқа» иегері Анар Мамырбаева, денсаулық сақтау саласының ардагері Есімқұл Халықбаев, сауда-саттық саласының ардагері Сағымкүл Сәрсенбаева, білім саласының ардагерлері Тамара Гранкина мен Сайма Амерханова, сондай-ақ, ауылшаруашылық саласының ардагерлері Ықлас Боранбаев, Жеңіс Ордашев, Магомед Фараджиев, Нағашбек Бұлтаев, Губар Паншаров сынды кезінде елге өлшеусіз қызмет етіп, туған жердің дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері бас қосты.

«Бүгін біз 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесінде бас қосып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, аға ұрпақтың еңбегі мен өнегесі – еліміздің берекесі мен бірлігінің берік тірегі.

Жуырда ғана аталып өткен Еңбек күні мен бүгінгі Қарттар күні – бір-бірімен тығыз байланысты мерекелер. Өйткені еңбекқорлық пен табандылықтың ең жарқын үлгісін дәл сіздер көрсеттіңіздер.

Бүгінгі мерекемен баршаңызды құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!»,-деген Бақыт Оңласынұлы ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген бірқатар ардагерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.

Мерекелік жиында Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет сөз алып мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып өтсе, қазыналы қарттар аудан әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан құрметке ризашылықтарын білдіріп, елдің тыныштығы мен амандығын тілеп, ақ баталарын берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.