ҮШ БАҚЫТЫМ

0

Сәби дүниеге келсе – ол үлкен қуаныш. Ал бірден үш сәби дүние есігін ашса – бұл шексіз бақыт, Алланың берген ерекше сыйы. Мұндай сәттер жиі бола бермейді. Қордай ауылында тұратын Ермековтер отбасында осындай ерекше қуаныш осыдан 17 жыл бұрын болған еді. 2007 жылы олардың отбасында үшем – Аружан, Алинұр және Алияр дүниеге келді.

Сол жылдары бұл жаңалықты бүкіл аудан сүйіншілеп қабылдады. Себебі мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Міне, сол кішкентай сәбилер бүгінде ер жетіп, мектеппен қоштасқалы отыр.

Үшемдер Алматы қаласында жарық дүние есігін ашты. 2014 жылы олар М.Ломоносов атындағы мектептің табалдырығын аттады. Сол күн кеше ғана сияқты еді, бүгінде олар он жетіге толып, үлкен өмірге қадам басуға дайындалып жатыр.

– Аружан, Алинұр және Алияр мерзімінен бұрын туылған, өте кішкентай еді. Сол үш балаларды аман-есен көтеріп, жарық дүниеге әкелгеніме әлі күнге дейін таңғаламын. Енді, міне, олар – мектеп бітіруші түлектер. Мен үшін олар – ең ақылды, ең сұлу, ең сүйікті балаларым, – дейді анасы Эльмира Ибрайқұлова толқынысын жасыра алмай.

Бүгінде үшемдер әрқайсысы өзіндік болмысы мен ерекшелігі бар тұлғаларға айналды. Аружан – сабырлы, мейірімді қыз. Бала кезінен би сайыстарында көзге түскен ол бүгінде жеңгесі Мәдинаның қас-қабағына қарап, бауырларын бағып, отбасыға көмектесуде.

Алинұр – өмірге белсенді қарайтын, кәсіпке икемі бар. Ол «Жас кәсіпкер» аудандық байқауында жеңімпаз атанып, бала күнінен-ақ табандылығын көрсете білді. Қазір әкесіне отбасылық кәсіпте қолғабыс етіп жүр. Бос уақытында футбол ойнап, спорттық жетістіктерге жетуде.

Алияр да спортқа жақын. Ағасы екеуі футбол алаңында бірін-бірі толықтырып, жарыстарда жүлделі орындар алып жүр. Ол – сабырлы, ойланып сөйлейтін байсалды жан.

Қазір үшеуі де ҰБТ-ға қызу дайындалып жатыр. Бұл олардың болашағын айқындайтын маңызды белес.

Осы жылдар ішінде отбасында көптеген қуанышты сәттер болды. 2021 жылы үлкен ағалары Алимжан шаңырақ көтеріп, ата-анасы Сәрсен мен Эльмира алғаш рет ата-әже атанды. Бақыт пен береке еселене түсті. Ал сол жақсы күндердің бастауы – 2007 жылы өмірге келген үшемдер екенін отбасы мүшелері ерекше мақтанышпен айтады.

Аружан медицина саласын таңдамақ – адамдарға көмектесуді өмірлік мақсаты деп біледі. Ал Алинұр мен Алияр әлі нақты шешім қабылдамағанымен, олардың өз жолын табатынына отбасы сенімді.

Үшемдерді алда үлкен өмір күтіп тұр. Оларға тек сәттілік пен жарқын болашақ тілейміз!

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.