Былтырғы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде Наурызнама тұжырымдамасы бекітілді. Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде 14 наурыздан бастап тойланатын болды. Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы, он күн бойы өтетін салтанат ізгі амалдарға, мәдени сауық кештер мен әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналмақ.
Наурыз – ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын, бірлік пен ынтымақты нығайта түсетін ізгі мейрам. Ол енді жаңа сипатта, бағдарламасы байытылған түрде думандатыла бастайды. Мақсат – осы уақытқа дейін қалыптасқан тұжырымды түбегейлі өзгерту емес, көне мерекенің бастапқы мәнін қайтарып, оның қыр-сырын толық ашу. Мұның бәрі қазақы дүниетаныммен, ұлттық сана-сезіммен және елдің игі өзгерістерге деген ұмтылысымен үндес. Наурызды мемлекеттiк мереке ретiнде Ауғанстан, Иран, Әзербайжан, Албания, Грузия, Үндістан, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түрікменстан, Татарстан, Дағыстан және Өзбекстан мен Тәжiкстан елдері атап өтедi. Түркі тілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі саналатын Наурыз мерекесін әр ел өзінше тойлағанмен, барлығы бір мақсатқа үндейді. Наурыз – халықты татулық пен бірлікке шақырады. Қазақстандағы Наурыз құнарлылықты, достық пен махаббатты білдіреді. Осы күні адамдар әсем киініп, туған-туыстарына, жақын адамдарға қонаққа барады және жақсы тілектер білдіреді. Шығыс халықтары үшін Наурыз Жаңа жылмен бірдей, екі мереке де жаңа өмірдің хабаршысы. Парсы тілінде Наурыз мерекесінің атауы «жаңа күн» дегенді білдіреді. Наурыз мерекесі мемлекеттік мереке болғалы ұлттың өз рухын түлету жолында талай игі істердің ұйытқысы болды. Ұлық мереке Қазақстандағы тұтас ұлттың ортақ мейрамына айналып келеді. Наурыз – мемлекеттің тұтастығын, ынтымақ-бірлігін нығайтатын мереке екенін елімізді мекен еткен өзге ұлт диаспоралары да түсініп үлгерді. Қар еріп, көк шығып, табиғаттың оянатын кезі. Көктемнің лебі сезілетін уақыт. Бұның барлығы адамға ерекше әсер етеді. Жылдың басы саналатын мереке бәрімізге бір меже сияқты – өткенге есеп беріп, алдағы уақытқа жоспар құрып, үйді ретке келтіріп, көптен бері көрмеген жақындармен қауышып, құттықтап, кешірім сұрап, татуласатын кез.
14-23 наурыз аралығындағы онкүндікке «Наурызнама» деген атау берілді. Алғашқы күн, Көрісу күні, Амал мерекесі – дәстүр бойынша, бұл күні туған-туыстарға, көрші-көлемге, жасы үлкен кісілерге арнайы барып сәлем беру, құрмет көрсету, құттықтау амалдары жасалады. Қайырымдылық күні – қайырымдылықты, мейірімділікті және тату көршілікті насихаттауға бағытталған. Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – бұл атаулы дата жер-жерде мәдениет, өнер және ұлт құндылықтарын ұлықтау ұранымен өтеді. Шаңырақ күні – отбасы құндылықтары дәріптеледі. Аудан-қалаларда жас жұбайлардың некесін қию рәсімін өткізу, нәрестелі болған ата-аналарға «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтарын тарту ету, елге сыйлы ақсақалдардың Наурыз батасын алу секілді жобаларды жүзеге асыру көзделеді. Ұлттық киім күні – Ұлттық киімге арналған бұл күн ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алатын ерекше кезең. Халық рухының шағылысын бейнелейтін ұлттық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегіне тамсанып, бұл өнердегі бай мұраны зерттеп, одан шабыт алатын күн. Жаңару күні – Наурызнама онкүндігінің алтыншы күні «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасына арналады. Жаппай ағаш отырғызу дәстүрі Қазақстанның жаңару кезеңін, дамуы мен гүлденуін бейнелейді. Ұлттық спорт күні – ежелден келе жатқан салт-дәстүр мен ойын түрлері бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңгеге ілу, құсбегілік және тоғызқұмалақ, асық ату болашаққа үлгі ету мақсатында Наурыз мерекесінде кеңінен насихатталатын күн. Ынтымақ күні — ел үшін маңызды тарихи оқиғалар мен ұлттың жетістіктерін еске алу уақыты, сонымен қатар елдегі әртүрлі топтар мен қоғамдық топтарды біріктірудің маңыздылығын білдіреді. Жыл басы – 22 наурыздың әу бастан-ақ «Жыл басы» аталатыны баршамызға аян. Бұл күні әдеттегідей мәдени-көпшілік іс-шаралар легі басталып, этноауылдар сап түзесіп, мейрамдық жәрмеңкелер, әр алуан бағдарламалар шымылдығы түріледі. «Наурызнаманың» соңғы күні – 23 наурыз «Тазару» деп аталып отыр. Ел тұрғындарына осы күнді жалпыұлттық экологиялық акцияға арнап, қоршаған ортаны тазалауға бір кісідей жұмылу ұсынылып отыр. Өңірлерде көңілді мерекелік іс-шаралар өткізуді көздейтін «Тазалық эстафетасы» жария етіледі.
Биылғы Наурыз мейрамы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келіп отыр. Халқымыз қашанда «Жаңа жылдан жақсылық күт, келер күннен үмітіңді үзбе» деген. Кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің бастауы әз Наурыз берекелі де баянды болсын!