ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ, ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ

0

«Тіл — өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тілден тілдің кеңдігі болмағанымен, кемдігі жоқ» — дейді дана халқымыз. Тіл біздің темірқазығымыз. Онсыз қандай қоғам болсын өмір сүре алмайды, қоғам бар жерде ғана тіл пайда болады.  Біздің қоғам тілді қадір тұтқан, қасиет ете білген ел. Тілге деген құрмет-халыққа еткен құрметпен тең. Ата бабамыздан баға жетпес байлық болып қалған асыл қазына ол тіл. Адам баласына ана сүтімен еніп, қалыптасатын да – тіл. Еліміздің ұлттық мақтанышы – ана тіліміздің байлығы.

Бүгінгі таңда елімізде тілдің мәртебесі жоғары. Дүниежүзі таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін одан ары биіктетуіміз керек.  Ол үшін ана тілін ардақтап, елімізде тұратын өзге ұлт өкілдеріне тілді дәріптеп, баға жетпес мұра екенін түсіндіре жүруіміз қажет. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық өңірінде қазақ тілін насихаттауға, біліп, үйренемін дегендерге барлық мүмкіншілік жасалған. Бүгінгі күні өңірімізде қазақ тілін үйренуге, қазақ тілді орта қалыптастыруға арналған мекеме жұмыс жасайды. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қадірлі сипаты оның ана тілі.  Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты – мемлекеттік тіл. Қазақ жерінде, қазақ елінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Бірінші орынға шет тілдерін қоймай, қазақ тілі қазағымыздың байлығы екенін түсіндіре білуіміз керек.

Қазақ тілінің шұбарлануы, басқа тілдердің әсер етуі тілдің жойылуына алып келеді. Сол себепті тіліміздің тазалығын ұстап, әлі де болсын арнайы зерттеулер жүргізіп отыру қажет. Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау керек. Өйткені тіл барлық халықтың жүрегі.  Сондықтан әр халық өз тілін мақтап, дамытып, жұмыс жасауы керек.

Қорыта келгенде, біздің тіл әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі ерекше тіл. Тіл өлсе, халық та өледі. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болсаңызда, тіл үшін күресуге міндеттісіз.  Ал біздің міндет мемлекеттік тілді болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру, мұра ретінде дәріптеу. Өз тілімізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіру.

Елнура ӨМІРҚҰЛ, «Тілдерді оқыту орталығының» қазақ тілі оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.