Ұлт болашағына тікелей қатысы бар мәселелер қамтылды

0

Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беру қажет екеніне айрықша тоқталды. Ол ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасындағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аудару жайын айтты. Оның айтуынша, мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі қазіргі заман талабына мүлде келмейді. Әрине, Президенттің осы тақырыпты көтергені бекер емес. Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдерге қол көтеру фактілері жиі орын алуда. Осы орайда, жақында жаңа заң жобасы да қаралды.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек»,- деді Президент. Мемлекет басшысының осы сөздеріне толықтай қосылып, қолдаймын. Біз қоғамға қауіп төндіріп отырған кеселдермен бір кісідей жұмылып күресуіміз қажет.

Шынар Бейсенбаева, Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.