ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

0

10 тамыз – ұлы ойшыл, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының туған күні. Бұл күн 2020 жылдан бері ресми түрде Абай күні ретінде аталып өтілуде. Осыған орай Қордай ауданында «Абай мұрасы – ұлттық құндылық» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Шараны Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырды.

Байқаудың басты мақсаты – Абай шығармаларын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жастардың тілдік мәдениетін шыңдап, көркем сөзге деген құштарлығын ояту. Сонымен қатар, бұл байқау жас буын арасында ұлттық рухты көтеріп, дарынды жастарды анықтау алаңына айналды.

Шараға Қордай ауданының 17 мен 35 жас аралығындағы тұрғындары – тіл оқыту орталығының тыңдаушылары, колледж студенттері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және аудан жастары қатысты. Қатысушылар Абай Құнанбайұлының терең мағыналы өлеңдерін, философиялық қара сөздерін, сахналық қойылымдарға арқау болған монологтарын жатқа мәнерлеп оқып, өз өнерлерін жан-жақты қырынан көрсетті.

Байқау барысында жас өнерпаздар тек жатқа оқумен шектелмей, көркемдік элементтерді сахна тілімен үйлестіріп, тыңдаушылардың жүрегіне жол тапты. Бірі – Абай дәуірінің киім үлгісін киіп шықса, енді бірі – ақын сөздерін заманауи орындау тәсілімен жеткізді. Мұның бәрі Абай шығармашылығының уақытпен шектелмейтін мәңгілік мұра екенін тағы бір дәлелдеді.

Қазылар алқасы қатысушыларды бірнеше критерий бойынша бағалады: жатқа оқу шеберлігі, дауыс мәнері, тіл тазалығы, сахна мәдениеті және көркемдік безендіру. Әділ бағасын берген қазылар үздіктерді анықтап, жүлделі орындарды төмендегідей бөлісті:

I орын – Мөлдір Сұлтанқұл, Қордай аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі, ІI орын – Бибісұлу Кендебай, Сарыбұлақ ауылынан, студент, III орын – Серік Ербатыр, Отар ауылдық округінің тұрғыны, мектеп оқушысы. Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысқан бірқатар қатысушыларға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Ұлы ақын мұрасын ұлықтауға арналған бұл байқау аудан тұрғындарының тарапынан жоғары бағаланып, қатысушылар мен көрермендердің рухани серпіліс алуына себеп болды. Абай шығармашылығы – ұлттың болмысын айқындайтын қазына. Осындай игі шаралар арқылы сол мұраның мәңгілік маңызын жас ұрпақ санасына сіңіру – басты мақсат болып қала бермек.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.