Тұрғындардың бастапқы медициналық-санитарлық көмекті жақын жерден алуын қамтамасыз ету мақсатында 25-қазан Республика күніне орай, Масаншы ауылында ауылдық аурухана корпусы жанынан қосымша ғимарат салынып, денсаулық сақтау саласы жаңа емдеу нысанымен толықты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл медицинасының ахуалын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын. Масаншы ауылының тұрғындары жолдаудың игілігін сезіне бастады. Халықтың қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, денсаулық сақтау саласының ардагерлері арнайы қатысып, дәрігерлерге жауапты міндеттерін абыроймен орындайтынына сенім білдірді.
«Құрметті, жерлестер! Біздің ауданымызда 41 елдімекенде 45 медициналық мекеме халыққа қызмет етуде. Жалпы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың негізгі саясатының бірі медицинаның халыққа қолжетімділгін қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатта Масаншы ауылдық округіндегі аурухана қабырғасында, аурухананы кеңейту құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бүгін мереке қарсаңында салтанатты заманауи ғимарат пайдалануға берілді. Медициналық қызмет көрсету жолында баршаңызға тек табыспен жетістік тілеймін!»-деді Дамира Маратқызы.
Емхана халыққа қажетті УЗИ, физио терапия кабинеті сынды заманауи қажетті құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, жаңа емхана ауысымына 150 келушіні қабылдай алады. Бұрын ескі ғимаратта қиындық көрген 19537 халық тұратын Масаншы жұртшылығы енді аудан орталығына қатынамай жаңа мекемеде сапалы ем қабылдай алады. Осылайша, аудандағы шалғай ауыл тұрғындарына сапалы дәрігерлік көмек көрсету мәселесі шешімін таба бастады. Мұнда терапия, педиатрия бөлімшелері бар. Аталмыш емханада 8 дәрігер, 40 мейірбике, 21 кіші буын қызметкерлері жұмыс істейді. Өйткені әр дәрігердің жеке жұмыс кабинеті бар. Сонымен қатар, 52 төсектік емхана үш қабаттан тұрады. Оның ішінде он бес орын-тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, отыз бес орын-күндізгі стационар, екі паллиативті көмек көрсету орны қарастырылған.