Байтақ еліміздегі тәрізді, соңғы ғасырларда Қордай жері де сан ұлттың өкілдері бас қосқан көпұлтты мекенге айналды. 1878 жылы Қытай экспанциясының зәбірінен жойылып кетуге шақ қалған дүнген босқындары біздің өңірден пана тапса, 1893 жылдан орыс қоныстанушыларының алғашқы шаруалар тұрақтары пайда болды. Ал, екінші дүние жүзілік соғыс кезінде күштеп депортацияланған Волга бойының немістері, Қиыр Шығыстан кәрістер, кавказдық қарашай, балқар, әзірбайжан, түрік, шешен, күрді және басқа ұлттар қоныс аударды. Тың игеру жылдары қоныстанушылар легі тағы үстемеленді. Жер иесі қазақ халқының кең құшақ меймандостығы мен көмегі арқасында олардың бәрі де жаңа жерге тез сіңісіп, жергілікті жұртпен қоян-қолтық араласып кетті.
Көпұлттылық біздің тағдырымыз. Ал, ұлттар достығы ең басты байлығымыз. Мемлекетіміздің қуаты көпұлтты халқымыздың бірлігіне негізделген. Елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Біз туған елімізді бейбітшіліктің бесігіне айналдыра білдік. Тыныштық арқылы тұрақтылық, татулық арқылы тұтастық төрімізге озды». Еліміздің бүгінгі жетістіктері мен алған асулары осындай бірліктің арқасы. Сондықтан, ұлттар достығы мен ынтымақтастығын көздің қарашығындай сақтау маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлтаралық татулық біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек» деп атап көрсеткен болатын.
Отыздан аса ұлттық этнос өкілдері тұратын Қордай өңірінде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы сегіз этномәдени бірлестіктері арқылы жүргізіледі. Оның ішінде 1998 жылдан жұмыс істейтін «Сортөбелік дүнген мәдени орталығы» қатысушыларының құрамы және жұмыс ауқымы жағынан ірілерден саналады. Олай болатыны бүгінде аудан халқының үштен бірін құрап отырған осы дүнгендер. Ауданның Құрметті азаматы Салима Вансинвин жетекшілік ететін этномәдени орталық Сортөбе ауылындағы №17 орта мектепте орналасқан. Орталықтың ұйытқы болуымен жылма-жыл дүнген тілін, мәдениетін, дәстүр-салтын насихаттап, жергілікті халықпен бауырластық байланысын нығайтудың сан салалы шаралары атқарылып келеді. Масанчи ауылында дүнген халқының тарихи жәдігерлері қойылған музей бар. Аймаққа танымал «Чун-Тянь» халықтық ансамблі бүкіл қордайлықтардың мақтанышына айналған. Мемлекеттің қамқорлығымен дүнген ауылдарында жыл сайын мектеп, балабақшалар, емдеу нысандары салынуда. Мәселен, бір ғана Сортөбенің өзінде бес мыңға жуық бала оқитын бес мектеп, балабақшалар, жаңа үлгідегі медициналық жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз етілген денсаулық кешені жұмыс істейді. Оның құрамында емхана, елу төсектік аурухана, отыз орындық күндізгі стационар, он бес орындық перзентхана, дәріхана бар. Олардың дені соңғы жылдары салынған осы замандық үлгіде жабдықталған жаңа ғимараттарда орналасқан.
Сондай-ақ, ауданда Славян, Әзірбайжан, Түрік, Күрді, Татар-Башқұрт, Шешен-Ингуш және Қазақ этномәдени орталықтары өзара тығыз қарым қатынаста жұмыс жүргізіп, өңірдегі көпұлтты қоғамның мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін үйлесімді өркендетуде бай тәжірибе жинақтаған. Олардың әрқайсысы жиырмадан елуге дейін адам қатысатын көркемөнерпаздар үйірмелері арқылы жыл сайын Алғыс айту күні, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, Тәуелсіздік күні тәрізді баршаға ортақ мерекелерде өз ұлтының мәдениеті мен салт-дәстүрін жарқырата көрсететін мазмұнды бағдарламалар ұйымдастырады.
Ұлттар достығын нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды, жастар тәрбиесін, салт-дәстүрлерімізді дәріптеуде ардагерлердің атқарып отырған жұмыстарын да мақтанышпен айтуымызға болады. Өмір көрген үлкендердің ұлағаты жас ұрпаққа адастырмас бағыт берері даусыз. Сондықтан, ақсақалдық сөздің салмағын үлкен де, кіші де дұрыс бағалайды. Біздің ардагерлер ұйымы ауданымыздағы ең іргелі, салиқалы үкіметтік емес ұйым. Он алты мыңнан аса зейнеткерлердің басын біріктірген бұл ұйым шын мәнінде үлкен күш саналады. Біздегі қарттар қауымы он тоғыз округтік, сексеннен аса бастауыш және цехтық ұйымдарда есепте тұрады. Бүгінде үш Ұлы Отан соғысының және алты жүзге тарта тыл және еңбек ардагерлері бар. Қоғамдық шараларға қолынан келгенше белсене атсалысып жүрген ардагерлердің арасында барлық ұлттың өкілдері кездеседі. Мәселен, облыстың және ауданның Құрметті азаматтары қазақ Төле Сүгірбай, орыс Анатолий Шупта аудан деңгейіндегі барлық іс шаралардың ортасынан табылады. Сондай-ақ, Асық Уәли, Тұрған Жасыбаев, Шопен Молдақалықов, Тұрғанбек Байзақов, Анатолий Бражников, Фатимат Байбекова, Баян Қарамолдаева, Валерий Сергеев, Тамара Гранкина сынды ардагерлер ақыл-кеңестерімен үнемі қасымыздан табылады.
2020 жылдың ақпан айында Масанчи ауылында орын алған келеңсіз оқиғадан кейін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын ширата түсу ұйғарылып, көршілес Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Қарасай, Бұлар батыр, Ауқатты ауылдары белсенділерінің қатысуымен аймақтық қоғамдық келісім кеңесі құрылған болатын. Ардагер азамат Әбдібек Сейілханов жетекші болып бекітілген қоғамдық келісім кеңесі ауыл ағайындарының ынтымақ-бірлігін нығайту, орын алып жататын кикілжіңдерді бірлесе отырып шешу, әлеуметтік мәселелер жайлы жергілікті билікті дер кезінде құлағдар ету жолында тындырымды тірліктер атқарып келеді. Кеңестің жүйелі жұмысы болашақта сүттей ұйып отырған ынтымағымызды одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
Біржан ӘЛІМБЕТ,
Қордай аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы