ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

0

Кенен ауылындағы «Еркемай» балабақшасында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай ата-аналар арасында ерекше мазмұнды сайыс ұйымдастырылды.

Бұл шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салт-дәстүрді жаңғырту және ата-аналар мен балабақша арасындағы байланысты нығайту болды. Сайысқа қатысушылар үш топқа бөлініп, «Ұлттық киім», «Салт-дәстүр», «Ұлттық тағам» номинациялары бойынша бақ сынасты. Әр топ өз бағытына сай тыңғылықты дайындықпен келіп, әсерлі өнер көрсетті.

«Ұлттық киім» номинациясында ата-аналар қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін таныстырып, олардың ерекшелігі мен мән-маңызын түсіндірді. Әшекей бұйымдар мен ою-өрнектердің мәні кеңінен ашылды.

«Салт-дәстүр» бөлімінде қатысушылар қазақ халқының бай мұрасын сахналық көрініс арқылы көрсетіп, ұлттық рухқа бөледі.

Ал «Ұлттық тағам» номинациясында аналарымыз дастархан жайып, наурыз көже мен басқа да ұлттық тағам түрлерін таныстырып, олардың жасалу жолын баяндады. Аталмыш шара балабақша басшысы Ахатқали Сәрсенғалиұлының қолдауымен және әдіскер Мереке Бақтыбекқызының ұйымдастыруымен өтті. Әділқазылар алқасы әр топтың өнерін жоғары бағалап, арнайы номинациялармен марапаттады.

Жайнагүл АРТЫҚБАЕВА, мұғалім

Leave A Reply

Your email address will not be published.