Ұлттық өнерді ұлықтаған ару

0

«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» дейтін халқымыз қыз баланың тәліміне ерекше көңіл бөлген. Өйткені бүгінгі қыз ертеңгі ұлт анасы, бір шаңырақтың ұйытқысы, отбасының берекесі. Ертеректе аналарымыз қыздарына жастайынан кесте тігуді, көрпе көктеуді үйретіп, қолөнерге баулыған. Осындай қазақы тәрбиені өн бойына сіңіріп, бүгінде ұлттық өнерді ұлықтап жүрген арулардың бірі – Отар ауылының тұрғыны Назира Қоқанбаева.

Назира бала кезінен қолөнерге бейім болған. «Ана көрген тон пішер» дегендей әжесінің жанында жүріп, тігіншіліктің қыр-сырын үйреніп, бүгінде оны кәсібіне айналдырып отырған жайы бар: «Мен ата-әжемнің қолында өстім. Әжем он саусағынан өнер тамған шебер кісі болған. Ол тігін тіккенде көрпенің бір шетін маған ұстатып қоятын. Білген-түйгенін үйретті. Уақыт өте келе менің де қолым икемделіп, тігін тігуді меңгердім. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы «Сымбат» сән академиясына «модельер-конструктор» мамандығына оқуға түстім. Мамандығым бойынша бірнеше жыл жұмыс істеп, кейін тұрмысқа шықтым. Балалармен декреттік демалыста отырғанымда әлеуметтік желіден қыз жасауын дайындайтын тігіншілерді жиі бақылап жүрдім. Менің де қолымнан келетін іс қой. Неге осыны кәсіпке айналдырмасқа деп ойланып, қыз жасауын тапсырысқа тіге бастадым»,-дейді ісмер.
Қолы қалт етсе ине-жібін, қайшы, оймағын алып, құрақ көрпеше құрастыруды әдетке айналдырған Назираның осы кәсіппен айналысқанына үш жылдың жүзі болыпты. Бүгінде ол айына 2-3 қыздың жасауын тапсырысқа тігеді екен. «Бір қыз жасауының жиынтығын тігіп бітіруге екі аптадай уақыт қажет. Тапсырыс санына қарай бағасы да әртүрлі шығады. Бірі көрпесі молынан болсын деп, көбірек тапсырыс береді. Кейбірі ырымдап, тек тақ санмен, бес, жеті көрпе сатып алады. Төр көрпелерге көбіне қазақтың танымал «қошқар мүйіз» оюын тігемін, одан бөлек ши құрақты, заманауи ою түрлерін де қосуға тырысамын», дейді кейіпкеріміз.
Назира Орынбасарқызының қолынан шыққан құрақтарына қызыға қарайтындар көп-ақ. Тек өзі тұратын ауылдан ғана емес тапсырыс Қордай ауданы бойынша да түседі, әлеуметтік желі арқылы көрген өзге аймақтың қыз-келіншектері де сатып алады екен.
«Маған өзімнің жұмысым ұнайды. Ол арқылы керемет пайда тауып, байлыққа кенелейін демеймін. Өйткені бұл іс – жанымның қалауы. Құрақ құрып отырып, адам өзін мазалаған ойлардан бір сәт тынығып, жаны жай табады. Ал тіккен дүниең ойдағыдай шықса, ол да бір бөлек керемет сезім».
Балалық шақтан бастау алған істің ебін тауып, дөңгелетіп әкеткен кейіпкеріміздің алға қойған жоспарлары да жоқ емес. Ол кәсібін кеңейтуді қалайды. Заманауи тігін машинасын алып, тігін цехын ашып, қолынан іс келетін қыз-келіншектерді жұмыспен қамту – оның арманы.
Иә, өнердің қай түрі болмасын икемділік пен шыдамдылықты талап етеді. Әжесінен дарыған өнерді Назира болашақта өсіп келе жатқан қызына үйретемін дейді. Демек атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық өнер ұмытылмайды, ұлықталады, ұрпақтар сабақтастығымен жалғаспақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.