ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ЖАСТАР

0

Бүгінде он саусағынан өнер тамған жастар жетерлік. Әсіресе, ұлттық қолөнер бұйымдарын дайындап, төл мәдениетімізді жаңғыртып жүрген кейінгі буын өкілдерін көргенде қуанасың.

Қордай ауданының білім бөліміне қарасты «Іскер қыздар» клубы – жалпы білім беретін мектептердің осындай шебер қыздарының басын қосқан үйірме.

Онда оқушылар бос уақыттарын тиімді пайдаланып, ішкі дарындарын, қабілеттерін арттыра түседі, табиғи таза материалдарды пайдалану арқылы түрлі сапалы бұйымдар, құрақ көрпелер, аяқ киімдер, моншақтан тоқылған сөмкелер, күнтізбелер мен салпыншақтар жасап, тәттілердің түр-түрін дайындайды.

Оқу жылының басында құрылған қыздар клубында қазір 43 оқушы бар. «Іскер қыздар» клубының жұмысы туралы толығырақ ұйымдастырушысы, Қордай ауданы білім бөлімінің тәрбие бағыты бойынша әдіскері Ақмарал Конбаева айтып берді.

– Бұл жобаның мақсаты – жалпы білім беретін мектептердегі  қыздар кәсіпкерлігінің дамуын қолдау, жастарды уақыт пен қаржыны тиімді жоспарлауға үйрету, оқушылардың шығармашылығын дамытуға, адал еңбекті құрметтеуге, өздігінен шешім қабылдай алуына,  жауапкершілікті сезініп, қоғам игілігі үшін қызмет етуге баулу. Ең алдымен №7 А.Пушкин атындағы орта мектебі қыздарынан «Marzhan brand» үйірмесін құрдық. Бұл үйірмеге қатысатын қыздар өз қолдарымен қазақы нақыштағы әдемі сөмкелер тігіп, сатылымға шығаратын. Олардың бұйымдарын ауыл тұрғындары қуана сатып алып, оқушылардың үйірмеге қызығушылықтары арта түсті. Осыдан кейін №8 Өтеген батыр атындағы орта мектебінде шебер ата-аналар мен қыздарынан құрылған «Ата-аналар шеберханасы» атты үйірме жұмысын бастады. Мұнда ата-аналар мен қыздар құрақ көрпе тігіп, өз қолдарымен аяқ киімдер тоқиды. Бұл жобалардың болашақта жемісін беретініне сеніп, аудан мектептерінің директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын жетекші етіп, Міржақып Дулатұлы атындағы орта мектебінің қыздарының «Шолпы», №41 Кенен Әзірбаев атындағы орта мектебі қыздарының «Тәтті әлем», Спандияр Көбеев атындағы негізгі мектебінің қыздарының «Ракурс», Қордай БЖШО тәрбиеленушілерінің «Сиқырлы қобдиша» жобаларын құрдық. Қазақ қыздарының бойына әдептілік, ептілік, инабаттылық сынды қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін осылай төл өнерімізді насихаттап келеміз, — дейді Ақмарал Конбаева.

«Іскер қыздар» клубының қолөнерші қыздары мен олардың ата-аналары аудан орталығында Наурыз мейрамына орай өткен мерекелік шарада жәрмеңке ұйымдастырып, өз өнімдерін аудан тұрғындарына ұсынды. Шеберлердің асқан ынтамен істеген жұмыстары расында көздің жауын алады. Әсіресе, ұлттық нақыштағы әшекейлерге, тоқылған аяқ киімдер мен қыздардың пісірген тәттілеріне қызыққандардың қатары көп болды.

– 21 күнгі жәрмеңкеден қыздарымыз жақсы табыс тапты, бұл олардың адал еңбектері. Енді осы «Іскер қыздар» клубының құрамына кіретін жобаларды ауданның өзге де мектептерінде жүзеге асырсақ, деген мақсат бар. Мәселен, «Маржан brand» жобасын №26 мектепке және А.Байтұрсынов атындағы орта мектепке енгізсек деп отырмыз, — дейді ұйымдастырушы.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.