ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ ҰЛЫҚТАҒАН ЖОБА

0

Биылғы жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – бүкіл түркі әлемі көз тіккен дүбірлі дода болғалы тұр. Оған 89 мемлекеттен 2000-нан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Қатысушы елдердің делегациялары спортшылардан, мәдениет және ғылым өкілдерінен құралады. Бруней-Даруссалам, Либерия, Венесуэла, Ирландия, Доминикан Республикасы, Гамбия сияқты елдер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр.
Бүгінгі күні ауданда 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау және жобаны халық арасында насихаттау жұмыстары басталып кетті. Соның бір дәлелі 5 шілде күні Ноғайбай ауылы, Ырғайты өзенінің жағалауында өткен «Этноауыл» жобасы.
«Бірлік керуені» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға Жамбыл өңірінен сайланған елшілер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктер, аудан тұрғындары, спортшылар, жастар, мәдениет қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар келген қонақтарды жігіттің жеті қазынасы саналған – жүйрік ат, қыран бүркітпен қарсы алып, оларға аудан басшысының ілтиапатын аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай жеткізді.
Ұлттық рухани құндылықтарымыз дәріптелген шара барысында қазақы нақыштағы этноауыл құрылып, алты киіз үй тігілді. Ақ шаңқан киіз үйлердің әрқайсысы өзіндік ерекшелігімен тақырыпқа сай безендірілді. Бірінші үйде қазақтың салт-дәстүрлерінің көрінісі көрсетілсе, екіншісінде тарихи жәдігерлер көрмесі, үшінші үйде ауданнан шыққан танымал тұлғалардың кітап көрмесі ұйымдастырылған. Сонымен қатар, келген меймандар ұлттық ойындардан көріністер қойылған, көшпелі жабдықтар көрмесі ұсынылған үйлерді аралап, облысқа танымал жыршы, термешілердің өнерін тамашалады.
Этноауылда қазақ күресі, аударыспақ, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындардан жарыстар өтті.
Қызу жарыс өтіп жатқан алаңда ардагер спортшы, талай жасқа үлкен спортқа жолдама берген қазақ күресінен жаттықтырушы Мықтыбек Алтыбайды кездестірдік.
«Бүгінгі ұйымдастырылып отырған «Этноауыл» жобасының халқымыздың мәдени мұрасын, оның ішінде ұлттық құндылықтар мен ұлттық ойындарын насихаттауда, Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін таныстыруда, халықтың бірлігін, ынтымағын арттыруда маңызы зор. Бұл – ата-бабамыздың тұрмыс-салтын, жалпы болмысын паш ететін ерекше мәдениет орны болды, десек қателеспейміз. Шынтуайтында, мұндай кешен түтіні түзі шыққан, қаймағы бұзылмаған берекелі жерде ғана бой көтерсе керек. Ал, Қордай ауданы ынтымағы жарасқан, тұрақтылықты ту еткен қасиетті мекен. Елордада өтетін көшпенділер ойынын да жоғары деңгейде өткізіп, бірліктің үлгісін көрсетеміз деген сенімдемін», — деген пікірімен бөлісті ақсақал.
«Этноауыл өте керемет безендірілген. Ұйымдастырушылар барлығын бүге-шүгесіне дейін ойластырған. Ауылға кіре берістен бастап әрбір бұрыш қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрпынан хабар беріп тұрғандай. Қонақтарды жігіттің жеті қазынасы саналған бүркіт, тазы және жылқымен қарсы алуының астарында үлкен мән жатыр. Жылқының асылын ұстаған, бүркіт баулып құсбегілік өнермен, тазы ұстап аңшылықпен айналысатын қазақтың ата кәсібінің бір ұшқынын көрсету мақсат етілген. Сол сияқты «Этноауылда» ұйымдастырылған әрбір көрініс біздің салт-дәстүрімізді дәріптейді. Осындай ұлттық рухани байлығымызды насихаттайтын жобалардың маңызы зор. Бұл арқылы біз өскелең ұрпақты, еліміздегі өзге ұлт өкілдерін өзіміздің тарихымызбен, әдет-ғұрпымызбен таныстыра аламыз. Қаншама халықтың басын қосқан бұл жоба халқымыздың мәдениеті мен тарихын жоғары деңгейде дәріптей түскендей. Аудан қонақтары мен тұрғындарына арнап қаз қатар тігілген киіз үйлердің әрқайсысы тақырыпқа сай безендірілген. Нағыз қазақилықтың көрінісі бейнеленген этноауыл аумағында асық ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындарымыз көпшілікке ұсынылды. Ал ақ жаулықты әжелеріміз бесікке салу, тұсау кесу, жүн түту сынды салт-дәстүрлемізді жас ұрпақтың санасында қайта жаңғыртты. Жалпы қазақ халқының өнері, мәдениеті, салты қандай болды, деген сауалға өзге ұлт өкілдері осы жерден жауап таба алады. Ауданымызда ұйымдастырылған «Этноауыл» жобасы тамырлы тарихымыздан сыр шертетін бірегей шара болды деген ойдамын», — деп өз ойымен бөлісті Қордай аудандық ардагерлер ұйымы төрағасы Біржан Әлімбет.
Бұл күні «Этноауылда» қазақ халқының қонақжайлылығы мен дархан көңілін паш ететін ұлттық тағамдар фестивалі де ұйымдастырылды. Мұнда шеберлік сабақтары өткізіліп, әрбір келуші қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындарын дайындауға мүмкіндік алды.
Ал сахна алаңында ауданның күміс көмей әншілері халық әндерін шырқаса, мың бұралған бишілері ұлттық билер орындап, шараның көркін қыздыра түсті.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.