ҰЛТТЫҚ КОД ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ НЫҒАЙТУ ЖОЛЫ

0

Сейсенбі күні аудан әкімдігінде Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының «Ұлттық код пен азаматтық бірегейлікті нығайту жолы» тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті. Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дамыту мақсатында ұйымдастырылған жиынға мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестік өкілдері, жастар және аға буын өкілдері қатысты.

Жиынды Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімінің бас сарапшысы, Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Ербол Қаншымбеков жүргізіп, бүгінгі басқосудың мақсатын айтып, спикерлермен таныстырды.
Бірінші болып мінберге Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Зайнутдинов шықты. Ол қазақ жеріне өзге этностардың қоныстану тарихына тоқталып, қазақ халқының кеңпейілдігін, бауырмалдығын атап өтті.
Одан кейін сөз алған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік психология» кафедрасының профессоры, Жамбыл облысы ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Р.Керімбаева «Ұлттық код пен азаматтық бірегейлікті нығайтуда қазақ халқының топтастырушылық әлеуетін пайдалану» тақырыбында баяндама жасады. Ең алдымен «ұлттық код» ұғымына анықтама беріп өткен Рысты Қалдыханқызы ұлттық бірегейлікті нығайту жолында ұлт болып жұмылып, атсалысуымыз қажет екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Ұлттық таным орталығы», «Асықтану орталығы», «Ғажайып киіз үй» сынды ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған, қазіргі таңда облыс орталығындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жүзеге асып жатқан авторлық жобаларымен таныстырды.
Ал Қордай ауданы «колхоз аймағының» қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов ұлттық код аса терең ұғым екендігіне тоқталып, оны сақтап қалу, нығайту үшін елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдері біздің салт-дәстүрімізді сыйлап, мемлекеттік тілімізді үйренуі қажет деген ойын жеткізді.
Тағылымы мол басқосудың соңында жиынға қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.