Біздің қоғам үшін ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлттық мүддені жоғары қоятын, өзінің туған жерін, Отанын қадірлейтін және оның әрі қарай дамуына серпін беретін, терең білімді, озық ойлы, адал әрі ұлттық болмысы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу мәселесі өзекті болып тұр.
Осы себепті еліміздің білім беру жүйесінде қабылданған «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында жаңа оқу жылында біздің №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» құрылған болатын. Яғни орталықтың бағдарламасы айқындалып, оның жетекшісі және бағдарламаны жүзеге асыратын жауапты педагогтар тағайындалды. Бағдарламаға сәйкес орталық жанынан «Даналық мектебі» құрылып, оның жұмыс жоспары белгіленді. Осылардың негізінде «Аталар, ағалар» және «Әжелер, жеңгелер» ақыл-кеңес үлгісін тәрбие құралы ретінде пайдалану қолға алынды.
Соған сәйкес жуырда мектеп-лицейде «Даналық мектебінің» аясында әжелер клубының алғашқы іс-шарасы өтті. «Шебер әже ісі – бізге өнеге» тақырыбындағы бұл іс-шараны 3 «а» сыныбының жетекшісі Иманалиева Ақбота, 4 «а» сыныбының жетекшісі Абдирзақ Гүлзира ұйымдастырып өткізді. Бұл іс-шараға өмірден көргені мен түйгені көп, халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын бойларына молынан сіңірген әжелер шақырылды. Олардың арасында Ноғайбай ауылының Әжелер қауымдастығының төрайымы Хибраева Эльмира да болды. Олар ата-бабамыздың көшпелі тұрмысындағы кәсіптерін айтып, тұрмыстық салт-дәстүрдегі баланы бесікке салу, бесік жырын айту, ұлға айдар қою, қызға тұлым қоюдың мән-мағынасын түсіндірді. Сондай-ақ әжелер жүн сабау, жүн иіру, тоқуды іс жүзінде көрсетіп, балаларға ата кәсібімізден мол мағлұмат берді. Әжелер өздерімен бірге шашуларын да ала келген екен. Балалар мұны да көріп әжелер сарқытынан ауыз тиді. Бұл іс-шара оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Мектеп-лицейде ұлттық мұра ұлықталған іс-шара одан әрі де жалғасын табатын болады.
Елнұр Әскенұлы, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі