2018 жылдың шілде айының бірінші жексенбісі ұлттық домбыра күні болып бекітілген болатын. Расында да қазақ ұғымымен егіз мәнде қолданылатын осынау домбыра аспабы әр қазақтың төрінде ілулі тұрады. Аталған мерекені Қордайлықтар да әспетті түрде қарсы алды.
Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген сөзінің зор мәні бар. Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас боп қалған күй өнерін жандандыруда Ұлттық домбыра күнінің алар орны ерекше. Осы орайда, 3 маусым күні аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, орталық жасыл саябақта мерекелік концерттік бағдарлама өткізілді. Бұл кештің басты ерекшелігі – көрермендер концертті ашық аспан астында тамашалай алды. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әншісі Сауле Джуатбекова, халық ақыны, сазгер Кенен Әзірбаевтың «Жас екпін» әнін шырқаса, Жамбыл ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Ерхат Тәжібаев «Күләшқа», «Бозторғай» шығармаларын нақышына келтіріп орындап, көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Сондай-ақ, мәдениет үйінің өнерпаздары мен үйірме жетекшілері Ұлдан Шалабаева, Еркін Сәрсенбаев, Армантай Нұрмағанбетов, Ернат Орманбеков, Айдай Жанай, Құндыз Байболат, Есімби Үрпековтың көрсеткен өнерлері концертті ажарландыра түсті. Талант пен шығармашылық кез-келген кедергіні жарып шығады. Оның дәлелі аталмыш іс шарада өнерін паш етіп, дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген дарын иесі Ерхат Сайфунұлын айтуға болады. Алла сынақты тек көтере алатын жандарға береді деп текке айтылмаса керек. Анасы оған жарық дүниені сыйлағанмен, қызылды-жасылды әлемді өз көзімен көру бақытынан айырылған кейіпкеріміз, тағдырдың жазғанына еш мойымайды. Дәстүрімізден айнымай басты құндылықтарымызды жылдар бойына дамытқан қайраткерлер еңбегі зор. Адам рухын оятар бәсі биік музыка өнерін одан әрі дамытып дәріптеуді азаматтық парызы санайды П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің түлегі Ерхат Тәжібаев. Осылайша, төл аспабымызға арналған мерекелік кеште, алпыс екі тамырды идіріп, ет жүректі елжіреткен киелі домбыраның қоңыр үніне құлақ құрышын қандырған көпшілік риза болып тарқасты.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ