Жуырда Қордай гуманитарлық-экономикалық колледжінде қазақ халқының ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өтті.
Колледж студенттері мен ұстаздары Л.Карпованың бастамасымен өткен іс-шара барысында кемеңгер жазушының кітап көрмесі ұйымдастырылды. Жиынға директордың орынбасарлары Э.Байғожаева, Ф.Керімжанова, ұстаздар Қ.Сегізбаева, А.Нуртаева, Г.Болек қатысты. Әдеби-музыкалық кештің шымылдығын куратор Л.Карпова ашып, М.Әуезовтың өмірі мен шығармашылығына тоқталды: «Орыс халқының өз Пушкині болатын болса, әр қазақтың өз Әуезовы болуы керек. Ол шалқар дарыны мен қажымас қайратын туған халқына, аяулы Отанына арнаған қоғам қайраткері. М.Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясында қазақ халқының ұлттық дәстүрін барлық қырынан энциклопедиялық деңгейде жан-жақты ашып көрсетті. Автордың осы еңбегі әлемдік деңгейде ХХ ғасырдағы ең үздік шығармаларының бірі деген жоғары баға алды», — деді ол.
Қазақтың бірегей жазушысының әдеби мұрасын насихаттау мақсатында өткен шарада студенттерге М.Әуезовтың өмір жолы мен еңбектеріне қатысты викториналық сұрақтар қойылып, ойын ойнатылды. Сондай-ақ оқу орнының студенттері ұлы жазушыға арналған өлең жолдарын оқып, мың бұрала би билеп, көпшіліктің көңілін көтерді. Әдеби кештің қадірлі қонағы болып келген ұстаз Қ.Сегізбаева: «М.Әуезов – қазақ әдебиетіндегі алғашқы роман-эпопеяның авторы. Бір сөзбен айтқанда, ол – қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан арда азамат», — десе, А.Нұртаева: «М.Әуезов халқымыздың маңдайына біткен алып тұлға. Оның қаламынан туған барлық еңбектері мына жас ұрпаққа рухани азық болары анық», — деген пікір айтты. Ал кеш соңында кітап көрмесі жанынан библиографиялық шолу жасалды.
Зинахан НАРТБАЕВА,
Қордай ГЭК кітапхана меңгерушісі