«ҰЛЫ ДАЛА ҰРПАҚТАРЫ»

0

Қаракемер ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен Ә.Нүсіпбаев атындағы мектептің 8 сынып оқушылары және мектеп ұстаздарының қатысуымен «Ұлы дала ұрпақтары» атты тарихи кеш өтті.

Қыбырай бабадан тарап атағы алысқа кеткен қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби балетмейстер Дәурен Әбіров, Қордайда кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан Мақсұт Өтелбаев, композитор Өмірбек Байділдаев, атақты математик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Мұқтарбай Өтелбаев, «Қазақстанның Құрметті сәулетшісі», этнограф-ғалым Алмас Ордабаев, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» Есімқұл Халықбаев, жазушы-баспагер Әшірбек Көпіш және т.б. туралы бейнеролик көрсетілді.

Кенен Әзірбаевтың «Жаныс Баба» атты өлеңін Б.Бейбарыс, Н.Бейбарыс мәнерлеп айтса, «Халыққа сәлем» өлеңін Ж.Сәрсенбек, Е.Смағұлов орындады. «Домалақ ана өмірінен» атты сахналық көріністегі Домалақ ананы Байжан Қамажай, қарақшыларды Ізтілеу Ернұр, Тұрсыналы Райымбек, авторды –  Есжан Нұржаусын сомдады.

Өз дәуірінде Дулат ішіндегі аузы дуалы би, атақты шешен саналған Қыбырайдың қартайып жасы тоқсанға қараған шағында 15 жасар Төле Түркістанға хан ордасына қызметке аттанарда «Үй баласы ма деп едім, ел баласы екенсің. Ауылыңның таңы бол, маңдайдағы бағы бол», — деп бата берген. Қыбырай бидің батасы қабыл болып Төле би Ұлы жүздің биі, тіпті, қаймана қазақтың төбе биі атанды. «Қыбырай бидің Төле биге берген батасын» 8 сынып оқушысы Дүйсенбек Сағынай сомдады.

Кеш қонақтары Қыбырай баба ұрпақтары: «Билер алқасының» төрағасы Е.Бозшаев, «Ақсақалдар кеңесінің» төрағасы Б.Орынтай, «Әкелер алқасының» төрағасы Е.Тлеубердиев, тарих пәні мұғалімі Р.Соғанбаев және аудандық орталық кітапхананың әдіскері А. Абдрахимова ата-баба тарихы, жеті ата шежіресімен таныстырды. Кеш соңында мектеп кітапханашысы Ұ.Абильдаева кітап көрмеге библиографиялық шолу жасады. Оқушылар алғыс хатпен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.