ҰЛЫ ЖЕҢІС – ТАРИХЫМЫЗДЫҢ АЖЫРАМАС БӨЛІГІ

0

Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта айтты.

— Биыл Ұлы Жеңіске – 80 жыл! Баршаңызға Ұлы Жеңіс күні құтты болсын! Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз. Ұлы Отан соғысы бүкіл адамзат үшін өте қиын сынақ болды. Оның зардабы көптеген елге ауыр тиді, солардың ішінде Қазақстан да бар. Қаһарлы күндер соғыстың тек қасірет әкелетінін көрсетті. Бейбітшіліктің баға жетпес байлық екенін ұғындырды. Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ. Біз осы ақиқатты әрдайым есте сақтауымыз керек, — деді Мемлекет басшысы.

Президент зұлмат кезеңді бастан өткерген майдангерлер қазір парадты көруге келгеніне тоқталды.

— Құрметті ардагерлер, барша халықтың атынан Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын! Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз! Баршаңызға бас иеміз! — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, халқымыздың жауынгерлік дәстүрі ғасырлар бойы жалғасып келеді.

«Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштердің ел бірлігі мен бейбіт өмірді қорғаудағы маңызын ерекше атап өтті. Бүгінде Қазақстан сарбаздары Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссияларына қатысып, әлемдік тұрақтылыққа өз үлесін қосып келеді.

«Бұл – бүкіл әлемдегі Қазақстан армиясына деген зор сенім», деді Президент.

Leave A Reply

Your email address will not be published.