9 мамыр күні еліміз Ұлы Жеңіс күнін атап өтеді. Бұл күннің әр отбасы үшін орны бөлек. Өйткені, соғыс зардабы бірде-бір жанұяны айналып өтпеді. Әр шаңырақта соғысқа қатысып, жеңіспен оралған немесе ерлікпен қаза тапқан, майдан даласында хабар-ошарсыз кеткен ата-әжелері бар. Қаншама адам тылда аянбай еңбек етті. Сұрапыл соғыста жеңіске жету жолында миллиондаған адамның өмірі қиылды. Сондықтан, жылдар жылжып өткенімен адамзат сұм соғыстың қасіретін еш ұмытпайды.
Тарихи датаның маңыздылығын өскелең ұрпаққа насихаттау, Отан үшін от кешкен ардагерлерімізді ардақтау мақсатында жыл сайын мереке қарсаңында түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Айтулы күнді №7 Қордай аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы да атап өтті. Орталық қызметкерлері «Ұлы Жеңіс жасасын!» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Барлық мамандар патриоттық өлеңдер айтып, мың бұрала би билеп, өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, шараға жиналғандар №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі оқушыларының «Сапқа тұр» маршын тамашалап, әскери әндерін тыңдап, ерекше көңіл күйде болды.
Мерекелік жиында сөз алған орталықтың директоры А.Алматаева жиналған қауымды Жеңіс күнімен, орталықта қызмет алып жатқан аталарды, жалпы ерлер қауымын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, іс-шараның өтуіне үлес қосқан №4 Б.Бөлтірікова атындағы орта мектептің әлеуметтік педагогы А.Қожахметоваға, әлеуметтік сала жүйесіндегі ақыл-кеңесімен, жылы лебізімен қызмет алушыларға күн сайын көмек көрсетіп жүрген қызметкерлер Қ.Қарибаев пен А.Наурызбаевқа, орталық өміріне белсене атсалысып жүрген қызмет алушылар Н.Овчаров пен А.Прилепскийге Алғыс хаттар табыс етіп, орталық қызметкерлері атынан барлық ер қызмет алушыларға мерекеге орай дайындаған сыйлықтарын тапсырды.