Ұлылықтың шыңы – Ұстаз

0

Аудан ұстаздарын мерекеге орай ұлықтау салтанаты 3 қазанда аудандық Мәдениет үйінде өтті.  «Ұлылықтың шыңы – Ұстаз!» атты кеш мұғалімер мен ардагер ұстаздар басын қосып, олар осы күні алғыс пен құрметке бөленді.

Кеш шымылдығын балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ұстазары ашып, жүргізушілер —  «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» — деген Бауыржан Момышұлы сөзімен бастады. Содан кейін саланатты шара құттықтаулар легіне ұласты. Алдыман қордайлық педагогтарды мерейлі мерекемен аудан әкімі Бегзат Болатбеков құттықтады.

 «Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар және мемлекеттің гүлденуі жолындағы абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бастасын. Ұстаз тек білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына, азаматтық ұстанымдарын айқындауына зор үлес қосады, сондықтан ұстаздарымыздың еңбегі зор құрметке лайық!    Ауданымызда білім сапасын арттыру, ұстаздардың мәртебесін көтеру бағытында бүгінгі күнге ауқымды жұмыстар атқарылып келеді», — деген аудан басшысы соңғы жылдары ауданымызда білім саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жайына тоқталып, одан кейін марапттау сәтіне көшті.

Осы күні Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медальімен ұзақ жылдар білім саласында жемісті еңбек еткен  Ұлжан Алимкулова марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен және министрліктің  Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен,   Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен, Облыстық мәслихаттың,  «Аманат» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Құрмет грамотасымен,  Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, аудандық мәслихаттың, «Аманат» партиясының Қордай аудандық филиалының  Құрмет грамотасымен бір топ ұстаздар марапатталды. Келесі кезекте ардагер – ұстаздарға да құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.  Жиын барысында Бекзат Сейсенқұлұлы өзінің ұстаздары Сайма Амерханова мен Майя Искаковаға құрмет көрсетті.

Әнмен әрленіп, жырмен кестеленген, бимен көркемделген салтанатты шара барысында жас мұғалімдер ант қабылдап, одан кейін Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы Санат Аширбеков әріптестерін құттықтап, жаңа оқу жылына табыстар тілеп еңбегімен еленген жандарға марапаттау рәсімін жүргізді.   Аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитетінің бірлескен  марапаттарын Қордай аудандық комитетінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева табыс етті.

Салтанатты шара соңында биыл ашылғанына 20 жыл толған  Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы турасында жүргізушілер сөз етіп, аудан өнерінің қара шаңырағына айналғанын да айтты.

Кеш БЖШО ұстаздары мен шәкірттері бірге орындаған әсем әнмен аяқталды.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.