Құрметті жерлестер!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймыз.
Наурыз тек адамзат баласы емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы. Бұл мерекенің қазақ халқы үшін де, елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдері үшін де жөні бөлек. Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурызды дана халқымыз ежелден еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі деп білген. Расында, Наурыз мейрамы көктем мен жаңаруды айшықтайтын, күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат мерейі тасыған ұлы мереке. Бұл өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Ендеше, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғатпен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған.
Құрметті қордайлықтар!
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасыға бірлік пен қуаныш, бақыт пен молшылық әкелсін! Арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ұлыс оң, ақ мол болсын!
Н.Садықов, аудандық мәслихат хатшысы