ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ!

0

Тебіренісі де, тербелісі де білінбейтін ұлы мұхит төсіндегі өмір атты кемеде біраз тұрақтап, уақыты келгенде қаласа да, қаламаса да кемеден әртүрлі себептермен мұхитқа түсіп кетіп жатқан тағдырлар тұңғиыққа кетер. Бірақ, ең соңғы сәтінде «Ұмытпаңдар мені!» дейтіндей.

Нәзіке Қарамолдаев (Назаралы Құлмамбетұлы) ұлағатты ұстаз, ҰОС қатысқан ардагер, ІІ топтағы мүгедек.

1910 жылы 15 қазан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Алға ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі бір күнде оба ауруынан қайтыс болып, атамыздың бала кезінен көргені жетімдік пен аштық екен. Жастайынан ауыл молдаларынан арабша оқып, төте жазуымен сауатын ашып, білім алған.

Ауылда атамды бәрі Нәзіке ағай деп атайтын. Құжатта да солай жаздырған. Екіншіден, жеңгесі Назаралы атамыздың атын атамай «Нәзіке» деп атап кеткен екен.  Еңбек жолын сегіз жылдық мектептерде, яғни 1938-1940 жылдар аралығындағы кезеңде Жамбыл облысы Қордай ауданының Қаракемер, Күнбатыс, Қызылсай, Сортөбе ауылдарының мектептеріне шақырылып, сол жерде директор болудан бастаған. Ұлы Отан соғысына дейін Жамбыл облысы Шу ауданының Белбасар және Үңгірлі ауылында 1934 жылғы 23 қазаннан 1938 жылғы 26 тамызға дейін мектеп меңгерушісі, мұғалім болып істеген.

Шу ауданының Белбасар ауылында мектеп директоры болып қызмет атқарып жүрген кезінде, яғни 1938 жылы Нәзіке атам да қуғынға ұшырайды. Сол кезеңде ағартушылық қызметтегі көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды жаппай көзін құрту саясаты орын алған. Ағартушылық қызмет атқарып жүрген оны «Алашорда үкіметінің жақтасы Ораз Жандосовтардың сыбайласысың» деген желеумен атпақшы болады. Сол кезде Социалисттік Еңбек ері, Шу ауданының беделді азаматының бірі Хати Сауранбаев атамыз сол өңірдің басшысы еді. Сол кісі көмек көрсетпегенде 1937-38 жылдардың құрбанына айналып кетер ме еді кім білсін? Тіршілікке ерте араласып, ел қатарына қосылғанда 1937 жылдың ауыр зұлматына тап болып, қуғын-сүргін көре бастаған соң жансауғалап қатар жатқан қырғыз еліне асып кеткенін айтып отыратын еді. (Сол жерде Хати атамыз түнгі уақытта жертөлеге жасырып, атқа мінгізіп, Қырғыз тауын асырып жіберген екен). Атам содан Қырғызстандағы туыстарында уақытша тұрып, кейіннен жасырын атпен Қордай ауданының Алға ауылына қайтадан келіп қоныстаныпты.

Атамның таяқ ұстайтын қолындағы бір саусағы жоқ, саусақтары бір жағына қарай қисайып тұратын еді. Ол солай болуы тиіс секілді көрінетін. Өйткені, таяқты да, басқа нәрселерді де ұстауға бейімделіп кеткен. Саусағы жоқ болса да сол қолдарынмен ине-жіп сабақтап, жүген-ноқта жасап, шалғы шыңдап, шөп шаба беретін атамыз. Аяғын сылтып баспағанымен неге таяқпен жүреді деп те ойлайтынмын. Мен көргелі таяқ ұстап жүрген. Бұрында таяқ ұстамаған екен. Таяқпен жүрген жүрісінің өзі әдемі болатын. Алдында жатқан нәрсені таяғымен іліп алып лақтырып жіберетін. Мүмкін өзінше, партия адамының бір стилі шығар деген де ой келетін кейде. Тап-таза костюм-шалбар, ақ жейде киіп жүретін. Басында қоңыр шляпа. Жазда ақ шляпасы болатын. Тақиясының ішінен беторамалын, жейдесінің мойнына беторамал салып қоятын.

Аяғы бұрында сынған шығар бәлкім, құлаған шығар деп сұрағанымда, аяғына оқ тигенін, оны ауыр операциямен алғанын айтқан болатын. Бұл зұлмат кезеңнен қалған белгі екен… «Саусағыңыз қайда кеткен? Әдемі медальдарды қайдан алдыңыз?» деп сұраймыз. Баламыз ғой.

«Белоруссия қаласының түбінде шайқастым, зеңбіректі сүйрету оңайға соқпады. Қасымдағы жауынгерлердің оққа ұшқаны көз алдымнан кетер емес. Ауыр зеңбіректі қалқан қылып жалғыз қалдым, қарасам бір саусағымнан айырылыппын. Сол маңда кетіп бара жатқан орыс жігіті жақын жердегі жараланғандарды қарайтын бекетке апарып, көмек көрсетті. Саусағым Белоруссияның түбінде, орманға жақын жерде қалды. Еее-е, бұл медальдарым Ұлы Жеңістің бір белгісі ғой!», деп терең күрсініп, бір сипап қоятын Нәзіке атамыз.

Жастайынан тағдыр талайына тап болған Нәзіке атамызды 1941 жылы кенеттен басталған сұм соғыс тағы сынға салған екен. 1941 жылғы 26 желтоқсанда Қордай аудандық әскери комиссариатынан шақырту келіп, сол күні соғысқа аттанған. 1942 жылғы 30 қарашада Ресейдің Горький қаласында оң тізесінен ауыр жарақат алып, сол жерде госпиталда 1943 жылғы 19 маусымға дейін емделген. Ресейдің Смоленск облысында, Белый Клык ауылында аяғынан қайтадан оқ тиіп жараланған, Украина, Белоруссия майданына қатысқан. Не болса да елмен бірге көрдім деп жүргенінде, соғыстан ауыр жарақат алып, 1944 жылдың басында соғысқа жарамайтын болғандықтан, (бір саусағын оқ жұлып кеткен), елге ІІ топтағы мүгедек болып оралды.

Қаракемердегі нағашыларының үйіне барып, соғыстан соң сол жерде тұрады. 1944 жылы 5 шілдеде апамыз екеуі Қаракемерде үйленген екен. Алла берген 9 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірген. Апам Зәмзә да ауыл-аймаққа айтулы әншілігімен, суырып салма ақындығымен танымал болған аяулы жан еді. Апам мектепте биология сабағынан сабақ берген, ұстаз еді. Атамның қалтасынан партбилеттері мен мандаттары түспейтін.  Партияның адамы болды. Атамның облыстан, ауданнан мерейтой сайын алып отыратын алғыс хаттары мен төсбелгілері көп еді. «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері» «Жеңіске 20, 25, 30, 40 жыл» толуына орай берілген юбилейлік төсбелгісімен, «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек Ері» төсбелгісі, «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл» төсбелгісімен, «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен және көптеген басқа марапаттарға ие болған.

Соғыстан соң Қызылсай мектебінде директор болып, сосын 1946 жылғы 20 желтоқсаннан бастап 1969 жылға дейінгі аралықта Алға ауылының Д.Фурманов атындағы мектебінде (бұрынғы Жаңатұрмыс ауылында) директор болды. 1947 жылы Абай атындағы мұғалімдер институтына түсіп, 1953 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 1969 жылы 12 қыркүйекте зейнетке шықты.

Атамның арманы көп еді. Қандай қиыншылықта өмір сүрсе де, Құдайдың көкірегіне құйған нұр сәулесі жарқын күндерге жеткізіп, 84 жыл өмір сүрді. 84 жыл жер басып жүріп, бір рет қатты түшкіріп көрместен, аузынан бір де бір тісі түспеген қалпында 1994 жылдың 11 желтоқсанында «Меркі» шипажайында қайтыс болды.

Биыл Ұлы Жеңістің 76 жылдығы. Осынау бір Жеңіс тойы тойланған сайын жүрек түкпірінде сол жылдардағы атамның айтқан әңгімелері бір қозғалып өтеді. Атамның суреттері мен медальдарына қараған сайын «Ұмытпаңдар мені!» деген жаңғырық естіліп тұратындай…

 

Әсел Назаралы, майдангердің немересі

Leave A Reply

Your email address will not be published.