Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осыған орай ауылдық округтерде Ауған соғысының ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп қыршынынан қиылған, жат жерде көз жұмған Қазақстан азаматтарын еске алу, жауынгерлердің қысқа ғұмырынан үлгі-өнеге, тарихи тағылым беру, отансүйгіштікке баулу мақсатында түрлі іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырылуда.
Осындай шаралардың бірі Степной ауылдық мәдениет үйінде өтті. «Ауғанның отты жалыны» атты концерттік бағдарламаға Степной ауылдық округі әкімінің орынбасары І.Шуйшибекова, аудандық мәслихат депутаты Ғ.Тулақбаев қатысып, ауған соғысы ардагерлерін құттықтап, арнайы сыйлықтарын табыстады. Мәдениет үйінің өнерпаздары концерт ұйымдастырып, жиылған қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады.
Айтулы датаға орай ұйымдастырылған тағы бір кездесу аудандық музейдің Масанчи ауылдық тарихи-өлкетану үйірмесінде «Ұрпаққа өнеге болған ерлік» атты тақырыпта өтті. Кездесуге ауған соғысының ардагері, сол кездегі оқиғалардың куәгері интернационалист-жауынгер Санва Дыдыр шақырылды. Іс-шараға Жүсіпбек Аймауытов атындағы орта мектептің 11 «Б» сынып оқушылары қатысты. Өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен соғыс ардагері майдан даласындағы қиыншылықтарды, басынан өткерген оқиғаларды баяндай отырып, оқушылардың сауалдарына жауап беріп, әсерлі әңгіме жүргізді. Алдымен соғыс жайлы тоқталып өтіп, егеменді еліміздің ұрпақтары ешқандай соғыс көрмесін деген тілегін айтып, жастарды өз елінің патриоты болуға, Отанды сүюге, спортпен шұғылдануға, білімді болуға шақырды. Бұл кездесудің оқушыларды патриоттық рухта тәрбиелеуге берері мол болды.