Өз тарихын түгендеу әрі жаңаша пайымдау бүгінде жақсы жолға қойылды.
Ұлт тарихы бейнебір ұшан-теңіз, оған нәр жеткізіп тұратын өзендері мен жылғалары болатыны, әрине, түсінікті. Түрлі мамандық иелерінің қаламынан шыққан би-батырларымыз, жақсы-жайсаңдарымыз туралы еңбектер ғылыми тұрғыдан барынша сараланып, екшелгендерін ұлттық тарихымызды толықтыру ісіне жаратудан ұтылмасымыз анық. Өткен айда Елтінді батырдың ұлы –Молақ бабаға ескерткіш белгі орнатып, ат шаптырып той жасалған болатын. Ескерткіш тас Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Бұрхан жайлауында орнатылды. Шараға жергілікті аға буын өкілдері арнайы келіп, рухына тағзым етті. Сол шараға Қордай жерінің Суандары бас қосып, тойға аздаған болса үлесімізді қосып қайттық. Өйткені баршамызға баба ортақ. Алқалы жиынға Қордайдан Тлеубаев, Маралбаев, Құралбаев, Асыраубаев, Шарипов, Алмешев, Атықаев әулеттері барып, атсалысты.
Осындайда Ұлт мұраты жолында сан ғасырлар бойы егеулі найзасы қолдан түспей, аттары ауыздықпен су ішкен жаужүрек батырларымыз бен ел басқарған көсемдеріміздің елеусіз қалған есімдерін қайта жаңғыртып, тәуелсіздік таңының атуына тамшыдай болып сіңген еңбектерін айтқанның, жазғанның несі айып дегіміз келеді.
Қазақ жерін Жоңғар басқыншыларынан азат етуде Суаннан шыққан бахадүрлер аз болмады. Әсіресе Орбұлақ шайқасын бастап жеңіске жеткен Ұлы жүз Суан руынан шыққан Елтінді Байтүгейұлы бабамызға туған жері Алмалы ауылында ескерткіш ашылып, ел болып ас беріліп, ұлан асыр той жасалғаны әлі күнге есімізден кеткен емес. Соның куәсі де болған едік. Елтінді Бабамызға той жасағанда Қордайдан 3-адам — Сәлім Маралбаев атамыз, Тынышбек Жұмабаев атамыз, жастардан мен өзім барған едім. Арада 25 жыл өте шығыпты. 1998 жылы қазан айында болған, жалпы Суандар үшін айырықша шара жадымызда жатталып қалды.
Сол сапар бізге үлкен ой салған еді. Кейін Қордайға келген соң, сондағы Шарбақты ауылында мектеп директоры болған Жұмабаев Тұрғанәлі ағамыз тапсырма беріп, өзінің қол жазбаларын ұсынып, өзіміздің Шарбақтыдан шыққан Суандардың шешіресін құрастырып жазуды тапсырған еді. Ағаның тапсырмасын орындауға 7 жыл уақыт кетті. Өйткені, тамыры тереңге тартылған руластарды бір кітапқа ретімен жинақтау, кітап етіп құрастырып, баспадан шығару үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап етті. 2013 жылы туған жеріміз Шарбақты ауылында кітап шежіренің тұсау кесерін жасап, Құран оқытылып, руластарға тартып бергенбіз. Қазір ол кітап Қордайлық әр Суанның үйінде мұқият сақтаулы тұр. Осыдан кейін Қордай ауданындағы суандардың бірлігі бекемдене түсіп, талай айтулы жиындарға оларды бастап бару құрметі маған бұйырды. Мәселен, 2019 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Суан бабамыздың бұрынғы ескерткішін жаңартып, қайта ашу салтанатына шақырту алып бардым.
Осы орайда бір айта кетерлік жәйт, Қордай ауданында атақты Абылайханның немересі Кенесары ханның өзі мен сарбаздарына арналған үлкен қорым бар. Соңғы шайқас өткен, хан бабамыз опасыздықпен қолға түсіп, шейіт болған мекенде талай батыр қалған. Сол орында ашылған Ескерткіш тақталар жанына қазақтың әр руынан адамдар келіп, құрметі ретінде ескерткіш тастар орнатқан болатын. Хан Кененің 220 жылдығы қарсаңында Қырғызстанмен шекералас Кекілік сеңгір аңғарында орналасқан қорымға біздер де, Суандардың атынан үлкен белгі тас қойдық.
Осының бәрі тарихқа, тарихи тұлғаларға, бүгінгі өмірге – адам хақына деген құрметіміз.
Ғабит Жұмабаев, Қордай ауылының тұрғыны