Ұлы Отан соғысы басталғанда Жүніс Арынұлы Арынов әлі он сегізге толмаған еді. Әскери комиссариатқа жолдастарыммен бірге барған сапарларында өтініштерін ешкім тыңдағысы да келмеді. «Бір жылдан кейін келіңдер, содан кейін сөйлесеміз» — бұл жас жігіттерге айтқан жауап болды. Жүніс Арынұлы өз халқының нағыз перзенті ретінде туған жерді қорғауды аңсады, соғысқа барып, фашистік басқыншыларды жеңемін деген сенімі оны қанаттандырды. Бірақ бір жыл өтсе де, оның майданға жіберу туралы өтініші оны кезекке қойылғанын және кәмелеттік жасқа толғанға дейін әлі бірнеше ай жетпейтінін сылтауратып, қанағаттандырылмады. Ж.Арынов берілмеуге бел буып, көптен күткен туған күні келе салысымен әскери комиссардың алдына қайта барды, бірақ табанды жігіттің арызына 1942 жылы ғана қол қойды…
Жүніс Арынов 1924 жылы 15 маусымда Қарасай батыр ауылында (бұрынғы Михайловка) дүниеге келген. 1940 жылы Қырғызстан Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Орталық жерге орналастыру техникумына оқуға түседі. 1942 жылы 8 тамызда Қордай әскери комиссариатына шақырылады. Сол жылдың қазан айында Ішкі істер министрлігінің №o277 полкінің қатарына қабылданып, Сталинград майданында түседі. Қазақтың қайсар жігіті көзге түсіп, 1943 жылы аға сержант шенімен взвод командирі, кейін рота парторгы болды. Фашистік Германияны жеңгеннен кейін ол әскер қатарында қалды. Туған жерге 1950 жылдың сәуір айында ғана оралды. Сол жылы Қордай аудандық партия комитетінің штаттық үгітші-насихатшысы қызметін атқарды. Одан кейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебіне түсіп, оны 1954 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сол жылы үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істей бастады. ҰОС батыры 1957 жылы Комсомол МТС аумағындағы аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Одан кейін партияның Красногор және Қордай аудандық комитеттерінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1974-1999 жылдары Ноғайбай ауылшаруашылық техникумында қоғамдық пәндер оқытушысы болып қызмет атқарды.
Жүніс Арынұлы Қазақ педагогикалық университетінің зооветтехникумын бітірген. Соғыстағы ерлігі үшін 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», одан бөлек «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған. Қордай ауданы әкімінің және Қордай аудандық мәслихаттың 2000 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі, ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысқаны үшін Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Жүніс Арыновқа «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Кейіпкеріміз 2010 жылы дүниеден өтті.
Жүніс Арынұлының мыңдаған шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Қаншама жылдар өтсе де, олардың әрқайсысы құрметті ұстаздарын ризашылықпен еске алады.
Өйткені, Жүніс Арынұлы тек пәннен сабақ беріп қана қоймай, өмір сабағына үйретті, қайсарлықтың, ерліктің, әділеттіліктің үлгісі бола білді. Бұрынғы әріптестері де майдангерді ұмытпайды.
Айта кетейік, аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ж.Арыновқа арналған арнайы стенд орнатылған. Музей қызметкерлері майдангер әрі ұстаздың өмірі мен қызметі туралы келушілерге айтып отырады.
Тарихта халқымыз үлкен сынақтардан өтті. Бірақ Ұлы Отан соғысы өзінің ауқымы және адам шығыны бойынша мемлекетіміздің тарихында теңдесі жоқ еді. Сол үшін де Ұлы Жеңістің маңызы ерекше!
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы 1418 күн мен түнге созылды. Бұл қасірет әрбір отбасының тағдырын өзгертіп, әрбір КСРО азаматының жүрегінен өтті. Ұлы Отан соғысында 27 миллионнан астам адам қаза тапты. Бұл қайғылы оқиға біздің елдегі әрбір адамға әсер етті.
Жыл сайын сол оқиғалардың қатысушылары мен куәгерлері азайып барады. Барлығы да фашистермен қиян-кескі күрес жүргізді, біреулер майдан даласында шайқасты, біреулер тылда аянбай тер төгіп, Отан игілігі үшін аянбай еңбектенді, Ұлы Жеңісті жақындатты.
Ал биылғы мерейтойлық жылы – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлайтын жылы біз – бүгінгі ұрпақ үшін Ұлы Отан соғысының тарихын ұмытпау және ұрпақтарымызға жеткізу өте маңызды. Өскелең ұрпаққа соғыс туралы, оның қаһармандары мен олардың ерлік істері туралы, оның бәрін басынан өткеріп, қайсарлықты, мейірімді жүректі, Отанға деген сүйіспеншілікті сақтап қалған жанқияр жауынгерлер туралы әңгімелеу біздің парызымыз.
Анжела ИЗАЕВА