Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұстаз, қоғамның алтын діңгегі, ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа жол сілтейтін тұлға. Осындай құрметті мамандықтың иесі атанып, шәкірттерінің жүрегіне жол тауып, болашақтарын айқындауға сара жол сала білген жандардың бірі – №4 Балжан Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі, білім ошағының кәсіподақ төрайымы САТУБАЛДИЕВА Ботагөз Абайқызы.
Ботагөз Абайқызы 1964 жылы 13 мамырда Қордай ауданы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтында 1982-1987 жылдар аралығында тарих және советтік мемлекеттік право мұғалімі мамандығы бойынша білім алды. Оқу орнын тәмамдаған соң ең алғашқы еңбек жолын Қордай ауданы қазіргі Қарасай батыр ауылындағы Алмалы орта мектебінен бастады. Бұдан әрі көршілес Қырғыз Республикасындағы білім ошақтарында да мұғалімдік қызмет атқарды. 2004-2006 жылдары №4 Б.Бөлтірікова атындағы орта мектебінде, 2006-2008 жылдары №51 орта мектебінде, ал 2008 жылдан бері осы уақытқа дейін №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінде қызмет атқарып келеді. Ботагөз Абайқызы жоғары санатты көшбасшы мұғалім. Педагогтің дайындаған шәкірттері көптеген білім сайыстарында топ жарып, үздік нәтиже көрсетуде. Ол оқушыларының білімді, тәрбиелі, әрі қоғамдық өмірде бәсекеге қабілетті болуына аянбай үлесін қосуда. Тәжірибелі ұстаздың шәкірттері қазіргі уақытта Қазақстанның түкпір-түкпірінде әртүрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді.
Ботагөз Абайқызының еңбек жолы тек білім беру саласымен шектелмей, кәсіподақ қызметінде де үлкен жетістіктерге жетті. Қоғамдық жұмыс – оның білім беру саласындағы жауапкершілігін, көшбасшылық қасиеттерін шыңдай түсті. Ол – тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар, мұғалімдердің құқықтарын қорғаушы, олардың мүдделерін көздейтін кәсіподақтың жетекшісі. Ұзақ жылғы жемісті еңбегін бағалай келе Ботагөз Абайқызын Қазақстан Республикасының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «Білім және ғылым қызметкерлерінің Кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Сонымен қатар Б.Сатубалдиева білім беру саласында «Іс-әрекеттегі зерттеу: оқыту тәсілдері, озық тәжірибе, кәсіби орта» тақырыбындағы аймақтық семинар-практикумде өз тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хатпен, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты VIII облыстық фестивалінде үздік өнер көрсетіп, «Құлагер» көрінісіне белсене қатысқаны үшін дипломмен марапатталды.
Ботагөз Абайқызы 2024 жылы 60 жасқа толып, биылғы жылы зейнет жасына шықты. Оның ұстаздық жолы, кәсіподақ қызметі және қоғамдық белсенділігі – қазақтың қайсар қыздарына тән тұлға ретінде танытуда. Ол өз шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, олардың рухани және патриоттық тәрбиесіне де зор үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз. Өзінің қарапайымдылығына қоса өр мінезді, өмір жолындағы ақ пен қараны ажырата алатын, жүрегі патриоттық рухқа толы жан. Ол Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, қазақ елінің намысы үшін қарсылық көрсетушілер қатарында болды. Сол үшін де 2024 жылы ол «Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін» медалімен марапатталды.
Ботагөз Абайқызы екі ұл және бір қыз өсіріп, немере сүйіп отырған әз ана, аяулы әже. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші ұлағатты ұстаздың атына қандай мадақтаулар айтсаң да жарасады. Біз өзіміздің әріптесімізді зейнет демалысына шығуымен құттықтай отырып оған мықты денсаулық, отбасылық игілік тілейміз.
Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі