ҰСТАЗДЫҢ ҰЛЫ ЖОЛЫ

0

«Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып» деген дана халқымыздың сөзі бар. Бұл сөздің салмағы әсіресе ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысқан, бүкіл өмірін ұлағатты іске арнаған ардақты ұстаздарға арнап айтылғандай. Осындай адал еңбегімен ел құрметіне бөленген, артында өшпес із қалдырған жанның бірі – Әзика Құрманбайқызы Сатаева.

Әзика Құрманбайқызы 1945 жылдың 14 тамызында Қордай ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге келген. Қарапайым еңбек адамдарының отбасында тәрбиеленген. Әкесі Құрманбай мен анасы Қанипа – екеуі де колхоздың белді жұмысшылары болған. Осындай еңбекқор ортада өскен Әзика Құрманбайқызы бала кезінен мықты тәрбие көре білді.

1962 жылы орта мектепті тәмамдап, алғашқы еңбек жолын лаборант болып бастайды. Ал 1963 жылы орыс тілі пәні бойынша арнайы курстан өтіп, Новоалександровск (қазіргі Керу) ауылындағы сегізжылдық мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып қызметке орналасады.

Білімге деген талпыныс жас маманды тоқтатқан жоқ. 1964–1968 жылдар аралығында Алматы қаласындағы шет тілдер педагогикалық институтында (ағылшын тілі факультеті) жоғары білім алып шығады. Осылайша, 1968 жылы Жамбыл ауылындағы №26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып орналасады. Бұл мектеп – оның бүкіл ғұмырын арнаған қасиетті қара шаңырағына айналды.

Сабақ берумен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ретінде де сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырып, шәкірттерге рухани, адамгершілік тәрбие беруге ерекше мән берді.

1977 жылдан бастап Әзика Құрманбайқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа бастады. Партия қатарына өтіп, ұжымда кәсіподақ төрайымы мен парторг қызметтерін де қоса атқарды. Бұл – оның ұйымдастырушылық қабілетін ұштап, ұжымның сеніміне ие болуына жол ашты.

1981 жылы басқарушылық қызметке ауысып, алдымен Лубзавод кешкі мектебінің директоры, кейіннен өзінің сүйікті мектебі – №26 Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалады. Оның басшылық еткен жылдарында білім сапасы артты, мектептің материалдық-техникалық базасы нығайды.

Ал 1984–1988 жылдары аудандық партия комитетінің шешімімен аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Бұл жылдары да Әзика Құрманбайқызы ел ішіндегі мәдениет пен руханияттың өркендеуіне өзіндік үлес қосты.

2007 жылы зейнеткерлікке шыққан ол, ұрпақ тәрбиесіне 45 жылдан аса өмірін арнап, ұстаздық пен басшылық қызметті адал атқарды.

Ұстаздық қызметімен қатар, Әзика Құрманбайқызы отбасында да асыл жар, ардақты ана бола білді. 1969 жылы өмірлік серігі – Мырзахан Жайлаубаевпен шаңырақ көтеріп, төрт перзентті тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, тұңғыш ұлы 1970 жылы дүниеден озды. Бұл – олардың өміріндегі үлкен ауыр қайғы болды. Дегенмен, қыздары Жанетта мен Әсем, ұлы Ринат – бүгінде өмірде өз орындарын тапқан азаматтар. Балаларына тәлімді тәрбие, сапалы білім беріп, өнегелі жол көрсеткен ана еңбегі еш кетпегенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

Әзика Құрманбайқызының жарты ғасырлық еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан «Ұзақ жылдық адал еңбегі үшін» медалімен, Жеңістің 40 жылдығына арналған Бүкілодақтық байқаудың лауреаты медалімен, «Ұлы Октябрь революциясының 70 жылдығына» арналған халық шығармашылығы фестивалінің медалімен марапатталған.

Тәуелсіз Қазақстан жылдарында да оның ел үшін атқарған еңбегі ескерусіз қалған жоқ. «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына – 25 жыл» мерекелік медальдары, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары – оның халық алдындағы абыройының айғағы.

Әзика Құрманбайқызы Сатаеваның өмір жолы – еңбек пен білімге адалдықтың, отбасына деген қамқорлық пен ұрпақ тәрбиесіне деген шынайы жанашырлықтың үлгісі. Ол – қазақ әйеліне тән нәзіктікпен қатар, іскерлік пен табандылықты қатар алып жүрген аяулы ана, ардақты ұстаз, білікті басшы бола білген аяулы жан.

Мадина УЗБЕКОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.