Түн. Сағат тілі он екіден асып жығылған уақыт. Қаңтардың аязы қыспаққа алған шақ. Түске дейін жауған қар күндіз болған жылымықтан кейін түнге қарай қысып берген сары аяздан сықырлай дауыс шығарып, әлемді жаулап алған қараңғылықта өзінше ерекше үнімен үрейді алатындай. Алайда, қалың тонның жағасын қымтап алып, алға қарай адымдай басқан адам оның барлығын елейтіндей емес. Жоқ іздеп елегізгендей алға қарай ентелей түсіп, әр қадамын нығырлай түсе жүрісін үдеткен. Әр үйден иттердің дауысы да еріне шыққандай тек сықырлаған дауысқа әуп деп үн қосқаны болмаса шабалаңдай ұмтылып жатқаны жоқ. Сықырлаған аяздан бүт ауыл тынып қалған. Осы аймаққа билігін жүргізіп тұрған түн қара түндігін жауып, суығымен жаулап алуға тырысқаныман жалғыз жолаушының жолын бөгей алмады.
Ұзынынан салынған бір қабатты ауыл мектебі анадайдан көзге шалынады. Түнгі жолаушы сол мектепке тіке тартып келеді. Жетісімен бірден сыртқы есікті ашып, бірнеше кабинеттер орналасқан ескі пештердің отын тексеріп, жылыту жүйесі саналатын трубаларын қолымен ұстап, бір тексеріп өтті. Осыдан соң ғана ух деп жылдам жүрістен тершіген кең маңдайын бір сүртіп қойды. Кейін мектепті бір айналып өтіп, есік-терезелерін тексеріп, содан кейін үйіне қарай бет алып, қалың қоюлыққа сіңіп кете барды.
«Тұрымтай тұсымен кетіп» тұрған 90-шы жылдары ауыл мектебі директоры болған Аманкелді Жаманкөзовтың бұл күнделікті әдеті еді. Қыс айларында қатты отынмен жылытылатын мектептің пештері өшіп не болмаса қатып қалған жағдай болса одан бүт мектеп зардап шегері анық. Ал, ол өз кезегінде белім беру процесіне кері әсеріне тигізері анық. Онсыз да көмірдің іршіктерін елеп жағып жүрген шақтарда күндіздің өзінде сыныптар салқындап кететін. Осының барлығын ескерген мектеп басшысы әрдайым барлығын бақылауда ұстау үшін күн-түні тыным таппайтын еді. Өзінің екінші үйіндей болып кеткен мектепті жанындай жақсы көретін. Өйткені, бұл мектеппен жастық дәурені, алғашқы ұстаздық еткен жылдары, достық пен жолдастық, әріптестік қатынастар біте қайнасып жатқан.
Жақында Кенен ауылындағы №42 Екейбай Қашағанов атындағы орта мектепте ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің үздігі болған Аманкелді Жаманкөзұлы Жаманкөзов атындағы сынып ашылды. Ашылу салтанатына ұстаздың отбасы, әріпестері, ауылдастары алыс-жақыннан келіп, шараға қатысып, өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Осы орайда айта кету керек, сыныптың ашылуына ұсынысты аталмыш мектептің 1974 жылғы түлектері білдіріп, ол аудан тарапынан қолдау тапқан. Алдымен мектептің акт залында салтанатты шара ұйымдастырылып, мұғалімдер мен оқушылар тамаша бағдарламаны көпшілікке ұсынды. Ал, келген қонақтар қатарында сөз алсақ, өзіміздің ізгі тілегімізді білдірсек деген жандар аз болмады. Салтанатты шараға кіріспес бұрын алдымен Аманкелді Жаманкөзовтың өмірі мен еңбек жолына тоқтала кетсек. 1942 жылы, 1 сәуірде шырайлы Шарбақты ауылында өмірге келген ол ауыл мектебін аяқтап, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап шығады. Еңбек жолын 1968-1970 жылдары аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Бұл ұстаздық жолындағы алғашқы әрі ұлы қадамдардың бастауы болатын. 1970-1971оқу жылынан бастап сол кездегі Киров, қазіргі Кенен ауылындағы Киров атындағы орта мектепке ауысып, сол мектепте табаны күректей 33 жыл еңбек етіп, білікті мұғалім, тамаша ұйымдастырушы, жанашыр дос, қадірлі әріптес ретінде өзін көрсете білген ардақты жан.
Араға аздаған жылдар салып бастауыш сыныптарда оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалып, сол қызметті он жылдай атқарған. Одан кейін мектеп директорынының оқу ісінің меңгерушісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, ауыл балаларын білімге баулу жұмыстарында жоғары белсенділік танытады. Сол атқарған қызметі үшін алған марапттары мен грамоталары өзіндік бір төбе, бөлек әңгіме. Ал, 1994 жылы, ел егемендігін алып, оң-солын енді танып бастаған күрделі кезеңде мектеп басшылығын қолға алады. Бұл шын мәнінде де өте ауыр әрі сындарлы сәттер болатын. Нәпақасын басқа саладан іздеп, мұғалімдікті біржола тастағандар да болды. Бірақ, өз жолынан айнымаған ол серіктестерімен бірге барлық қиындыққа төтеп беріп, білім беру мен тәрбиенің озық үлгісін көрсете білді. Жоғарыда айтып өткеніміздей түн ішінде мектеп жайын өз көзімен көріп, бір тексеріп шықпайынша дамыл таппайтын жан талай жас маманға қолдаушы әрі қорғаушы да бола білгенін айта кеткен жөн болар. Тек, әттеңі сол, 2003 жылы сол қызметте жүріп, білім мен білігі, парасаты толысқан шақта өмірден өтіп кетеді. Алайда, артында мыңдаған шәкірттер, жүздеген әріптестері, сайдың тасындай ұлдары мен қыздары, отбасы қалды. Олар барда Аманкелді Жаманкөзевтің есімі ел жадынан ұмытылмақ емес. Сол күні ауыл мектебінде ұйымдастырылған шараның айтпағы да осы болды.
Жиынға қатысқан көпшілікті аудандық мәслихат төрағасы Нұрдин Садықов арнайы келіп құттықтап, ауданның білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың атында кабинет ашылғаны заңдылық екенін айтса, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков те құтықтаулар легіне қосылып, аты елге танымал ауылдың әлі талай ұлағатты ұстаздың жолын жалғайтын шәкірттердің боларына сенім білдірді. Атап өткеніміздей, мектеп ұстаздары мен оқушылар Аманкелді ағайларына арнап осы күні әннен шашу шашып, жыр шумақтарын оқыды. Сол арнау жырлардың авторы, Аманкелді Жаманкөзевтың жұбайы, ұлағатты ұстаз Бейсекүл Дәукеева екенін атап кеткен абзал. Жұбайы екеуі бар ғұмырын осы №42 орта мектепте ауыл балаларын білімге баулуға арнаған жандар. Осы күні ардақты ұстаз, аяулы ананың құшағы гүлге толып отырды.
Салтанатты шара келген қонақтар арасында Қордай ауданының Құрметті азаматы Бақыт Байтөле, Алматы облысының Құрметті азаматы, қазақтың Төбе биі Сейітқали Серік қажы, 1985-1994 жылдары Екейбай Қашағанов атындағы орта мектебінің директоры, ардагер ұстаз Сайлаубек Байбосынов, Аманкелді Жаманкөзевтің досы, замандасы, Қордай ауданының Құрметті азаматы Аманкелді Садыханов, жазушы, өлкетанушы Жандарбек Қарабасов, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Бейбіт Дәлденбаев, Алматы облысы, Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет және Парасат» ордендерінің иегері Темірлан Шайнүсіпов, Қазақстан Республикасының «Мәдениет ісінің үздігі» Жексенбай Шібікеев, аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Жұмахан Какетаев, Қазақ билер кеңесінің орталық аппаратының басшысы Керім Молдашев, ардагер журналист Сағыныш Медетбекова, Қордай ауданының «Құрметті азаматы» Жомарт Керденов қатысса, солармен бірге бір жылдары Аманкелді ағайдың бастауымен құрылған «Ойжайлау» жастар бригадасының мүшелері, сол бригадада жетекшісі болған, қазіргі таңда ардагер ұстаз Ляззат Саламатова бастаған 1974 жылғы мектеп түлектері және ауыл үлкендері қатысты. Әр қатысушы осы күні жүрек жарды тілектерін айтып, естеліктерімен бөлісіп, білім жолында аянбай еңбек еткен аяулы ұстаздың адами келбеті мен іскерлігі жайында толғанып, бүгінде әке жолында жалғап жүрген ұрпақтарына алғыстары мен қатар батасын да берді. Шара барысында ұстаздың қызы, қазіргі таңда Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің кітапханасы қызметкері Ақмарал Жаманкөзова жалпы жиналған қауымға және мектеп әкімшілігіне ризашылығын білдіріп, алғысын айта келіп, ауыл мектебіне қызықты және интерактивті білім беру ортасын құруға ықпал ететін заманауи технологиялық құрал – LAIWO интерактивті панелін сыйға тартты.
Осыдан кейін көпшілік Е.Қашағанов атындағы № 42 орта мектепте Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Жаманкөзов Аманкелді атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің лентасын қиды. Жоғарыда атап өткеніміздей аталмыш кабинеттің ашылуына ұсыныспен 1974 жылғы мектеп түлектері шыққан, ал сыныпты толықтай жөндеуден өткізіп, оны балалардың білім алуына лайықты етіп дайындауды Аманкелді Жаманкөзовтың отбасы өз қаржысына атқарып шығыпты. Сыныпқа кірерде дәстүрге сай әжелер шашу шашып, құтты болсын айтып, барлығы естелік суретке түсіп жатты. Ал, сынып төрінде ұстаздың қолдан салынған портреті, өмірі мен еңбек жолы туралы жазу ілініпті. Портретті елімізге танымал қыл-қалам шебері Қанат Мұратаев ұстаздың ұлы, қазіргі таңда Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің директоры Алмабек Аманкелдіұлының тапсырысымен салып берген. Жалпы қазақ тілі мен әдебиеті пәні кабинеті деген атқа лайықты көркем сыныпта енді ауыл балалары ана тілінің қасиетін ұғынатын болады.
Балалар демекші, Аманкелді ағай мен жұбайы Бейсекүл Дәукеева 2 ұл, 3 қыз өсіріп, барлығын ұясына қондырған. Бейсекүл Дәукеқызы француз тілі мұғалімі. Ауыл балаларын Сена өзенін жағалай қонған алып елдің тіліне ұзақ жылдар оқытқан жан. Бүгін қадірлі зейнеткер. Кіші ұлы ауылдастар арасында жақсы таныс. Біраз жыл округте әкім болып еңбек етіп, бүгінде сол мемлекеттік қызметтегі жолын жалғастырып келеді.
Кабинеттің салтанатты ашылуынан кейін жиналған көпшілікке ауылдағы кафелердің бірінде ас беріліп, онда да арнайы түсірілген бейнеролик арқылы ауданымызға танымал азаматтар, Аманкелді Жаманкөзовпен үзеңгілес болған жандар өздерінің естеліктерімен бөлісіп, әке атын өшірмей, жалпыға үлгі болып жүрген ұл-қыздарына алғыстарын айтты.
Иә, қазір түн ішінде барып, контрамарка пештері сөніп қалмады ма, жылыту жүйесі қатып қалмады ма, деп тексеретін мектеп жоқ. Ескі мектеп осыдан біраз жылдар бұрын сүріліп тасталып, орнына зәулім білім ошағы салынған. Бірақ, №42 Екейбай Қашағанов атындағы орта мектебі деген аты бар. Сол аты тұрғанда сол мектепте бар саналы ғұмырын өткізіп, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне бар күш-жігерін сарп еткізген жандардың есімдері ұмытылмауы тиіс.
Жандос Омаров