Жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісі – ұстаздар күні аталып өтеді. Пайым мен парасатты, білім мен тәрбиені, ұлттық және азаматтық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Сондықтан да елімізде мереке қарсаңында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, үздіктерін анықтау игі дәстүрге айналған. Биыл да аталмыш дәстүр үзілмей, барлық өңірлерде арнайы шаралар ұйымдастырылып, мұғалімдер қошеметке бөленді.
Дүйсенбі күні Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде де Қордай ауданының білім саласы қызметкерлеріне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға қатысқан аудан әкімі Мәден Мұсаев мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, барлық ұстаздарға шынайы алғысын жеткізді.
«Сіздердің аса абыройлы еңбектеріңізбен ауданымыздың және еліміздің болашағына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс, ырыс пен береке-бірлік тілеймін», — деген аудан басшысы ауданымыздың үздік педагогтарына Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын табыстады.
Шәкірттерін білім шыңына бастаған озық ойлы ұстаздарға осындай мерекелік құттықтаулар мен алғыс хаттарды аудандық мәслихат хатшысы және аудандық білім бөлімі басшысы да табыстады.
Салтанатты шараның соңы «Ұстазым, саған мың алғыс, қалдырған ізің мәңгілік» атты аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы өнерпаздарының мерекелік кешімен жалғасты.