Біздің қоғамда еңбекқорлық және кәсіби шеберлік құндылықтары әрқашан бірінші орында тұруға тиіс. Көп жағдайда кейбір кәсіпорындар өздеріне лайық мамандарды таппай, кадр тапшылығын сезінеді. Ал, дәл сол уақытта қолынан іс келетін жандар екі қолға бір күрек боларлық жұмыс таппай, сергелдеңге түсіп жүруі мүмкін. Сондықтан да, жұмыс беруші мен іздеушінің жүздесуіне қолайлы алаң – ол бос жұмыс орындары жәрмеңкесі.
Бүгінде мансап орталығының тұрғындарға қызмет көрсету жүйесі толығымен өзгерген. Мұнда көбінесе жұмыссыз азаматтар үлкен үмітпен келетіндіктен, оларды еңбекпен қамтуға басымдық беріледі. Ол үшін жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату ісі дұрыс жолға қойылған. Мәселен, бұрын жұмыссыз азаматтар үшін жалпыға ортақ бос орындар жәрмеңкелері жиі өткізілетін. Қазір жұмыс ұсынушыларды шақырып, оларға қажетті мамандарды табу үшін іздестіру шараларын бірлесіп атқаруда. Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, аталмыш орталықтың ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Іс-шараның мақсаты жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу болып табылады. Жәрмеңке жұмысшы мамандықтарды дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықты ақпараттандыруға бағытталды. Бос орындар жәрмеңкесіне жұмыссыз азаматтар, NEET санатындағы жастар, колледж білімгерлері, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар шақырылды. Жұмыс іздеушілерге аудан бойынша 40 мекемеден түскен 110 тұрақты бос жұмыс орындары ұсынылды. Олар: Денсаулық сақтау, әр түрлі жұмыстар, заң, экономика, білім салалары.
Нәтижесінде 19 азамат тұрақты жұмысқа сұхбаттасуға, 9 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа, 3 азамат «Күміс жас» жобасы бойынша, 2 азамат Жастар тәжірибесі бағдарламасымен сұхбаттасуға жолданды. Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқу, алғашқы жұмыс орны, жастар практикасы, солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аудандық мансап орталығының 2024 жылы атқарған жұмыстарына шолу жасар болсақ, әлеуметтік қорғау шараларымен 5916 азамат қамтылған. Ресми түрде жұмыссыздар есебінде 979 азамат тіркелген. Ваканттық бос жұмыс орындарына 3490 азамат жолданып, жылдық жоспар 3300 адамды құрайды. Жұмыс берушідегі жұмыс орнында оқуға жоспарға сәйкес, 46 азамат 12 жұмыс берушіге 2 айға кәсіптік оқуға жолданып, оқуын аяқтап, тұрақты жұмысқа 45 азамат орналасты.
Сонымен қатар, 224 азаматты онлайн оқыту жоспарланып, аталған оқуға 278 адам жолданып, 257 адам оқуын аяқтады.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқытудың жоспары 288 адамды құрап, 368 азамат оқуға жолданып, оның 208-і оқуын аяқтады. Қоғамдық жұмыстарға 950 адамды жолдау жоспарланып, 975 адам жұмысқа жолданды. Жастар практикасына 250 адамды жолдау жоспарланып, 250 адам жастар практикасына жолдама алды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 80 адамды жолдау жоспарланып, 80 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жөнелтілді. Сонымен қатар, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 100 адамды жұмысқа жолдау жоспарланып, аталған жоба бойынша 101 адам жұмыспен қамтылды. Ал, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 2 азаматты жұмысқа орналастыру жоспарланып, бүгінгі күнге аталған жобаға 2 азамат қызметін атқаруда. «Күміс жас» жобасы бойынша 155 азаматты жұмыспен қамту жоспарланып, аталған жоба бойынша 156 адам жұмыспен қамтылды.
Қорыта айтқанда, өмірдегі маңызды қадамдардың бірін жасамас бұрын болашақты ойлағанымыз жөн. Ал мемлекет тарапынан жұмыссыздықтың алдын алу үшін барынша мүмкіндіктер қарастырылып, жұмыстар атқарыла бермек.
Әділет ҚҰТТЫБАЙ