ҰСЫНЫСТАР МЕН ЕСКЕРТУЛЕР АЙТЫЛДЫ

0

Өткен сейсенбіде аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, күн тәртібіне үш сұрақ шығарылды. Аудан басшысының орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, мекеме басшыларының басын қосқан келелі жиында алдымен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова коронавирустың алдын алу және екпе егу мәселелері бойынша баяндама жасады.

Бүгінгі таңда жалпы елімізде аталмыш індет жұқтырғандар саны азайғанымен әлі де арқаны кеңге салуға болмайтынын ескерткен бас дәрігер екпе егу жұмыстарын жүргізуде көрсеткіші көңілден шықпай отырған ауылдарды атап өтті. Олардың қатарында Қордай, Қарасу және Масаншы ауылдық округтері бар. Аудан басшысы әр ауыл әкімін жекелелей тұрғызып, жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жалпы, баяндамадан мәлім болғандай бүгінгі таңда пандемия басталғалы бері 1884 қордайлық індет ілмегіне ілінсе, пневмонияның 223 жағдайы тіркелген. 1828 азамат сауығып шығыпты. Қазір аудандық ауруханадағы инфекциялық стационар 45,6 пайызға толтырылған. Яғни, жағдай тұрақты. Дәрі-дәрмек пен вакцина қоры жеткілікті. 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап ауданға 51384 дана коронавирусқа қарсы вакцина жеткізілген. Жалпы, аудан бойынша вакцинамен қамту 77,1 пайызды құраған. Бұл індетке қарсы жаппай иммунитет қалыптастыруға аздық болып тұрғанын айтады мамандар. Осы орайда аудан әкімі вакцинациялау жұмыстарын жеделдетіп, тұрғындарға түсіндіру шараларына аса мән беруге шақырды.
Келесі кезекте күн тәртібіне сәйкес, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы туралы аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева және қаржы бөлімінің басшысы Найманхан Абдрашев есеп берді. Аудан экономикасының локомотиві саналатын өнеркәсіп кәсіпорындарының алған өнімі, ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі турасында берілген есепте нақты өсімнің бар екені айтылып, индикаторлардың орындалуы, бюджетке түскен қаржы көлемі, бюджет шығысы турасында кең мағлұмат берілді. Аудан басшысы баяндаманың әр пункті бойынша баяндамашыларға сұрақтар қойып, бірқатар ұсыныстарын айтты.
Осылармен қатар кеңесте аудандық статистика басқармасының басшысы Нұржан Батанов ауданда халық санағын ұйымдастыру және өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баян етті. Республика көлемінде қолға алынған науқанның ауданымызда барлық талаптарға сай өтуіне тиісті жағдайлар жасалған. Ал, оған жауапты мамандарға аудан әкімі бірқатар қосымша тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібінде қаралған сұрақтардың барлығын саралап өткен Мәден Тоқтарбайұлы жұмысын қожыратып алған басшыларға оны жөнге келтіру бойынша ескерту жасады.
Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.