Ұжымдық шарттың орындалу барысы қаралды

0

Сәрсенбі күні Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің акт залында аудандық білім бөлімі мен «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің арасында 2024-2026 жылдарына жасалған ұжымдық шарттың 2024 жылға орындалуы туралы пленумы өтті.

Пленумға облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, жергілікті кәсіптік одағының аудандық комитеті филиалының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Қарлығаш Қыпшақбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен төрайымдары қатысты. Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитетінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру, кәсіптік одақтарға жаңа, әрі тың күштер тартуда бірқатар пәрменді шаралар жүргізіліп келеді. Бүгінде бастауыш кәсіподақ ұйымы білім саласы қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жолында облыстық ұйымның жарғысына, ережелерге және жұмыс жоспарына сәйкес қызмет етіп келеді. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында келіссөздер жүргізу, еңбек даулары туындаған жағдайда оларды дер кезінде шешуге жәрдемдесу мақсатында облыстық ұйымға қарасты барлық филиалдар мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарында ұжымдық шарттар жасалып, жұмыс барысы жүйеге келтірілген. Жиында білім бөлімінің жетекшісі Санат Әшірбеков баяндама жасап, аталған тақырып бойынша 2024 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ал, аудандық комитет төрайымы Қарлығаш Қанатбекқызы кәсіподақ тарапынан атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, негізгі мақсаттары мен міндеттерін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, шара барысында қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты өзара пікір алмасып, өздерінің сауалдарына тұшымды жауаптарын алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.