Әділ қазылық ету – кез-келген судьяның қасиетті парызы. Ал, судья болу әркімнің қолынан келе бермейтін жауапкершілігі үлкен, қиын жұмыс. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Таразының бір шетінде айыпкердің тағдыры мен оның болашағы, бір жағында жәбір көріп, араша сұраушы айыптау-шы.Таразының басын тең ұстау үшін парасаттылық, көрегендік, даналық және үлкен тәжірибе керек. Судья әркез үлкен сынға ұшырайтын тұлға. Сол сынақтан адами қасиетті асқақтатып, адалдығымен таныла біліп, тарихта ардақты есімімен, өнегелі ізімен қала білген судьялардың бірі Есен Егізбаев жайлы баяндап өтуді жөн көрдік.
Еліміздің сот жүйесінде ұзақ жылдар тер төгіп, әріптестеріне үлгілі із қалдырған Есен Әбдірәсілұлы қарапайымдылығымен, ісіне адалдығымен танылып, елдің алғысына бөленген жан. Аянбай тер төгу, тынбай іздену, адами құндылықтарды қастерлеу, кісіге қиянат жасамау, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат білдіру – оны бүгінгі биікке жеткізіп отыр. 1 қаңтар күні Есен Егізбаев жетпіске келеді. Осындай мерейлі сәтте оның өткеніне көз салсақ, ол жүріп өткен жолдың сан-салалы болғанын бағамдаймыз. Ел ішінде бейбітшілік орнап, жаңа кезең бастау алған жылдары, нақтырақ айтсақ, 1954 жылы Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген ол балалық шағын бейбіт елдің аспанында өткізді. Әкесі Әбдірәсіл мен анасы Күлпәнға Алла нәсіп еткен алты баласының ең үлкені, яғни тұңғышы Есен аға болды. Осыдан болса керек, жастайынан жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті бойына сіңіріп өскен ол мектепті бітірісімен еңбекке араласады.
Оның еңбек кітапшасында алғашқы жазу – «Аса» қызылша совхозының сушысы» делінген. Егістікте жүрсе де, сауатты да жігерлі жігіт басшылық көзіне бірден түсіп, Есен аға «комсомол» ұйымының секретарі етіп жіберіледі. Бір-екі жыл туған жерінде еңбек етіп, артынша бағын сынап көрмек болып 1974 жылы Кеңес Одағының кезінде Қазақстанда заңгерлерді даярлайтын жалғыз оқу орны — С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік Университетінің заң факультетіне сырттай оқуға түседі. Ал, заң саласындағы алғашқы еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл аудандық прокуратурасында «тергеуші» қызметінен бастады.
Бізбен сұхбат барысында Есен Егізбаев «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп әңгімесін бастады. Оның еңбек жолы жайлы әңгімесінен судьялық жұмыстағы «ар» түсінігі ең бастысы екенін байқадық. Жамбыл аудандық прокуратурасында Есен Әбдірәсілұлына сол кездегі прокурор Әлімжан Искаков тәлім-тәрбие берді. Өте қатал, заңды жақсы білетін оның қол астында алты жыл жұмыс істеген Есен аға «прокурор көмекшісі» болып, үлкен тәжірибе жинап, 1986 жылы Қордай аудандық прокуратурасына «тергеуші» болып жіберіледі. Осы жылдан бастап оның Қордай ауданындағы жаңа өмір парағы ашылып, бүкіл ғұмыры осы қасиетті мекенмен байланысады. Десе де 1993 жылдың көктемінде Меркі ауданына «прокурор орынбасары» болып жіберіліп, сол жылдың күзінде Жамбыл облыстық депутаттар сессиясында Қордай аудандық сотына «судья» болып тағайындалды.
Сол жылдары Кеңес Одағы тоқырауға ұшырап, тарап жатқан, әр ел өз алдына егемендігін алып, анадан туған сәбидей жаңа өмір бастап жатқан кез еді. Сот саласында да қиындықтар туындап, заңдар базасы қайта жасақталып, жаңа жүйемен жұмыс жасау қалыпқа түспей тұрған. Сондықтан судьялар үшін де ауыр кезең болды. Десе де, қиын жағдайдан қысылмай шығып, еңбегімен еленген Есен Әбдірәсілұлы 1996 жылы аудандық соттың төрағасы болып сайланып, 2002 жылға дейін басқарды.
— Қордайдағы еңбек жолымда менің ұстазым соғыс ардагері, прокурор Мақаш Ақкулиев болды. Сол кісіден көп тәлім-тәрбие алдым. Сот саласындағы әріптестерімді атап өтсем, М.Сидоренко, О.Жарықбасов, Ү.Исаев, М.Шолпанқұлов, Ғ.Сүгірбаева сынды судьялармен бірге жұмыс істедім. Сонымен қатар, М.Алиманова, Б.Тұрлыбаев сынды азаматтар қазіргі күнде судьялық қызметте, ал хатшыларым болған Л.Бекбатырова, А.Кенжебекова, М.Мамутова, Ш.Исмамбетова олар да қазіргі таңда әр жерде судьялық қызметті атқаруда. Хатшы қыздардың біреуі де жерде қалған жоқ. Оларға бар-білгенімше тәлім-тәрбие бердім.
Жұмыс барысында көп ауыр істерді қарадық. Соның ішінде бұрынғы «Тұран Алем» банкінің төрағасы Ержан Татишевтің өлімі елімізде үлкен шулы іс болғаны әлі есімде. Күдікті соның жолдасы Мұратхан Тоқмади еді. Аттары бүкіл елге белгілі азаматтар болған соң, сотқа әр жақтан қысым жоғары еді. Істі облыстық, кейіннен Жоғарғы сот қарады. Біз өз ісімізді дұрыс атқардық деп есептеймін, кейіннен сол Мұратхан Тоқмади Ержан Татишевті өлтіргенін мойындағанын барлығы біледі, — деген Есен Әбдірәсілұлы қызметте жүргендегі біраз оқиғаларды баяндап берді.
Аудандық соттың төрағасы болып тағайындалғанда Есен Егізбаев сотқа жаңа ғимарат табуға атсалыс-ты. 1996 жылы облыстағы басшы Амалбек Тшановтың қабылдауына барып, ғимарат мәселесін көтеріп, сотты бұрынғы «Райкомпартияның» ғимаратына көшірді.
Еңбек жолында Есен аға өзіне артылған міндеттерді мінсіз әрі абыроймен атқарғанын білеміз. Судьялық қызметке аяқ басқаннан бері әр іспен жете танысып, талай тағдырдың мәселесін шешіп, сот шешімін шығарды. Оның атына айтылған халықтың алғысы мен ризашылығы да мол. Бұл Есен Егізбаевтың қоғамда болсын, әріптестері арасында болсын абыройының асқақтай түсуіне ықпал етті. Оны архивтік жәдігер ретінде сақталып жатқан көптеген грамота мен медальдардан білдік. Есен Әбдірәсілұлына көңіліне жақыны сол кездегі Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің берген «Құрмет» грамотасы екен. Сонымен қатар, «Сот жүйесіне 30 жыл», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «Д.Қонаевқа 100 жыл» және «мен мұндалап» тұрған 2015 жылы берілген «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы бар. Есен Егізбаевта «ҚР Судьялар Одағының мүшесі», «ҚР Судьялар Одағы V съезінің делегаты» төсбелгілері де бар. Ол тағы да көптеген мерекелік медальдарының иегері. Мұның барлығы да әрдайым ақиқаттың ақ жолынан ауытқымай, әділдіктің туын төмен түсірмеген Есен Әбдірәсілұлының толассыз еңбек етуі мен өз ісіне аса зор жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде қол жеткізілді. Оның табиғатына тән байыптылық пен байсалдылық, пайым-парасаттың молдығы мен ақыл-ойдың кеңдігі, заңгерге тән берік ұстаным мен айқын көзқарас секілді көптеген адами, кәсіби қасиеттері кім-кімге де үлгі-өнеге. Есен Егізбаев 2013 жылдың 26 желтоқсанында 41 жылдың еңбек өтілімен «отставкаға» кетеді. Ал, «тілшілердің» «Судья болу оңай ма?» деген сұрағына Есен Әбдірәсілұлы:
«Адамда жақсы да бар, жаман да бар,
Жамандар жақсыларға жала жабар.
Біреуден көңіліне шуақ тапсаң,
Біреуден жан жүрегің жараланар», — деп қысқаша қайырды. Зейнетте болса да бұрынғы судья ауданның қоғамдық өміріне араласып жүр. Ол – Ардагерлер ұйымының мүшесі және аудандық соттың биі қызметін жалғастыруда. Сотқа шағымданған отбасыларды татуластырып, ақыл-кеңесін айтып, қоғамдағы ажырасу мәселесін азайтуға өз септігін тигізуде.
Қадау-қадау қызметтерді атқара жүріп, әрдайым елдің де, басшылықтың да сенімін абыроймен ақтаған, бүгінде 70 жасқа жеткен Есен Әбдірәсілұлының атына айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын дегіміз келеді.
Еркін ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ