Әділдік пен теңдіктің кепілі

0

Биыл Тәуелсіз Қазақстанның басты құжаты – Ата Заңымыздың қабылданғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай Аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтті.

Жиынның басында Мемлекеттік рәміздеріміздің бірі – көк байрақ сахна төріне көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов қатысып, барша қордайлықтарды мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Ата заңның ел дамуы мен тәуелсіздіктің баянды болуындағы рөліне тоқталып, Конституция әрбір қазақстандық үшін әділдік пен теңдіктің кепілі екенін атап өтті.

Мерекелік шара аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, қоғамдық өмірдің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатқа ие болды. Атап айтатын болсақ, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, спорт саласының ардагері, ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Мықтыбек Алтыбай, Қордай ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов, Қордай ауданы Қарасай ауылдық округінің әкімі Күлжахан Елемесова, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС Қордай аудандық электр жүйесінің басшысы Ерлан Жамбасбаев, Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары — техникалық және кәсіптік даярлау бөлімінің бастығы Дарын Кекілов Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен Қордай ауданы, Қаракемер ауылдық округінің әкімі Рашид Алыбаев, Бетқайнар ауылдық округінің әкімі Бақытжан Құттықов, Қақпатас ауылдық округінің әкімі Әсет Сапарбай, Ауқатты ауылдық округінің әкімі Алмас Иенберген марапатталды.

Сонымен қатар ауданға сіңірген айрықша еңбегі, ауданның әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Қордай ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен мемлекеттік қызмет саласының ардагері Серік Байбек, Сарыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Мұрат Ибраимов марапатталды. Бұдан бөлек бір топ азаматтар Қордай ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және алғыс хатына ие болып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Осы күні аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен де бірқатар еңбегімен еленген жандар марапатталды.

Марапаттау рәсімінен соң аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік сазды бағдарлама жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.