ӘДІЛДІКТІ АРДАҚТАЙ БІЛГЕН АЗАМАТ

0

Жаңа ғана қиқулата соңы жеткен құнан жарыс жеңімпаздары атойлап, атбегілері бөркін аспанға атқан шақтың шаңы басылмай жатып, аламан бәйгеге де кезек берілді. Қазанаты да ғажап аты осы бір бәйгеден олжалы болса деген атқұмар ағайынның өрекпіген жүрегі кеудесінен алып ұшып кетердей. Ағайынның аты емес, көршісінің тайының амандығын ойлайтын қазекем үшін бәйгенің жөні бір бөлек.

Ауыздықпен алысып, арқасында отырған баланы тулақтай көрмей тұрған апайтөс, қоян құлақты жануарлар белгі берілісімен жер дүниені күңіренте алға қарай атыла жөнелді. Ал, сонау жерде бәйгені бақылайтын биік орында саңқылдай шыққан ерекше дауыс иесі тек келесі айналымға шыққан жүйріктерді ғана сөз етпей, арасында аталы сөз бен имандылық, адамгершілік пен қанға біткен қазақи қасиеттер турасында төгілтіп отыр. Жиналған жұрттың екі көзі тұлпарларда, ал құлағы, ал құлағы болса жаңағы дауыста. Ал ол дауыс дыбыс күшейткіштің күшімен барлығын одан әрі баурап алғандай.

Жолыққанда жазбай танитын, есімін естісең елең ете қалатын жандар болады. Олар негізінен үнемі ел ортасынан табылып, қоғамда қопарымды ісімен, игілікті жолымен, топта суырылып шығатын сұңғылалы мінезімен таныс болады. Ал жігіт адамға тән жеті қырды бойына жинап, әрдайым елмен етене жүрген, имандылығымен, турашылдығымен, ең бастысы ағайынға деген ерекше көңілімен есімі баршаға мәлім Байтөле Бақыт Байқонысұлы желтоқсан айында жетпіс бес жастың биігіне құрық салыпты.

Жоғарыда бәйге тақырыбын бекерге қозғамадық. Әрдайым атынан ат үркетін аламан бәйгелер мен «жан алысып, жан беріскен» көкпарларда төрешілер қауымын тырп еткізбей, тек әділдік туын желбірету үшін жанын салып жүрген Бақыт Байқонысұлының ұзақ жылғы еңбегі елге мәлім. Тек ат спорты ғана емес, мемлекеттік қызметте де абыройлы болған Бақыт Байтөленің өмір жолы да нағыз аламанға бергісіз. Олай дейтініміз, әрдайым шаршы топта алға шығып, томағасы сыпырылған бүркіттей кейіпте талай игілікті істің жанында жүрген Бақыт ағаның ветеринария саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Алапат соғыс аяқталғанына бес жыл толып, халық енді кеудесін тіктей бастаған 1950 жылдың желтоқсан айы. Отар стансасында жүк вагондарын тіркеп алып айқайға басатын алып пойыздардың күрсілдей шығатын, темір жолмен сырғитын темір дөңгелектердің шақылдаған дауысымен жағаласа Байқоныстың отбасында шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. Өмірі нұрлы, мәнді де сәнді болсын деген ниетпен есімін Бақыт деп қояды.

Бала күнінен сол кездегі барша қазаққа тән малдың қыр-сырын біліп өскен, малсақ болған Бақыт Байқонысұлы мектепті ойдағыдай аяқтаған тұста мамандық таңдауда өзіне не қажет екенін жақсы түсінген еді. 1969 жылы Красногор совхоз-техникумын бітіріп, 1978 жылы Алматы зоотехникалық-ветеринариялық институтын үздік аяқтап, ветеринар дәрігері мамандығын алады. Үздік студент, қоғамдық шаралардың белсендісі болады. Оқи жүріп еңбек жолын да бастап кетеді.

1969 жылы ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ветеринар-фельдшер ретінде бастаса, 1970–1972 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери міндетін атқарып, одан кейін қайтадан өз мамандығы бойынша еңбегін жалғастырады. Сол кездегі жас маман арада жылдар өтіп, бір ауданның ветеринария қызметін жаңа деңгейге көтереді дегенге ол кезде ешкім сенбеген де шығар. Бірақ біртіндеп жинаған тәжірибесі мен өз жұмысына деген адалдығы басшылар тарапынан жақсы бағаланды.

1978 жылдан бастап Красногор аудандық ветеринариялық станциясында жұмыс істейді, ал 1980 жылы жас маманға деген зор сенімнің белгісі ретінде аудандық ветеринариялық зертхананың директоры қызметі ұсынылады. Білген адамға ветеринария дегеніміз – әлемді құтқаратын мамандық. Кеңестік гельминтология ғылымының негізін салған академик К. Скрябиннің «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деуі тегін емес. Өйткені малдан тарайтын, адамға өте қауіпті жүздеген аурулардың алдын алу мен емдеу осы ветеринария қызметіне жүктелген.

Кеңес заманында өз саласы бойынша мықты көрсеткіштерге ие болған, тек жақсы қызметкер ғана емес, жақсы ұйымдастырушылық қабілеті бар жандарды жоғары қызметке тағайындау дәстүрі болатын. 1985 жылы Бақыт Байқонысұлының Красногорск аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып шақырылуы да соның бір белгісі еді. 1986 жылы Киров атындағы колхоздың партия хатшысы қызметіне ауыстырылды. Бұл қызметті 1995 жылға дейін атқарып, тек ветеринария саласында ғана емес, жалпы шаруашылықты басқару ісінде де мол тәжірибе жинақтайды.

1995 жыл. Қазақстан тәуелсіздігін алып, жаңа дәуірге қадам басып, экономикалық тұрғыда жаңа қиындықтарға төтеп беруге тура келген тұс еді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы тұрымтай тұсымен кетіп жатқан болатын. Ауданның осы саласын басқару, дамыту туралы сөз болғанда, сол қызметке Бақыт Байтөленің ұсынылуы да кездейсоқтық емес. Шаруашылығы шатқаяқтап кеткен аудандық ветстансаның бетін бері қарату үшін күш пен қаржы қатар қажет еді.

Өзінің тамаша ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында үш айда ветстансаның күрделі жөндеуі аяқталып, көп ұзамай республикада бірінші болып ветеринария қауымдастығын құрады. Бұл бүкіл ел үшін аталмыш салаға жаңаша көзқарас, жаңа бағыт еді. Алпыс мықты маманның басын қосып, саланы тоқыраудан алып шығу бойынша жөн сілтеген де осы Бақыт Байқонысұлы еді.

Сол жылдары ауданда күл ауруы (оспа) өршіп тұрған. Әсіресе қой малы қынаша қырыла бастағанда, соған тосқауыл болу үшін барлық ветеринариялық талаптарды қатаң сақтай отырып, ақыры оның бетін қайтаруға мол еңбек сіңірген Бақыт Байқонысұлы екенін де айта кеткен жөн.

2003 жылы ветеринария коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын құрып, жалпы еліміз бойынша аталмыш салада оң өзгерістер бастау алды. Ал еліміз көлемінде 2009 жылы «Ветеринария туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, 2010 жылы аудан ветеринариясы жаңа, өзгеше жұмыс істеу бағытына бет алған болатын. Осы жұмыстардың жанында үнемі Бақыт Байтөле болып, осы саланың мықты өкілдері тек осы азаматпен ақылдаса отырып, алға қарай жұмыстарын жүрізгені жасырын емес. Білікті маманнан тәлім алған жүздеген ветеринарлар қазір өз жұмысының, саласының мақтаныштары.

Бақыт ағаның 1998–2004 жылдары Жамбыл облысы бойынша ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Қордай аумақтық басқармасының жетекшісі, 2004–2006 жылдары Қордай ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарғанын қазір біреу білсе, біреу білмес. Аудан бюджеті әлі де мардымсыз, жұмыссыздық пен өзге де тұрмыстық проблемалар жетіп артылатын сол жылдары аталмыш жұмыстарды абыроймен атқарып, 2009 жылы Қордай аудандық «Ветқызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры қызметіне тағайындалады.

Дәл осы кезеңде Қордай ауданының ветеринариялық қызметі жаңа деңгейге көтерілді. Ауданда тоғыз ветеринариялық пункт салынып, Қордай ауылында заманауи ветеринариялық орталық ашылды. Бұл нысандар бүгінде де табысты жұмыс істеп, сапалы ветеринариялық қызмет көрсетіп, жұқпалы аурулардың алдын алу мен мал өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.

Осы мекемелер базасында республикалық, облыстық және аймақаралық семинар-кеңестер тұрақты түрде өткізіліп, оларға халықаралық сарапшылар, ғалымдар мен сала басшылары қатысты. Сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімі арнайы ат басын бұрып, Қордайда Б. Байтөленің ұйымдастыруымен өткен ветеринариялық семинарға қатысуы да көп нәрсені аңғартса керек. Шетелдік қонақтардың да ара-тұра ветстансаға келіп, тәжірибе алмасуы бұл істің жайдан-жай еместігін айғақтайды.

Осы орайда Бақыт Байқонысұлының ауданның ат спортына, қоғамдық өміріне сіңірген еңбегін де атап өткен жөн. Сонау 1997 жылы Қордайда Қазақстан бойынша ең алғаш рет ат спорты федерациясын құрып, оның жұмысын жалпы елімізге танытқан жан. Ат спорты бойынша аймақтық семинарлар мен жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыру — білген, түсінген адамға үлкен еңбек, қайсарлық пен табандылықты қажет ететін іс.

Ауданда өткен ат спорты фестивальдерінің жалпы Қазақстанға үлгі ретінде көрсетілуінің өзі үлкен жұмыстың нәтижесі. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін ат спортын жандандырып, жаңа деңгейге көтерудің бастауында осы Бақыт Байқонысұлы тұрғанын қазір жұртшылық, әсіресе атбегілер мен атқұмар қауым ұмытпағаны абзал.

Осы орайда айта кетерлігі, Қордайдағы Ноғайбай би атшабарының сызбасы дайындалған тұста да Бақыт аға үлкен қолдау көрсетіп, бірқатар ұсыныстар айтқан, сол ұсыныстар негізінде жоба жасалып шыққан. Қазір небір ірі аламандарды қабылдай алатын орында бір кездері Ноғайбай бидің суреті сол жердегі төбенің жиегіне үлкен етіп салынған болатын. Сол суретті бидің бейнесі аяқ астында қалмасын деген оймен кейін Бақыт Байтөленің ұсынысымен өшірілгенін көпшілік біле бермейді.

Еліміздің барлық өңірлерінде ат спортынан жарыс өтсе, сол жарыстың тізгінін Бақыт ағаға сеніп тапсыруы да бекер емес. Сұңғыла төрелігі, тәртіп пен ат спортына деген жанашырлығы, дәстүр мен дінді ұстанудағы байыптылығы — небір үлкен бәйгелерді тып-тыныш, дау-дамайсыз өткізуінің басты кепілі. Ел болған соң, бәйге болған соң қызуқанды сәттер де болып жатады. Соның өзінде трибунада тұрып та, ат үстінде отырып та жағдайды басқара білетін мінезімен үлкен құрметке ие болған азамат. Қай жерде қамшы басу керек, қай жерде тізгін тартқан жөн екенін жақсы түсінетін, атбегі мен шабандоздың жанын ұғатын, абырой мен әділдікті ардақтай білетін тұлға.

Наурызбай батырдың 300 жылдығына орай өткен үлкен бәйгеде өзі баптаған жүйрігі мәреге бірінші болып жеткені — бұл саланың «жілігін шағып, майын ішкен» нағыз маман екенін дәлелдейді.

Бақыт Байқонысұлының аудан жамағатына жасаған жақсылығы да ұшан-теңіз. Екі рет Меккеге барып, қажылық парызын өтеп, Отар ауылында өз қаражатына мешіт салдырған, Гвардейск, Үлкен Сұлутөр, Ноғайбай ауылдарында мешіт салынуына ықпал еткенін нағыз мұсылманшылықтың белгісі деуге болады. Ал ағайындыққа келгенде «ішкен асын жерге қоятын» азаматтығы, мәрттігі тағы бар. Алғаш рет Қасқарау басын құрап, үлкен ас өткізуге атсалысып, соның бастауында тұрған да — Бақыт Байтөле.

Байқасақ, Кеңес заманынан бастап ауданның ауыл шаруашылығы, оның ішінде ветеринария саласына сіңірген еңбегі орасан. Сол еңбектің өтеуі болар, қазір ауданымыз аталмыш салада көшбасшылар қатарында. Көпжылдық адал еңбегі үшін алған марапаттары да бір төбе. 2014 жылы «Сала көшбасшысы» медалімен, 2015 жылы «Экономика мақтанышы» ведомстволық төсбелгісімен, сондай-ақ бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған.

Ол — Қордай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Жамбыл облысының және ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері, ҚР Еңбек сіңірген ардагері. Сонымен қатар «Еңбек даңқы», «І дәрежелі Еңбек даңқы» және басқа да көптеген төсбелгілердің иегері.

Түсінген жанға бұл марапаттардың артында тынымсыз еңбек, мақсаткерлік, адалдық пен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік жатқанын аңғару қиын емес. Әр марапат маңдай термен, қажырлы еңбектің өтеуі ретінде берілген. Бұл да көп нәрседен хабар береді.

Бүгінде жетпіс бес жастың ауылына ат суытып, нағыз қариялық жасқа қадам басқан Бақыт Байқонысұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз.

Мерейтой құтты болсын!

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.