«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ» ҚҰРУ ЖОЛЫНДА

0

Аудандық Мәдениет үйінде «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы,
аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен партия активінің отырысы өтті.
Ауқымды жиынға партия ардагерлері, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Саяси кеңесі Бюросының және Саяси кеңесінің мүшелері, партияның аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, бастауыш партия ұйымының төрағалары, белсенді партия мүшелері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде Парламент палаталарының бірлескен отырысындағы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ.БІРТҰТАС ҰЛТ.БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауын талқылау туралы мәселесі қаралып, жан-жақты талқыланды. Күн тәртібіндегі бірнші сұрақ бойынша партия аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі М.Мұсаев баяндама жасады.
«Баршаңызға белгілі күні кеше Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдау — еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға, экономикамыздың өсуіне, барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталып келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын, елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын, халықтың әл-ауқатын арттыру шараларын айқындап берді.
Аталған әр бағыт бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына нақты міндеттер бекітілді. Әсіресе, атқарылатын жұмыстардың басым бөлігі «Аmanat» партиясының мүшелері мен депутаттарына жүктелері сөзсіз. Сондықтан да алда атқарар жұмыстарымызды жоспарлау үшін бүгін өздеріңізбен бас қосып отырмыз», — деген Мәден Тоқтарбайұлы Президент атап өткен әр бағдарға тоқталып, биылғы Жолдаудың ерекшелігі сол, Президентіміз алдыңғы Жолдауларында айтқан елді дамытуға бағытталған негізгі міндеттерді жаңғыртуы екенін ерекше атап өтті.
-Биылғы Жолдауда айтылған азаматтардың тұрмысын жақсарту, оларға жағдай жасау, тұрғындардың денсаулығы үшін бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу, жұмыссыздықты жою, мұның бәрі бізге үлкен міндеттер жүктейді. Сондықтан осы отырған барлығыңызды Президент Жолдауын халыққа, аудан тұрғындарына түсіндіруде, насихаттауда жұмылып жұмыс жасауға шақырамын, — деп түйіндеді аудан басшысы.
Содан кейін жарыссөзге аудандық мәслихат хатшысы Нұрдин Садықов, партия аудандық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі, аудандық қоғамдық кеңестің төрайымы Баян Қарамолдаева, «AMANAT» партиясы Қордай аудандық мәслихатындағы фракция мүшелері, аудандық мәслихаттың депутаттары Қарлығаш Қыпшақбаева, Айша Идыбо және «Жастар Рухы» жастар қанатының басшысы Мадияр Қарабаев қатысты.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына бұл Жолдауы жалпыұлттық референдум барысында бекітілген реформалардың жүйелі көрінісі болды, — деп бастады сөзін аудандық мәслихат хатшысы Н.Садықов жарыссөз барысында. -Оның негізгі бөлігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды. Осы құжатта ұсынылған көп нәрсе қоғамның күнделікті мүдделеріне сәйкес келеді.
Жолдауда «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын», — деді. Мемлекет басшысы ұсынған маңызды бастамалардың ішінде жастарды жан – жақты қолдауды атап өтуі — біздің басымдықтарымыздың бірі. Осылайша, жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін жылдық 2,5% — бен жеңілдетілген шағын несие берудің жеке тетігі іске қосылатын болды. Біз мемлекет пен қоғамның ортақ міндеттерді шешуге дайындығын көріп отырмыз, сондықтан қазір өте маңыздысы реформалардың орынды аяқталуына дейін жеткізілуі. Азаматтық қоғам институттарын тағы бір маңызды кезең күтіп тұрғандықтан, біздің белсенділігімізге де көп нәрсе байланысты деп ойлаймын, деді Нұрдин Есенгелдіұлы.
Филиал төрағасы Мәден Мұсаев отырысты қорытындылай келе, барлық партия мүшелерін ел бірлігін нығайтып, «Әділетті Қазақстанды» құру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.