Қасық ауылдық округіне қарасты Әлжан ауылдық мәдениет үйінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқықтық диалог акциясы өтті. Бұл іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудан прокуроры Қайыржан Қуатбеков, салалық мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысып, қоғамдағы құқықтық мәселелерді талқылады.
Шараның басты мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру және уақтылы заң көмегін көрсету. Бұдан бөлек, аудан тұрғындары жүгінетін өзекті мәселелерді жедел қарауға арналған алаң болып табылады. Заңгерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпарат берді.
Мұндай іс-шаралар қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға үлкен ықпал етеді. Азаматтардың мемлекеттік органдар мен құқықтық тәртіп институттарына деген сенімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған қабылдау, сонымен қатар билік пен халық арасындағы тиімді диалогты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Шара барысында тұрғындар құқықтық мәселелер бойынша кеңес алып, өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, жауаптар алды. Аудан прокуроры Қайыржан Еркінбекұлы, азаматтарға заң талаптарын түсіндірумен қатар, заңдылықты сақтау мен құқық тәртібін қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Бұл қабылдау шарасы азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға, құқық қорғау органдарына сенімін күшейтуге, сондай-ақ аудан тұрғындарының мемлекеттік органдармен тиімді қарым-қатынас орнатуына септігін тигізеді. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы, мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өткізілетінін еске салып, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға үлес қосатынына сендірді.
Азаматтарды қабылдау – құқықтық қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл бағытта әрбір тұрғынның құқықтық сауаттылығы маңызды рөл атқарады, сондықтан заңгерлер мен мемлекеттік органдардың тұрғындармен тікелей қарым-қатынасы аса қажет.