ӘЙЕЛ-АНАЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0

8 наурыз – көркем көктеммен қатар келіп, арулар мен асыл аналардың құшағын гүлге толтыратын шуақты мерекелердің бірі. Бұл күні әлемді әрлеген әдемі жаратылыс иелеріне ерекше ілтипат көрсету – өзгермес дәстүрге айналған. Биыл да айтулы мереке ауданымызда сән-салтанатымен өтуде.
Мәселен, сейсенбі күні аудан әкімінің орынбасары Елдос Нұралиев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай өңір дамуына сүбелі үлес қосып, түрлі салада еселі еңбек етіп жүрген белсенді әйелдер қауымымен кездесті. Олардың қатарында Халықаралық және республикалық би байқауларының бірнеше дүркін лау-реаты Б.Тургумбаева, мемлекеттік қызмет саласының зейнеткері Б.Ұлтанбаева, егін шаруашылығының ардагері, «Алтын алқа» иегері С.Рабатова, Қақпатас ауылдық әйелдер кеңесінің мүшесі С.Алетова, 40 жыл қатардағы шопан болып зейнетке шыққан еңбек ардагері, «Алтын алқа» иегері О.Наширалиева, Халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының орынбасары Д.Ботанбаева, «Қазпошта» АҚ Жамбыл облыстық филиалы Қордай аудандық пошта байланыс торабының қызметкері Д.Кокумбаева, аудандық орталық аурухананың санитаркасы Л.Лебедина, Қордай аудандық полиция бөлімінің кадр саясаты тобының аға инспекторы А.Оспанбекова, №16 М.Лермонтов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Мафлиновалар болды.
Жарқын жүздесуде Елдос Бекболатұлы ақ жаулықты аналар мен ақжүрек аруларға жылы лебізін арнады: «Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты — әр салада үздік еңбек етіп жүрген сіздермен жүздесіп, өнегелі еңбек жолыңызды аудан тұрғындарына үлгі ету болып табылады. Қадірменді аналар, арулар! Сіздерді тағы да келе жатқан мерекелеріңізбен құттықтаймын! Отбасыларыңызға бақ-береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Сіздердей аналардың аялы алақаны мен жүрек жылуы айналамызға тек қуаныш сыйласын деп тілеймін», — деген ол аудан әкімі Бегзат Болатбековтың да ыстық сәлемін жолдап, аудан басшысы атынан қабылдауға қатысқан нәзік жандыларды марапаттап, гүл шоқтары мен сый-сияпаттарын табыстады.
Жиынға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева ізгі тілектерін айтып, мерекемен құттықтады. Осылайша шаттығы мол шараның куәсі болған әйелдер қауымы жүздері бал-бұл жайнап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Осы күні аудандық мәдениет үйінде «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» атты салтанатты жиын, мерекелік бағдарлама өтіп, марапаттаулар жалғасын тапты. Бірқатар алтын құрсақты аналарға «Алтын алқалар» табысталды.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.